Хикмет шағылдары немесе философияның менмендігі

Фетхуллаһ Гүлен: Хикмет шағылдары немесе философияның менмендігі

Көпшіліктің пікіріне қарсы шығу – қателік. Бірақ бұл дәстүр көпшілік көзқарасының өз құзіретіндегі мәселелерге қатысты болғанда ғана дұрыс. Олай болмаған жағдайда көпшіліктің пікіріне бағыну қате болар еді. Мысалы, инженер қандай да бір сырқаттың диаг-нозына қатысты пікір білдіре алмайды, сол секілді инженерлік есептерде дәрігердің пікірімен санаспау да қате боп саналмайды.

Дәрменсіздік – әл-қуаттың кемуі немесе әлсіздік деген сөз емес. Қаншама күшті, дарынды адамдар бар. Олардың қадір-қасиеті білінбеген кезде дәрменсіз болып қала бермек.

Адамның өз болмысындағы нұрдан пайда болатын сәулені қара күштердің жойып жібере алмайтыны секілді оны өзге қайнардан шыққан сәулемен де өшіру мүмкін емес. Осындай асыл қасиетке ие болған жандар бүкіл саналы ғұмырында жұлдыздай жайнап, айналасын нұрға бөлеп өтеді.

Ақыл – иманмен нұрланбаса адамға ауыртпалық түсіретін құрал.

Біреуден көргенін ғана қайталаудан аса алмайтын еліктегіш адам, біліп істеген адаммен бірдей жетістікке жете алмайды. Ал, біліп істеуші ожданымен терең сезініп жасаған адаммен тең бола алмайды.

Кедейлік тұрмыстағы ауыртпалық пен тарлықты ғана білдірмейді, сонымен бірге, білімсіздік, ойсыздық, қабілетсіздік те кедейлікті білдіреді. Сондықтан да білімсіз, ойсыз, қабілетсіз бай адамдар да кедей болып саналады.

Кейде көзілдірік әлемге ашылған терезе және көздің көмекшісі болады. Ал көз әрқашан ақылға қызмет етеді. Ақыл парасаттың, парасат ар-ожданның, ар-ождан рухтың көру саңылауы мен құралы.

Жындыханада ең бақытсыз адам – ақылды адам. Есі ауысқан адам біздің арамызға кірсе бейшара боп қалады. Асылында барлығымыздың да есіміз ауысқан, бірақ та әр-қайсымыздікі әр түрлі деңгейде.

Адамзат ағаш десек, түрлі халық оның бұтақтары іспетті. Дүлей жел, дауыл секілді алапат оқиғалардың орын алуына қарай ағаштың бұтақтары бір-біріне соқтығысып, ию-қию болады. Әрине, зиянды ағаш тартады. «Жақсылық етсең өзіңе, жамандық етсең өзіңе» деген сөз осыны білдірсе керек. 

Түн мезгілі адамның кемелденуі мен адамзаттың бақытты, жарқын болашаққа дайындалуы үшін оның алдынан ашылатын өзінше бір ұлан жазық, жазира жайлау секілді. Ұлы ойлар мен керемет шығармалар түннің құшағында туып, адамзаттың игілігіне ұсынылған.   

Аспан әлемінің ұзақ саяхатына таңғы құлшылық уақы-тында осы жолға шыққандардың арасынан таңдалған. 

Асқазан қорытылмаған және қажетсіз азықтарды сыртқа шығарып тастайды. Ешқандай пайдасы жоқ адамдарға да уақыт пен тарих тура осылай жасайды.

Тат – темірдің, қорғасын – алмастың, азғындық – рухтың қас жауы. Ол бүгін болмаса да ертең міндетті түрде оны шірітіп, жоқ қылады.

Кез келген сары – алтын, жылтыраған – жарық, аққан – су емес. 

Сел, әдетте, тамшылардан пайда болып, ағысы жойқын тасқынға айналады. Қоғам әдетте әлеуметтік шиеленіс-тен туатын осындай катаклизмді бастан кешіруі мүмкін.  Мұндай дүлей тасқынға бөгет болуға тырысқандардың өзі оның жойқын ағысына төтеп бере алмай жатады.

Жетесіздерге ғылым мен ақиқатты түсіндіру нақұрыстармен жұмыс істеу сияқты қиын болса да, ақиқат жаршылары бұл міндетті шын жүректен, қуана-қуана орындауы керек. 

Апаттың ең қауіптісі – білдіртпей жүзіңе күле келгені.

Айқын ақиқаттарды әркім бірдей деңгейде түсіне бермейді. Сол себепті абстракциялау жолы емес, анықтау мен түсіндіру жолы таңдалған. 

Адамдар бақытсыздығын өздерінің надандығынан емес, уақыт пен кеңістіктен көреді. Уақыт пен кеңістікте мін жоқ, адам баласы – өте надан әрі алғыс айтуды білмейтін арсыз.

Отан – орман емес, бау-бақша. Оны бағып-баптауда жеміс беретін ағаштар мен хош иісті гүлдердің өркен жаюына мән беру керек. 

Бау-бақшаны арам шөп басып кетсе де, оған көз жұма қарап, «ай, тағдыр-ай!» деген адамға не деуге болады...!?

Жағасында жасыл желек жайқалған қаншама шуақты жол бар, бірақ солай бола тұра, барсакелмес шөлге апарады. Керісінше, адамды тікелей Жәннатқа алып баратын жолдар әдетте соқтықпалы-соқпақсыз болып келеді. 

Ең хикметті сөздердің бірі «адам тілінің астында жасырулы» (Яғни, адамды тану үшін оның сөйлегенін тыңдау жеткілікті) сөзі болса керек. Меніңше, бұдан да хикметтісі – «Дос қажет болса, Аллаһтан артық досты, жолдас іздесең – Құраннан артық жолдасты таппайсың».

Адамдар танымның не екенін және таным объектілерін білгенімен, танушыны біле алмайды. Білетін – рух, ақыл – дәнекер; көретін – рух, көз – дәнекер.

Іс-қимыл ақылдан немесе табиғи инстинктен туындаса хайуани, егер ерік пен ар-ожданға сүйенсе рухани әрі адами болып саналады.

Болмыстың жоқтыққа жұтылуы – өте қорқынышты құбылыс. Жоқтық шексіз әрі бас айналдыратын  «алаң», онда болмыстың ине жасуындай да нышаны болмайды. 

Қазіргі уақытта діндар адамды «фанатик» дейді. «Фанатизм» термині ақиқатқа көз жұмып, қате пікірде табандап тұру деген мағынаға келеді. Ал ақиқатқа берік болу – ізгілік және мұсылманның бұл мінезін фанатизммен шатастыру, тіптен орынсыз. 

Иләһи шабытқа сүйенбеген философия – міндетті түрде сәтсіздікке ұшырайды.

Нағыз философия – Аллаһ Тағала адамның хикметке көзін ашқан кезде пайда болады. Ол – адам рухы мен ой-санасының тауқымет тартуы.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.