РУХ – МИ МЕН ТӘННІҢ ӘМІРШІСІ

Адам ағзасында әрбірі өз алдына мемлекет тәрізді өте күрделі жүйемен қызмет атқаратын 60 триллионға жуық жасушаның барлығына билігін жүргізіп, бір орталықтан басқаратын бір басшы бар: ол – рух.

1. Тәнді басқаратын немесе тәнге құлдық ұратын рух туралы
Жан кірген барлық денеде тіршілік белгісі пайда болады. Жан денеден шыққан сәтте орталықтан басқарылған басқару жүйесі жұмысын тоқтатады. Сөйтіп, ағза бұзылады да, жасушалар ыдырап, барлық жүйенің астаң-кестеңі шығып, дереу иістене бастайды. Демек, ағзадағы тіршіліктің көзі – рух. Яғни, ми, дене мүшелері, сезім мүшелері және бүкіл ағзаның қимыл-қозғалысы осы рухтың қызметіне тікелей байланысты. Рух мидың жекелеген бөлімдері мен олардың қызметін, жалпы дене мүшелеріне тіршілік нәрін береді. Ақыл жүрек сана-сезімді қозғалысқа келтіреді. Өйткені ол бейне бір өзімен сым арқылы байланысқан барлық мүшелерге, тіпті ең шалғай бөлімдерге де жарық беретін қуат көзі тәрізді. Егер электр сымдарының бірінде ақау шықса,  сол сыммен байланысқан ағза өз жұмысын тоқтатады. Мәселен, жүйке тамырларының бірі рухпен байланысын үзсе, дене сал болып қалады. Рухпен байланысқан сымдар мен кабельдерде екі сымның жанасуынан шығатын кішігірім жалындар (токтың тұйықталуы) да болуы мүмкін. Мысалы, жындар мен басқа себептерден туындайтын жындану, естен тану сияқты.

Жаратушыдан келген бәле-жала, ауру-сырқаулардың алдында тәнді басқаратын рух «қол-аяғы» байланғандай, дәрменсіз күй кешеді. Міне, ол өзіне өмір сыйлаған ұлы Жаратушысына арқа сүйемесе, бейшара жағдайға ұшырайды.

2. Мидың қызметі жүйке жасушаларындағы реакциялар арқылы жүзеге асады
Мидың функциясы – жүйке жасушаларындағы биохимиялық реакциялар болып табылады. Ол жайында бар білетініміз – олардың электрохимиялық қасиетінің болуы. Мәселен, адам шешім қабылдағанда ол электр ағымымен бұлшық еттерге жеткізіледі, яғни мида dopa, dopamin ACTH сигналдары секілді, т.б. реакцияға түсіп, бөліну немесе бірігулер жүзеге асады. Молекулалар ағымы, сондай-ақ электрондар саны реттеледі. Нәтижесінде ағзаларға электр ағымы өтіп, қимыл пайда болады.

Тірі ағзаларда әрбір алты ай сайын бүкіл жасушалар толығымен жаңарады. Әрбір секунд сайын он мың қызыл түйіршік (эритроцит) өліп, олардың орнына жаңалары пайда болады. Бір жасушада секунд сайын он екі синтез, ал бір сағатта шамамен қырық бес мың күрделі бірігу жүзеге асады. Яғни, осы тұрғыдан алғанда, біз әуелгі қалпымызды ешқашан сақтап қала алмаймыз. Ескірген киімдерімізді ауыстырғанымыз сияқты, ағзамызды, денемізді үздіксіз түлетіп тұрамыз.

Мидағы белгілі бір заттар реакцияға түскен сәтте қабылданған бұйрық ағзалардағы электр ағымымен бұлшық еттерге жеткізіледі. Ал үздіксіз өзгеріп отыратын осы бұлшық еттер бұйрықтарды орындайды. Егер де қимыл-қозғалысты дене мүшелері орындайды десек, онда қазіргі қолданыстағы құқық жүйесінің мән-мағынасы қалмас еді. Бұл жағдайда қазіргі құқық жүйесі күшін жойып, орнына мүлдем басқаша құқық жүйесі орнатылар еді. Осы жағдайды ойша елестетіп көрейік. Сот залында жүріп жатқан сот ісіне бірге көз салайық:
Сот төрағасы қылмыскерден:
– Бұл қылмысты қашан істедің? – деп сұрайды. Қылмыскер:
– Бір жыл бұрын, – деп жауап береді.
Мұндай жағдайда үкім белгілі. Қылмыскер босатылуы керек. Сөйтіп, соттың төрағасы өзінің үкімін оқиды:
– Қылмыстың жасалғанына бір жыл өткен. Қазір сол кезде мылтықтың шүріппесін басқан саусақтың барлық жасушалары, тіпті қылмыскердің бүкіл ағзасының жасушалары толығымен ауысқандықтан, қылмысты жасаған бастапқы қылмыскерден ешбір белгі қалмаған. Сол үшін қылмыскердің босатылуына бірауыздан үкім шығарылады!

Әрине, әлемдегі бүкіл құқық жүйесінде мұндай қылмыстық кодекс болмағандықтан, берілген үкімнің қандай баптарға негізделгенін де айта алмаймыз.

Немесе келесі бір сот залына өтіп, өзінің жазықсыз екенін дәлелдеуге тырысқан адамның сөздерін тыңдалық:
«Қадірлі сот мүшелері, әрине, бір қылмыстың жасалғаны рас. Алайда бұл қылмысты мен де, тіпті ешкім де істеген жоқ. Өйткені, маған қылмысты жасатқан шынтуайтында – миымдағы бірқатар реакцияларды жүзеге асырған молекулалар мен түйіршектер. Әрі бұл қылмыстың жасалғанына толық сегіз ай өткенін ескеріңіздер. Бұл уақыт аралығында клеткалар түгелдей ауысқаны өздеріңізге мәлім. Демек, сегіз ай бұрынғы менен ешқандай белгі қалмады. Сондықтан басқа клеткалардың жасаған қылмысын қазіргі клеткаларым мойнымен көтермейді деп ойлаймын. «Ешкім өзгенің қылмысы үшін жауапты емес»[1] деген қағида бойынша, толығымен кінәсізбін. Сол себепті мені жауапкершіліктен босатуларыңызды өтінемін».

Осы жерде жауапқа тартылатын рух екендігіне қатысты қағиданы басшылыққа алсақ, онда әлгіндегі өз-өзін қорғау тәсілі әбден орынды болар еді. Яғни, қылмыс істеген клеткалардың ешқайсысы қалмаған, ал жаңадан келген бейкүнә клеткалар ештеңеден хабары жоқ. Демек, олардың жазығы да жоқ. Мейлі, қателікпен, оны түрмеге қамады делік. Онда жазасы алты айдан аспау керек. Өйткені, алты айдан кейін клеткалардың бәрі өліп, орнына жаңалары келеді.

Мінеки, адамды тек қана тәннен тұратын болмыс ретінде қарастырсақ, мәселенің шынайы келбеті осы болар еді. Алайда, тәнімен бірге адамның рухы да бар. Адамның бүкіл қимыл қозғалысымен тудыратын ағзалар мен сезім мүшелерін осы рух басқарады. Дене тек қана рухтың бір құралы, сондықтан жаза рухқа беріледі.

Егер адам тұтастай материядан ғана тұрады, сана-сезім, ой сияқты бүкіл рухани әрекеттерді ми реттейді деп санасақ, онда зейнеткерлікке шығу құқыңыздан айырыласыз. Оның үстіне алты ай немесе бір жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыға алмайсыз. 25 жыл жұмыс істеген адам 25 немесе 50 дене ауыстырса, онда зейнетақыны 50 есе көп беруге ешкім келіспейтін шығар. Мейлі, зейнетке шықтыңыз делік. Онда бір жыл өткеннен кейін зейнетақы ала алмаймыз. Өйткені тер төгіп, зейнеткерлікке шығарған клеткаларыңыз түгелдей бір жылдан кейін жаңарады.

Ендеше, пәтуасы жоқ таласты қойып, бір ымыраға келіп, дене қанша өзгерсе де, өзгермейтін рухқа сол тозған денелері үшін зейнетақы беріледі деп түйіндеген жөн болар.

3. Егер адам тек тәннен тұрса, онда оған жыл сайын басқа ата-ана керек болар еді
Егер адамды үздіксіз өзгеріп тұратын клеткалардан тұрады деп есептесек, онда бір жылдан кейін ата-анамыз да өзгеріп, мүлдем басқа адамдар болып шыға келер еді. Анамыз бізді босанған соң алты ай өтісімен, біздің анамыз болудан қалмай ма? Алайда біздің бір ғана анамыз бар. Дене клеткалары алты ай сайын ауысса да, ол өзгермейтін мәңгілік рухымен әрдайым біз «жұмақ – аналардың аяғының астында»[2] деп қадірлейтін қайталанбас сүйікті анамыз болып қала береді.

Сол себепті туыстық қатынастар өткінші дене немесе жасуша арқылы емес, өзгермейтін рух арқылы жүзеге асады.

4. Адамды тек тәннен тұратын болмыс деп есептесек, онда оның мінез-құлқы мен қабілеттері сол өзгермелі клеткаларымен бірге өзгеретін еді
Біздің ағзамыздағы клеткалар сәт сайын өзгеріп жатыр, бірақ мінез-құлық, қабілетіміз, ұстаным, ой-пікір, сана-сезім, сондай-ақ абырой-беделіміз өзгеріссіз қалуда. Егер бұлардың барлығы тәнге тәуелді болғанда, онда тән өзгеріске ұшыраған кезде, олар да үздіксіз өзгеріп жатқан клеткаларымызбен бірге өзгеруі керек емес пе?

Кейде көп жылдан кейін жолыққан жолдасымызға: «Мүлдем өзгермепсің», – деп жатамыз. Алайда, оның тәні алты ай сайын толығымен жаңалануда. Сонда оның қай жері өзгермеген? Бәлкім, мінез-құлқы өзгермеген болар. Өзгерсе де, бірте-бірте не жақсы жағына, не жаман жағына қарай бейімделген болар. Жалпы алғанда, әбден қалыптасқан жайлы-жайсыз мінез-құлықтың өзгеруі өте қиын. Ауру қалса да, әдет қалмайды емес пе? Егер адам тәннен ғана тұрғанда, онда жыл сайын бір мәрте мінез-құлқы ауысар еді. Солай емес пе? Жылдар бойы жалғасып келе жатқан әдет-дағдыларымыз бен бойымызға сіңірген қабілеттеріміз клеткаларымызбен бірге неге ауыспайды? Қабілетімізді жетілдіру үшін неліктен көп жыл тер төгеміз? Көп еңбектің нәтижесінде қол жеткізілген ұсталық, тігіншілік пен суретшілік т.б. өнерлер неліктен ұмытылмайды?..

Адамның жеке басына қатысты ой-пікірлері жасушаларының өзгерісіне тәуелді болмастан, уақыт өте келе, өзгеруі немесе жетілуі мүмкін. Алайда, уахи мен сүннетке негізделген ой-пікірлер ешқашан өзгермейді. Осы секілді әр адамның табиғатына сіңіп кеткен ұстанымдары да оңайлықпен өзгермейді. Сонда ұстанымдарды анықтап, ойды реттеп тұрған қандай күш?

Оқу-біліммен жинақталған мәліметтер уақыт өте келе ұмытылса да, жыл сайын маусымға қарай өзгермейді. Елге танымал дәрігер немесе профессор болған адамға: «Клеткаларың өзгеріп кетті. Баяғы ілімің мен атағыңнан жұрдай болдың. Енді орныңды босат», – деп айта аласыз ба?

Әлде, үйренгенімізді, қалыптасқан мінезімізді жаңа жасушаларымызға ескілері үйретуде ме? Ескірген жасушалар өлетін кезде «Менің өсиеттерім», – деп химиялық формулаларды, ғарыштың тылсым күштерін, медицинаның ақылға сыймас ғажайыптарын, фықыһтың мыңдаған үкімдерін жаңадан дүниеге келген жасушаларға үйретіп кетіп жатыр ғой дейсіз бе?

5. Клетка мен ми қызметтері бір-біріне ұқсас бола тұра адамдардың ақыл-ой, сана-сезім, ниет, көзқарас жағынан әр түрлі болып келуі бұлардың клеткаларға бай-ланысты емес екеніне бірден-бір дәлел
Барлық адамның жасуша және ми қызметі бір-біріне ұқсас. Алайда, әр адамның ақыл, ниет, сезім сияқты қасиеттері әр түрлі. Сонда адамдар арасындағы ой-пікірдің ала-құлалығын, білімі мен біліктілігіндегі үлкен айырмашылықтарды мидағы молекулалар мен үздіксіз өзгеріс үстіндегі клеткалардан көруге бола ма?

Жұмыс істеу дағдысы бірдей, аппараттары бір, шикізаты ортақ зауыттан бірдей заттар өндіріледі. Мата шығаратын фабрика цемент өндірмейді; химия зертханасында нан пісірілмейді. Ендеше, ми зауытынан да әр түрлі нәтижелер шықпауы керек. Дегенмен, адамдар мен олардың арасындағы айырмашылықтар бәрімізге белгілі. Демек, әр адамды ерекшелендіріп тұрған олардың рухы екеніне көзіміз жетеді. Ми мен оның қызметі бір, оларды басқарушылар ғана әр түрлі. Жалпыға тән заңдылық бойынша, барлық адамның клеткалары өзгеріп яки жаңаланып отыратындығына қарамастан, әркімнің көзқарасы мен қабілеті түрліше болып келуі жасушаға емес, тек рухқа ғана негізделгендіктен, әр адамның басқалардан ерекше болатын себебі де сол.

6. Адамның сана-сезімімен ақиқатты іздеуі, субъективті және объективті пайымдарымен кемелденуі, Аллаһ тағаланың ұлық есімдерін ұғынуға талпынуы, таным-түйсігімен иманын жетілдіруі – бұлардың барлығы молекула не материямен түсіндіруге келмейтін күрделі ұғымдар
Әр заттың астарына үңіліп, құбылыстардағы таңғажайып кереметтерді адамның айтқызбай-ақ сезіп-білуі; сол арқылы жаңаша ой қорытуы; кейде бір-ақ ауыз сөзден ерекше шабыттанып ақиқатқа көз жеткізуі; объективті көзқараспен жаңа талдаулар жасап субъективті тұрғыдан өзінің ішкі жан дүниесіне терең бойлап, қабілеттерін ұштай түсуі; тек жазып-оқығанның ғана емес, сонымен бірге көрген, сезе білген адамның Аллаһ тағаланың ұлық есімдері мен сипаттарын ұлықтауы; бір әлемнен сытылып шығып, мыңдаған әлемде серуендеуі және сол саяхатының нәтижесінде қол жеткізген таным-түйсігімен иманын жандандыруы, міне, осылардың бәрін молекуламен түсіндіру мүмкін бе?

Күн сайын алуан түрлі дыбыс естиміз, дәм татамыз, түрлі кереметтерді көреміз. Әрі ащы-тұщы, жақсы-жаман күйге бөленеміз. Сондай-ақ, сүю, ұнату, жақсы көру, тіксіну, қорқу, үрейлену, шабыттану, өкіну, қобалжу, толқу сияқты ішкі сезімдерімізді, қалайша әлгі жаны жоқ молекулалардың еншісіне тели саламыз?

Кейде адамның жаны тар қапасқа қамалғандай өз-өзінен қысылады. Тынысы тарылып, жер-көкке сыймай, өмірден безіп кеткісі келеді. Ештеңені жақтырмайды, ешкімнің сөзін көтермейді.

Ал кейде, керісінше, ерекше жан тебірентерлік сезімге кенеледі. Төрт қабырғаның ішінде бола тұра, өзін жұмақтың төрінде жүргендей сезінеді. Тіпті бала-шағасын, туған-туыстарын – барлығын тарс ұмытады. Мына пәни әлемге қолды бір-ақ сілтеп, жұлдыздар мен галактикаларды баспалдақ жасап, лезде көкті шарлап кететін уақыттары болады. Енді бірде әлдекімнің бір ауыз сөзіне көңілі қалып немесе әлдекімнің қылығына күйіп піседі. Адам өте құбылмалы. Ол қуанады, күледі, жылайды, мұңаяды, қайғырады, кейде қуаныштан, жер-көкке сыймайды. Жалғыз қалып, көңілсіз күй кешеді. Достарының ақыл-кеңестеріне құлақ қойып, көпшілікпен араласып, қайғы-мұңнан арылады, жаны жадырап қоя біреуі де тез. Бұларды немен түсіндіруге болады? Молекуламен бе?

7. Шаршайтын кім? Жан (рух) ба, әлде тән бе?
Өзіне тән міндеттерден, атап айтқанда, өзге өлшемдерге саяхаттаудан, серуендеуден, рухани әлемдерді аралауы, жүрек ісін арқалап Ұлы Жаратушысының алдында сан түрге еніп құбылудан рух та шаршайды. Бірақ ол «шәһәдат» әлеміне қайта оралып, рұқсат етілген жолдармен тыныға алады. Бұл – мәселенің бір жағы. Дәл осы мәселенің келесі бір жағы бар: күні бойы 8-10 сағат жұмыс істеп, шаршаған кезіңізде біреу аптығып келіп, өте қуанышты немесе (беті аулақ) қайғылы хабар жеткізсе, не істейсіз? «Тоқтай тұр. Алдымен біраз тынығып алайын, сосын көрерміз, – дейсіз бе, әлде жаңағы тосын хабардың әсерімен шаршағаныңызды ұмытып, оқиға болған жерге жүгіресіз бе? Әрине, соңғысын жасайсыз. Осы жерде шаршауға қарамастан, бойыңызға қуат берген не нәрсе? Рас, кейде бір оқиғаның әсерімен адамның екі-үш күн бойы ұйықтамайтын кездері болады. Мәселен, сізге өзіңіз қатты құрмет тұтатын бір кісінің келгенін айтса, шаршау аяғыңызға шырмау бола ала ма? Діңкеңіз құрып тұрғанда, қалай атып тұрғаныңызды білдірмей денеңізге күш құйған не нәрсе?

Қатерге толы шайқастарда әскерлеріміздің бірнеше ай бойы көз шырымын алмаған кездері болады. Олар екі-үш адамның өзі әзер алып жүретін зеңбіректің оқтарын иықтарына салып, зеңбіректерді оқтайтын. Әл-дәрмені құрып, болдырып тұрса да, рухтарында шаршаудың белгісі байқалмайтын.

8. Клеткаларымыз үздіксіз өзгеріп жатқанда, бет-әлпетіміздің өзгеріссіз қалуы – әркімнің өзіне тән рухы бар екенінің белгісі
Клеткаларымыз үздіксіз жаңарған кезде, түріміз неліктен өзгермейді? Қас, көз, мұрын, ауыз дене құрылысымыз ненің күшімен өзгеріссіз тұр? Соққыдан не жарадан терісі түссе де, алақандағы іздер қалайөзгеріп кетпейді? Осы күндері ғалымдар адамдарды тану үшін саусақ іздерімен бірге «Әр адамның көз құрылысы да өзіне ғана тән» деп, көздің де қайталанбас ерекшелігін таба бастады.

Бұлардың бәрі әр адамның өзіне ғана тән рухы бар екенін, Аллаһ тағаланың құдіретімен осы рухтың сол адамның бет-әлпетін, саусағын, көз құрылысын дәлме-дәл сақтағанын көрсетпей ме?

9. Бет – жанның айнасы
Бет – жанның айнасы болғандықтан өзгермейді, ол – адамның ішкі дүниесіне, жан сарайына ашылған терезе. Жүзіңіздегі шырай ішкі тереңдігіңізді әрі сіздің қандай адам екеніңізді сездіреді. Адамның физиологиялық бітімі, өң-әлпеті оның жан дүниесімен тікелей байланысты.

Сіз бір шуылдаған дыбысты білдіргіңіз келсе, сол айтқыңыз келіп тұрған дыбысты қайталайсыз («Сөз – мағынаның формасы» қағидасына назарыңызды аударғым келеді). Дәл сол секілді денеңіздегі, жүзіңіздегі әжімдер мен іздер де жаныңыз бен мінезіңізді байқатады. Кісі танитындар түріңізге қарап-ақ, сіздің қандай адам екеніңізді бірден аңғара қояды. Иә, адамның түрі жазылған кітап тәрізді.

Мәселен, психологтар адамның жазуы, жүрісі, жатысы, тіпті жөтелуінен де оның мінез-құлқын анықтауға болатынын айтады. Осы заңдылықтарға сүйене отырып, бір адамның түр-әлпетіне қарап-ақ оның қандай адам екенін аңғару қиын емес.

Сол себепті, әдемі болып көріну мақсатында бетіне пластикалық операция жасатқандар әрі жаратылыс заңдылықтарын аяққа таптайды әрі рухымен арадағы қатынасты бұзады. Сондай-ақ олар бет – жүзін өзгертіп, маска кию арқылы жұртшылықты да алдайды. Міне, сондықтан да бұл – арнайы талқылауды қажет ететін мәселе.

10. «Әмір» әлемінен келген рух материялық әлеммен байланыс құрарда қол, тіл, көз сияқты дәнекерлерді қажетсінеді
Әрбір жаратылыс белгілі бір көрініске енуді қалайды. «Әмір» әлемінен келген рух материялық әлеммен байланыс құру үшін материалдық денелерді қажет етеді. Өйткені заттармен, құбылыстармен байланыс құру кезінде бұл рух үшін аса маңызды. Дененің жеке өзі рухани әлемдермен байланыс орната алмайтындығы секілді физикалық заңдылықтарға негізделген мына әлемде рух қол, құлақ, тіл, көз, аяқ секілді физикалық денелерге мұқтаж. Әрі мына әлемге созылған осы мүшелер арқылы заттармен, құбылыстармен байланысқа түседі.

Рух дене мүшелерін бір орталықтан басқарады. Осы мүшелердің біреуінде ақау пайда болғанда, рухпен арадағы байланыс үзіліп, рух оны басқара алмайды. Мәселен, мидың оң жағы мен рухтың арасында байланыс үзілгенде, адам салға айналады. Ендігі жерде рух ол аймаққа үкімін жүргізе алмайды. Сондықтан ми ештеңеге жарамсыз болып қалады.

Миға жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде, кейбір мүшелерге сигнал жіберіп, саусақтармен қолды қимылдатудың сәті түскенмен, бұлар түймені ілуге де жарамайтын санасыз, ебедейсіз қимылдан аспайды. Мұны домбыраның ішегін беталды тартқан кезде шығарған шашыраңқы үнге ұқсатуға болады. Сондықтан да ми өзінің қызметін саналы түрде басқаратын рухты қажет етеді.

Негізінде көздің көру қызметін жүзеге асыратын ми емес, – рух. Ал ми болса, жай ғана ортадағы дәнекерлік қызмет атқарады. Ұйықтаған кезде, көз жұмулы болса да көре алатынымызды айтып өттік. Ал түстен басқа уақытта жабық көзбен қалай көруге болатынына бірнеше мысал келтірейік.

Мысалымызды метафизикалық әлемге қатысты ұғымдарды толығымен жоққа шығаратын адамдардың өмірінен берейік.

«Возвращение к Богу в России» атты кітапта мынадай оқиға айтылады. 1962 жылы Нижний Тагильде дәрігерлер Роза атты қыздың көзін жауып, біршама тәжірибелерді сынақтан өткізеді. Сонда әлгі қыздың саусақтарының ұшымен көргенін, түстерді бір-бірінен ажыратқанын, жазуларды оқығанын жазады.

Италиядағы Песато ауруханасының директоры профессор Ламбразо өзінің кітабында былай деп жазады: «14 жасар бір ауру қыз бар еді. Есінен ауысқан уақыттарында көзі көрмей қалатын, мұрны да иіс сезбейтін. Бірақ мұндай сәтте мұрнының ұшымен және құлағының жұмсақ жерімен көретін, хат оқитын. Ал аяғының тобықтарымен кәдімгідей иіс сезетін».

Бір жолдасым 1989 жылы қаңтар айының 29-ында Германия теледидары АRD-ның 1- арнасында көрсетілген көріпкел әйелдің қасиетін айтқан еді: «Үлкен залға халық лық толды. Сахнада көзі қара матамен байланған әйел және оның көмекшісі болып жүрген ер адам тұр. Екеуінің де қолында микрофон бар. Көріпкел әйел орындықта отыр. Ал оның көмекшісі көрермендерді аралап, әркімнің жанына барып, оның үстіндегі киім-кешекті, алдында тұрған үстелдегі тағам түрлерін сұрап жатты. Әйел көзі байлаулы, алыста тұрса да, сұрақтарға бүге-шігесіне дейін мүдірмей жауап беруде. Мәселен, көмекшісі залдың арғы бұрышындағы бір әйелдің жанына барып: «Мына үстелде не бар?» – деп сұрады. Әйел: «Қызыл түсті бұратылған шыны табақта бір шырақ тұр. Оның жанында пәлен табақ тұр, оның ішінде пәлен тағам бар. Сосын пәлен зат, түген зат», – деп бәрін түгел айтып шықты. Көмекшісі бір көрерменнің қолындағы кілтті алып: «Бұл не?» – деп сұрағанда, көріпкел шамамен 100-150 метр қашықтықтан көзі байлаулы күйі: «Volkswagen» машинасының кілті», – деп жауап берді. Сонша ұзақ жерден осындай кіп-кішкене кілтті әрі оның ненің кілті екенін қалай көрді десеңізші! Енді көмекшісі көріпкелге теріс қарап тұрып, қолына кішкене бір сөмкені алып оның не екенін сұрады. Әйел: «Сыртында төрт гауһар тас бар қара түсті қол сөмкесі. Ішінде пәлен-пәлен заттар бар», – деп жауап берді. Сөмкені ашып қараса, шынымен дәл соның айтқанындай заттар шықты».

Сонда көз жабық тұрса да көріп тұрған не? Рух – ми құрылысымен қатар өзге ағзалардың да басқарушысы. Алайда, басқару ісін жүргізу үшін араға дәнекер дене мүшелерін қажетсінеді. Онда да шектеулі түрде ғана керек еді. Мәселен, көзді алайық. Ол – рухтың мына әлемге ашылған терезесі іспетті. Ол терезе жабылған күнде де, адам дәл сол қызметті атқара алатын басқа терезелерді таба алады. Бұл көріпкелдік пен йогадағы секілді рухты жетілдірудің нәтижесінде орындалады, не болмаса Аллаһ тағаланың қалаған адамына осы қасиетті тосыннан тарту етуі арқылы жүзеге асады.


[1] Қараңыз: Әнғам сүресі, 6/164, Исра сүресі, 17/15, Фатыр сүресі, 35/18, Зумәр сүресі, 39/7, Нәжм сүресі, 53/38.
[2] Әл-Ажлуни, Кәшфул-һафа, 1/335; қараңыз: Нәсәи, жиһад, 6; Ибн Мәжә, Жиһад, 12.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.