Исламды жаю жолында Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бен сахабалар-дың танытқан қажыр-қайраты жөнінде айтып берсеңіз?

Әлбетте, бұл өз алдына дербес тақырып. Дегенмен, бұрын-соңды жазған еңбектерімде бұл мәселені жүйелеп беруге, соның ішінде сахабалардың айрықша орны туралы кеңірек түсіндіруге тырысқан болатынмын. Негізінде мен сахабалар жайлы бірер мысал айта кету кез келген тақырыптың өзегін өміршең етеді деп санайтындардың санатындағы жанмын. Сахабалар мен үшін қай жағынан алғанда да шынайы үлгі болған-дықтан, кез келген мәселеде ең алдымен солардың тәрбиесін басшылыққа аламын. Саналы ғұмырымда әркез нұрлы жол сілтейтін бағдаршамдай қадір тұттым. Олардың салып кеткен сара жолымен жүру арқылы ғана ең Абзал жанның (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қақпасына баруға болатынына сендім. Әрі шамам жеткенше осы ұстанымды ғұмырымның асыл мұратына айналдырдым. Егер мұсылмандардың дәрежелерін белгілеу қажеттігі туар болса, оны сахабаларға деген сүйіспеншіліктері мен жақындықтарына қарай белгілеуге болатындығын әрдайым дос-жақындарыма айтудан танбадым. Мүмкін оқырмандар бұл тақырыпта тереңірек ізденіп, ілімдерін шыңдай түскен болар. Осыны ескере отырып, бұл сауалға ең болмағанда Аллаһтың разылығын алу мақсатында жауап беруге тырысып көрейін.

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бен абзал сахабалар иман еткен сәттен бастап, хақ дінді уағыздап, сол арқылы халықты шынайы бақытқа кенелтуді өмірлерінің асыл мұратына айналдырған болатын. Дін жолында қажыр‑қайрат көрсетілмесе, өмір сүрудің ешбір мәнісі болмайды. Біз Аллаһ тағаланың жер бетіндегі уәкілі (халифа)[1]ретінде  барлық жайттардың шешіміне діни ұстаным тұрғысынан араласуға міндеттіміз. Егер төменге қарай ағып жатқан қандай да бір өзенді дініміз жоғары қарай ағызуға бұйырса, біз осыны іске асырғанға дейін бүкіл қажыр-қайратымызды жұмсаймыз. Міне, осы жауапкершілікті сезінген жағдайда ғана біздің өмір сүруіміздің мән‑мағынасы ашылады. Әйтпесе өміріміз мәнсіз бос әурешілік болар еді.

Мұны Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) терең ұғынған болатын. Құран Кәрімде бір жағынан оған ескерту ретінде, бір жағынан оның ұлық болмысын бізге үлгі ете отырып: «...(Басқалардың иманға бет бұруын ойлап, (күйзеліп) таусыла жаздайсың»[2], «...Өзіңді сәл болмағанда өлтіре жаздайсың»[3], – деген аяттар бар. Яғни, сәл болмаса өз өміріңді қиюға барсың, өзіңді өлтіре жаздайсың, таңертең оянсаң құдайсыздарды көресің, ұйықтасаң түсіңе кіреді. Не істеріңді білмей дал болып, қабырғаң қайыса қиналып, өз-өзіңді ұмытып, тіпті жазым қыла жаздайсың. Илаһи хабарға көңіл аударып, иман келтірмегендіктері сенің жаныңа аяздай батып, күйзеліп, қайғыдан көкірегің қарс айырылып, жанып түгесілуге айналған шырақтай түгесіле жаздайсың. Осы аяттарда: «ісіңді тағдырға тапсыр, Хақ тағаланың қалауына мойынсұн, өз‑өзіңді мұнша қинама» деген ескертумен қатар: «Ей, Пайғамбар! Сенің ұлы рухың бар. Осы рухың болашақта үлкен қайнар бұлаққа айналып, күллі адамзат осы жерден мейірін қандыратын болады. Ендеше, өз жаныңды кеміріп, қатты қинай берме. Сен қажетсің. Ендеше, өз міндетіңді орындап, Аллаһ тағаланың ісіне араласпа!» деген даналыққа толы астарлы мән жатыр. Аталған аяттардың астарында беймәлім, мұнан өзге тек бір Аллаһқа ғана аян қаншама тылсым сырлардың жатқанын кім білсін...

Иә, бұл аяттардан Аллаһ елшісінің бүкіл дерті – адамдарға ақиқаттарды жеткізу екендігі айқын аңғарылады. Осыған келгенде бейне бір нөсер жауынға жүкті нар бұлттардай жаны сыздайтын. Хақ тағаланың шарапатына бөленген ардақты пайғамбарға «мас» сөзін қолдану дұрыс болмас. Бірақ, басқа бір адамның осындай халін сипаттар болсам, «өз дертіне мас болған жан» деген болар ем. Өзіне міндеттелген жауапкершілік дертінен басқа ол абзал жанның басына басқа ешқандай ой қонақтамағаны белгілі. Сондықтан да болар, дінсіздердің өзіне көрсеткен жәбір-жапасын елемеуге тырысатын. Көбіне болған жайтты жанындағы айнымас достарынан сұрап, олардың аяушылық білдіріп жылағанын көрген кезде ғана серіктерін жұбату үшін әлгі мәселеге көңіл аударғансып, артынша өз жолын әрі қарай жалғастыратын.

 Періштелердің өзі тура қарауға бата алмайтын нұр тамған жүзіне дұшпандары не лақтырмады дейсіз?! Миғражда «аршты» аралаған мүбәрәк басына түйенің ішек‑қарыны төгіліп, жүретін жолына тікен тасталып, қала берді тас лақтырып, сол бір мүбәрак аяқтарын қан-жоса (сірә, елдің оған тас атқанын көргенде көктегі періштелердің өзі қатты қайғырып, көк аспанды күңіренткен болар) ететін. Бірақ, ол осының бәріне бәлендей мән бермейтін. Тек бірде Омардың жылағанын естіп: «Неге жылайсың, Омар?...», Әбу Һурайраның жылағанын көріп «Уа, Әбу Һурайра, неліктен сонша егілдің?», – дейтін. Сүйікті қызы Фатиманың қарақаттай көзінен інжудей жас тамшылағанда да: «Қызым‑ау, неге жылайсың?», – деп сұрап, өзіне жасалған қастыққа қабырға қайысатынын білгенде, еш қамықпастан: «Жыламаңдар, Аллаһ тағала әлі-ақ бұл діннің мерейін үстем етеді», «Жылама! Аллаһ сенің әкеңді қор қылмайды», – деп жұбататын.

Иә, Аллаһ тағала оның мерейін үстем қылды. Дәлелі сол, ол әрбір жанның жүрегінде жәннат гүліндей күні бүгінге дейін жайқалып тұрды, мұнан соң да жайқала беретіні сөзсіз! Абзал достары да дәл осылай болатын. Бұл жер бетіндегі барша адамзат мойындап, өздеріне үлгі еткен қоғам емес пе?! Сахабалар қоғамы! Ал біз, солардың айнымас ізбасарларымыз. Аллаһ тағала бізді осындай ой‑ниетпен қайта тірілтер деп үміттенеміз...

Өзімді ең күнәһар мұсылманмын деп есептей тұра  сахабалардың рухани болмысы менің ішкі дүниемді, баурағаны сонша, олардың бірін түсімде көрсем, сол күні қуанышым қойныма сыймай, төбем көкке жеткендей болам. Мұны өзіме үлкен бақыт санағандықтан, қайта қайталанбай қалар деген қорқынышпен ешкімге тіс жармаймын. Дегенмен кей кездері түсімді достарыма еріксіз айтатын кездерім де болады. «Бүгін де сол бір кезеңнің жарық жұлдызындай игі кісілердің бірі лайықты болмасам да түсіме кірді», – деп, мұны білдіріп жатамын. Міне, олар біз үшін осындай құрметті жандар...

Олар имамдардың имамы саналатын пайғам-барымыздан тараған ақиқат нұрды толықтай жүрек-теріне сіңірді. Сіңіріп қана қоймай, Хақ тағаланың мархабатымен оны адамзатқа жеткізді.

Адамзаттың бақыты мен игілігі үшін күресе жүріп, өз міндеттерін толық орындады. Сол кезеңде жасалған ұлы істеріне, жетістіктеріне қарап, бүгінгі таңда да дәл солардың ісін қайталауға болатынына көз жеткізіп
отырмыз. Өйткені, тарих бір-біріне ұқсас оқиғалардың қайталануынан тұрады. Сол дәуірдің жұлдызы жарқырап, қайта тумасына ешкім күмәнданбауы тиіс. Меніңше, хақ жолындағылар сол межеге қарай нық қадам басып, жақындап келеді...

Қорыта айтқанда, ардақты пайғамбарымыз бен айнымас абзал достары мұндай жоғары деңгейдегі асыл қасиеттерге өздерінің риясыздығы, адамзатқа көрсеткен қамқорлығы, қара бастың қамын күйттемеуінің, бүкіл тұрмыстық және былайғы рахаттардан бас тартуы, яғни басқалардың бақыты үшін күресуінің арқасында қол жеткізді.

Егер біз алдымызға осындай мақсат қойғымыз келсе, сол абзал жандардың ұлы қасиеттерін санамызға сіңіріп, бойтұмардай көруіміз керек.


[1] Қараңыз: «Бақара» сүресі, 30
[2] «Кәһф» сүресі, 6
[3] «Шұғара» сүресі, 3

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.