4. Елші Осман

Осыдан кейін Құрайышқа тағы бір адамды жіберуге тура келді. Омарға (р.а.) ұсыныс жасалды. Бірақ Меккеде Омардың бірде-бір досы жоқ, керісінше, дұшпаны жетерлік еді. Бейбіт келісім жасауға оны жіберудің ешқандай пайдасы жоқ болды. Ол осы ойын Пайғамбарға айтып, ақыр соңында, Осман (р.а.) жіберілетін болып, шешім қабылданды.

Құрайыштықтар Османды (р.а.) ұстап алып, қамап тастайды. Көп ұзамай оны өлтіріпті деген де алып-қашпа сөз тарады. Оралар мезгілінен кешіккен соң, алып-қашпа сөз рас болды-ау деп жорамалданғаннан кейін Аллаһ елшісі мұсылмандарды «бият» етіп, сөз беріп, серттесуге шақырды. Өзі бір ағаштың түбіне отырып, мұсылмандардың сертін қабылдады. Кейіннен осы ағаш «Ридуан ағашы» деп аталды. Омардың (р.а.) кезінде бұл ағаш кесілді. Өйткені, Омар (р.а.)  адамдар осы ағашты киелі санап, пұтқа айналдырып алады деп қорыққан болатын[1].

Өлімге серт
«Бият» сөзін естіген сарбаздар орнынан қарғып тұрды. Бәрі де бір ауыздан өлімге бас тігіп, серт берді. Өйткені бұл сәтте өлім үшін ғана серт берілетін еді. Иә, Аллаһ елшісінің мүбәрак қолын алмаған ешкім қалмады[2].

Бір адам ғана қалған. Бірақ, ол Меккеде болатын. Өлі ме, тірі ме, беймәлім. Аллаһ елшісі осы кезде заман мен мекенді аттап өткендей көрінді. Бейне бір заман мен мекенді пердедей түріп тастап, шалғайдағы Османның (р.а.) қолын қысқандай күй кешті. Оң қолын көтеріп: «Бұл – менің қолым», – деді. Артынша сол қолын көтеріп: «Бұл – Османның (р.а.) қолы», – дейді де: «Куә болыңдар, мен Османның (р.а.) орнына серт етемін», – деді[3].

Аллаһ елшісінің өзі уәкіл болып, серт берген неткен ғажап «бият» десеңізші!

Бұл мәселе жай мәселе емес болатын. Бәрі де іштей қайнап, оқ болып атылып, арғымақ болып қарғуға дайын тұрды. Тек Аллаһ елшісі ғана бәз-баяғы қалпын бұзбай, өзін сабырлы ұстады. Негізі, оның ішкі әлемі алай-дүлей болып, жанартаудай қайнап жатты. Бірақ өз ырқымен өзін тежей білді. Ғажап! Бұл неткен мықты ерік!

Аттар тықыршып, тұяқтарымен жер тарпып, сарбаздар лап беруге даяр тұрған шақта Пайғамбар көз ұшында көтерілген шаңды байқап қалады. Аздан кейін шаң арасынан Сүһәйіл көрінді. Ол Сүһәйілді өте жақсы танитын. Жанындағыларға: «Ісіміз жеңілденді. Құрайыш бейбіт келісімнен басқа еш нәрсе жасай алмайды», – дейді. Задында, Сүһәйілдің есімінің мағынасы да «жеңіл» болуы кездейсоқ емес шығар. Пайғамбардың адамдарды қалай танитынына көз салыңыз! Сүһәйілді көре сала істің немен аяқталарын айтып салды. Ол Уруәны көрісімен Құрайыштың бейбіт келісімге келетіндігін айтқан болатын. Бірақ Сүһәйілдің келуі осы келісімнің айқындығын көрсетті. Айтқандай-ақ, жағдай Аллаһ елшісінің айтқан сөзін растап, оңынан жүре бастады. Сүһәйіл бейбіт келісім жасауға келгендігін әуел бастан-ақ айтты. Мұндай ұсыныссыз да Аллаһ елшісі бейбіт келісімді іштей қалап тұрған болатын.

Бейбіт келісім
Алғашқыда осы келісімдегі шарттар түгелдей мұсылмандарға қарсы бағытталғандай көрінді. Бірақ Құранда осы келісімге нәтижесі тұрғысынан жеңіс деп баға берілген.

Сүһәйіл Аллаһ елшісін өз дегеніне қаншалықты мақұлдатса,  ол үшін соншалықты баға жетпес табыс еді. Сондықтан ең ұсақ мәселенің өзін дауға айналдырды.

Мысалы, бейбіт келісім шарттың басында жазылған «Рахман және Рахим болған Аллаһтың атымен» сөзіне қарсылық білдіріп, оның орнына «біздің Аллаһтың атымен» деп жазылу керек деп бетбақтырмай тұрып алды. Хақ пайғамбар да оның осы ұсынысын қабыл алады.

Сүһәйілдің екінші қарсылығы «Аллаһ елшісі» деген сөз болды. Ол: «Біз сенің Аллаһ елшісі екендігіңді қабыл ететін болсақ, мұндай келісімге барудың ешбір қажеті жоқ еді», – деді. Пайғамбарымыз хатшылық ісін атқарып тұрған Әлиге (р.а.) сол жерді өшіруін бұйырды, бірақ Әлиге әлгі сөзді өшіру ауыр келіп, бір сәт қимылсыз тұрып қалды. Осы кезде Аллаһ елшісі өз қолымен сол сөзді өшіріп, Әлиге (р.а.) ары қарай жаздыртты.

Келісім-шарттағы ережелердің, шамамен, бәрі дерлік дау-дамайға арқау болды. Сүһәйіл өз айтқаны болмаса, мұндай келісімге мөр баспайтындығын айтып қарсылық білдірді. Пайғамбарымыз да осындай келісімнің ақыры үлкен оң нәтижелер туғызатындығын байқап, сырттай пайдасыз көрінгендігіне қарамастан, көптеген қалауына «иә» деп жатты.

Осы бабтар бойынша:
1. Мұсылмандар осы жылы Меккені зиярат етпей, кері қайтады.

2. Зиярат келесі жылы ғана жасалады. Зиярат мерзімі үш күнге ғана созылады.

3. Қылыштан басқа қару асынбайды. Қылыштары қындарында болуы тиіс.

4. Меккеден Мәдинаға барғысы келгендер болса, қабыл етілмейді. Қайтадан Меккеге қайтқысы келгендерге де кедергі жасалынбайды. (Яғни, мұсылмандардың бірі Мәдинаға барса яки мұсылмандарды паналаса, ол дереу Құрайышқа қайтарылады).

5. Араб рулары қалаған жағымен бірлесуге ерікті болады.

Хазірет Омар және Худайбия соққысы
Сырттай қарағанда, осы шарттардың түгелі дерлік мұсылмандарға пайдасыз көрінген еді. Әсіресе, келген мұсылман қайтадан Құрайышқа қайтарылады деген бап мұсылмандардың ашу-ызасын тудырды. Ашуға булыққан Омар (р.а.) Аллаһ елшісіне келіп: «Сен Аллаһтың елшісі емес пе едің?» – деді. Рақым Пайғамбар осы кезде де салмақты қалпын бұзбай Омардың (р.а.) сауалына салқынқандылықпен былайша жауап берді:
– Иә, мен Аллаһтың елшісімін.
– Біз хақ жолда емеспіз бе?
– Иә, біз хақ жолдамыз.
– Олай болса, мына масқаралыққа қалай төзе аламыз?
– Мен Аллаһтың пайғамбарымын. Аллаһ тағалаға қарсы келе алмаймын.
– Сен Қағбаны зиярат ететінімізді айтқан жоқ па едің?
– Иә. Бірақ биыл деп айтқан жоқпын.

Омар (р.а.) ет қызулықпен Әбу Бәкірге (р.а.) барып, оған да осы сауалдарды қояды. Ол да Аллаһ елшісінің берген жауабын қайталайды.

Кейіннен Омар (р.а.) осы оқиғаны есіне түсірген сайын іштей күйзеліп, өзегі өртене өкінеді. Шамасы, сол әрекеті үшін  қанша садақа беріп, ораза ұстап, Хақ тағалаға жалбарынып, кешірім тілегені бір Аллаға аян...

Әбу Жәндал
Тақырыпқа  оралайық. Исламды жақында ғана қабылдаған Сүһәйілдің ұлы Әбу Жәндалдың сол кезде аяғындағы кісенін сылдырлатып, сүйретіліп келуі жанға ең қатты батқан іс болды. Әбу Жәндал жүруге әлі жоқ, әбден азып-тозған күйі зорға келді де, Аллаһ елшісінің алдына сылқ құлайды. Осы көрініске куә болған сахабалардың көңілдері босап, көздеріне жас келеді. Сүһәйіл: «Келісім шарттың іске асуы үшін алғашқы шартым: ұлымды маған қайтарасыңдар», – дейді. Рақым Пайғамбарының да жанарына жас тұнды.  Әлі келісімге қол қойылмағандықтан, Сүһәйілге Әбу Жәндал мұсылмандардың арасында қалсын деп өтініш білдірді. Бірақ Сүһәйіл бұл ұсынысты қабылдамай, табандап тұрып алды. Пайғамбарымыз жанары жасқа толып, Әбу Жәндалды қайтарып берді. Бірақ оның құлағына сүйіншілеп: «Аллаһ тағала сен және сен сияқтыларға көп кешікпей азаттық нәсіп етеді», – деді. Айтқандай-ақ, солай болды[4].

Әбу Басир және оның серіктері
Худайбия келісімі аяқталысымен, көп ұзамай Меккеге қашқан Әбу Басир атты лақап есіммен танылған белгілі Утбә ибн Әсид келіп Аллаһ елшісін пана тұтады. Артынша Құрайыш Мәдинаға екі адамын жіберіп, Әбу Басирды қайтаруды талап етеді. Хақ пайғамбар оны да қайтарып береді. Алайда Әбу Басир жолда осы күзетшілердің біреуін өлтіреді. Біреуі қашып құтылып, жанын әзер дегенде аман алып қалады.

Әбу Басир қайтадан Аллаһ елшісінің құзырына келеді. Екі әлем Сардары: «Пайғамбар берген сөзінен танбайды», – деп, Әбу Басирды Мәдинаға қабылдамай қояды. Осыдан кейін Әбу Басир Мәдинадан шалғай жатқан Зулмәруәге жақын «Ыс» деген жерге орналасады. Сонда Меккедегі жапа шеккен мұсылмандар да паналар жер ретінде естіп, біртіндеп қашып, Әбу Басирға барып қосылады. Бұл меккеліктердің қорқынышты түсіне айналды. Әбу Басир мен оның серіктері сауда жасау үшін сол жерден өтуге мәжбүр болған Мекке керуендеріне үлкен қауіп төндірді.

Меккеліктер тікелей өздері Аллаһ елшісіне келіп, мұсылмандарды Мәдинаға қабылдауын өтінеді. Осылайша Худайбия келісімінің мұсылмандарға ең ауыр тиген бабы тікелей осы бабты ұсынғандар тарапынан күші жойылады. Бұл айқын жеңіс ұшқыны іспетті болатын[5].

Оның үстіне Худайбиядан қайтар жолда «Фатх» сүресі түсіп, осы келісімнің айқын жеңіс екендігін білдірген болатын[6].
Аллаһ елшісінің қуанышы қойнына сыймады. Ойындағысының бәрі уақыты келгенде күрмеуі жеңіл тарқатылған түйіндей шешіле бастаған еді. Негізінде, ол жеңіскер қылышын дұшпанына сонау Худайбияда сілтеп, түйін сол кезде-ақ шешілген болатын. Бірақ сырт көз бен пәни әлем тұрғысынан келсек, түйін енді шешіліп жатты. Бір күні Сифул-Бахр төбесінің жалынды жастары Аллаһ елшісінің «Уәда төбесінен» өтіп Мәдинаға келгеніндей қалаға кіріп келді. Алдында Аллаһ елшісі Мәдина халқы да оларды «Уәда төбесі» әнін айтып қарсы алып жатты. Адуынды кәпірлер өз қолдарымен өз шарттарын бұзған еді. Кейіннен: Аллаһ расулының қол астына кірген бір руды шауып, онымен қоймай, Пайғамбардың қариларын өлтіріп, өз сөздерін өздері түгелдей бұзатын да күн жақындап келе жатты[7]. Осылайша Хақ пайғамбар Худайбия арқылы негізі салынған үлкен жеңісті тікелей Меккені алу арқылы іске асыратын еді.

Худайбия келісімінің жетістігі
Сіздерге аталмыш оқиғаны егжей-тегжейіне дейін тәптіштей айтып, маңызды бір мәселенің кіріспесін әзірлеуге тырыстық. Бұл – Худайбиядағы қол жеткен жетістік. Худайбия қандай табыс әкелді? Аллаһ елшісі бейбіт келісім жасаған болатын. Мұсылмандарға осы бейбіт келісімнің нендей пайдасы тиді?

Әуелі осы бейбіт кезеңде Исламның қылышы – Халид ибн Уәлид (р.а.) мұсылмандықты қабылдады.

Халид ибн Уәлид шайқаста тізесін бүгетін адам емес. Кейін мұсылман болғанда айбынды абыройға айналатын бойындағы осы бір ешкімге бас имейтін қайсар рухы тұрғанда қылыштың жүзімен Исламға кіруі әсте мүмкін емес болатын. Болашақтағы мұсылман елінің теңдессіз қолбасшысын Хақ тағала шапағатымен қорғап, оның өз абыройымен иман келтіруіне жағдай жасаған-ды. Исламға шақырудың төте жолы болып саналатын мұндай бейбіт тәсіл қолданылмағанда, Халидтың мұз болып қатқан жүрегінің жіби қоюы екіталай еді.

Келісімге қол қойылғаннан кейін Меккеде алданыш қылар шаруасы қалмаған Халид бір сәт ойлануға мүмкіндік алды. Худайбия келісіміндегі мұсылмандардың сағы сынуы және келесі жылы келіп жасаған кіші қажылығындағы бір-біріне деген ыстық-ықыластары мен мінез-құлықтары Халид пен оның серіктеріне ой салды. Иә, бейбітшілік орнаған осы бір уақыт аралығы оған ақ пен қараны ажыратуға толық мүмкіндік берді. Көп кешікпей өз еркімен келіп, Аллаһ елшісіне мойынсұнғандығын жария етті[8]. Осы мойынсұнушылық оның «Сайфуллаһ» (Аллаһтың қылышы) атануына сеп болды. Асылында, Хақ пайғамбар да осыны күтуде болатын. Амр ибн Ас (р.а.) та осы кезеңде мұсылман болғандардың бірі[9]. Худайбия келісімінен кейін орнаған бір сарынды өмір мен күйбең тірлік соғыс майдандарында күндей күркіреген осы қаһарман жігіттерді жалықтырып жіберді. Ақырында, олар қайнаған қозғалыс ордасын таңдап, Аллаһ елшісімен бірге болуды құп көрді.

Өмір бойы Қағбаның кілттерін арқалап өткен Осман ибн Талха (р.а.) да осы кезеңде иман келтірген дара тұлғалардың бірі. Ол мұсылман болысымен Хақ пайғамбар әлгі кілттерді өзіне қайтарып берді. Әскери және саяси біліктіліктерімен орда бұзған бұл жандар бейбіт кезеңінің күн шуағына бойлары жылығанда ғана өздерін жете тани алды.

Екіншісі: Сол кезеңге дейін Құрайыштықтар өздерін үстем санап: «Қағба біздікі» деп ешкімді маңына жуытпайтын. Зияратқа келгендер салық төлеп қана Қағбаны тауап ете алатын. Басқа жолмен Бәйтуллаһты тауап ету әсте мүмкін емес еді.
Алайда Аллаһ елшісімен жасалған келісімде мұндай шарт қарастырылмаған еді. Бұл Құрайыш үшін орны толмас қателік. Мұсылмандар келесі жылы Қағбаға салық төлемей, тауап қылғанда,[10] өзге қауымдар мен рулар бастарын көтеріп, ояна бастады. Демек, тек Құрайыш қана Қағбаның иесі емес. Әйтпесе Мәдинадан келген мұсылмандар салық төлемей, Қағбаға қалай зиярат ете алар еді? Ендеше, неге біз де мұндай құқыққа ие болмасқа?! Жалпақ жұрт осылай ойлады, Қағбаның жалғыз сақшысы құрайыштықтар еместігі айқындала бастады. Осылайша, мұнан соң кез келген адам бөгетсіз келіп, қалауынша Қағбаны тауап етіп, рәміздерін жария ете алатын болды.

Үшіншісі: Бейбіт келісімнің шарттарына сәйкес құрайыштықтардың  он жыл бойы мұсылмандармен соғысуға құқықтары жоқ болатын. Осы он жыл мұсылмандарға аса маңызды еді. Аллаһ елшісі осы уақыт ішінде өсірген шәкірттерін шартарапқа жіберу мүмкіндігін алды. Бұл дегенің – күллі Араб түбегіне Исламды жаю деген сөз. Иә, шындығында да нәтижесі көп күттірмей-ақ жер-жерге Хақ діннің иләһи нұры шашырап, естіген жұрт Ислам дініне ұмтыла бастады. Құран Кәрімнің: «Топ-тобымен Аллаһ тағаланың дініне кіреді» (Наср, 110/2) деп сүйіншілеген сәт, міне, осы сәт болатын. Он жыл – жаңа бір ұрпақтың өсіп-өркендеуі деген сөз. Құрайыш мұсылмандарға қандай мүмкіндік бергенін байқамай да қалды. Егер әу баста білгенде, мұндай келісімді әсте жасамайтын еді. Осы аралықта мұсылмандар сан жағынан да, сапа жағынан да едәуір толысып, жетіліп іргесін нығайтып алды. Исламға жаңа кіргендердің үміті шынайы сенімге айналды, Исламның әскери күш-қуаты артты. Міне, осы қүш-қуаттан нәр алған әрі барлық сән-салтанатымен мұсылмандар Меккенің қақпасының алдына келгенде құрайыштықтардың ауыздары аңқиып қалды.

Төртіншісі: Осы бейбіт келісім арқылы туған тағы бір мүмкіндік – Худайбияға дейін екі жақ бір-бірлерімен қарым-қатынас жасай алмайтын. Кездесе қалса, қындарынан қылыштарын суырып алып барып қана тілдесетін. Ондай текетірес сәттерде кім сөз тыңдасын? Ал келісімнен кейінгі мамыражай кезеңде бір-бірлерімен етене жақын араласа бастады. Сол күнге дейін Исламға тән кереметтерден хабары жоқ адамдар иманмен нұрланып, діннің қадір-қасиетіне  таңданып, қуаныштарын айтып жеткізуге сөз таппай жатты. Мәдинадағы өмір жәннатты еске салғандай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кез еді. Осыны сырттай көргендер әлдебір ғажап әлемге сапар шеккендей күй кешті. Дәрет, азан, жамағатпен оқылған намаз, адамдардың намаздағы тақуалықтары меккеліктердің жүрегін баулап алды. Худайбия бейбіт келісімінің арқасында Ислам үні алысқа тарап, көптеген шаңырақтарда естілетін болды. Сол себепті Худайбия келісімі  Исламның Мекке жеңісіне дейінгі жеңісі болып саналады.

Исламның ресми танылуы
Бесіншісі:
Барша қауымдар мен рулар осы бейбіт келісім арқылы Пайғамбарымызды жете танып, ол құрған мемлекеттің жат жұрттықтармен келісім-шарт жасай алатын биік деңгейге жеткендігін мойындай бастады. Бүгінде тәуелсіздік алған бір мемлекетті өзге мемлекеттер танып, олар осы таныстығын өзге мемлекеттермен жасаған қарым-қатынастарында кепілдеме етіп жатады. Аллаһ елшісінің уақытында да дәл солай болды. Көптеген жаңа қауымдар бірінен соң бірі Аллаһ елшісінің дінін танып жатты. Оны Құрайыш танығанда, Тайыф қалайша танымасын? Иә, сөйтіп олар бірінен соң бірі ресми түрде тануды бастап та кетті.

Жаббар Иенің пайғамбары Худайбия келісімі тәрізді ең ауыр жағдайдан жеңіспен шыққан ғажап адам еді. Ойланбастан шешім қабылдауға тура келген қысылтаяң сәттерде ақылға сыймайтын жеңістерге жетуін, сөзсіз, адам ойынан жоғары мұғжизалыққа жатқызуға болады. Бұл да оның Хақ пайғамбар екендігіне айқын дәлел.

Сүйеніші Жаратушы Жаббар ие болатын
Иә, өте күрделі мәселелердің шешімінің мәніне үңілген жан Хақ пайғамбардың әрбір ісінен – күллі ғаламзатқа билігін жүргізген Шексіз Құдіреттің қолдауын бірден аңғарады.

Біз де оның Қап тауынан да ауыр мәселелерді оп-оңай шеше білуінің сырынан Жаратушы Жаббар Иенің «Бұл – Менің пайғамбарым» дегенін түйсініп, еріксіз «Мухаммәдур-Расулуллаһ» деп жар саламыз. Иә, Аллаһ елшісі шұғыл шешім қабылдап, дереу іске кірісіп, барлық істі кәміл атқара білетін. Иә, ол тым болмаса өмірінде бір рет мүлт кетпеген. Бұған тарих куә. Жеңілістер оның қолымен жеңіске, қараңғылық жарыққа айналды. Алайда мұндай билік тек Аллаһ тағалаға тән: «Сендерді және сендердің істеріңді де жаратқан – Аллаһ» (Саффат, 37/96) делінеді. Демек, Хақ тағала өз істерін ең кәміл, ең абыройлы, ең абзал пендесінің қолымен жаратуда. Не үшін десеңіз? «Бұл – Менің құлым, бұл – Менің пайғамбарым. Осыны жақсы біліңдер» деу үшін. Мен барлық жағынан оны қуаттаймын. Сендер миллион, миллард болып, Менің құлым жалғыз болса да, бәрібір сендерді жеңеді. Неге? Өйткені Мен оны құзырымдағы барлық қуатты қазыналарыммен бірге қолдап, демеймін.

Олай болса, артында Аллаһ тағала тұрған адамға қарсы соғыс жариялау – тікелей Аллаһ тағалаға қарсы соғыс жариялау деген сөз. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жеңілмеді. Ешқашан жеңілмейді де. Оны жеңемін деп балта қайрау – өз ақылдарына қисынсыз, жүрек үніне қарсы қарекет ету деген сөз. Турасын айтқанда, өздерін шыңырау құздан тастап, аман қаламын деп ойлаған бақытсыз бейбақтар. Мұндайларды Хақ тағала дер кезінде ескертіп: «Естеріңді жиыңдар, шектен шықпаңдар!» дейді. Егер осыны ұға алмаса бәрін де жермен-жексен етеді.

Иә, хазірет Мұхаммедпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) соғысуға болмайды. Оған қарсы шығуға да болмайды. Себебі оның қуаттаушысы – Ұлы Жаратушы Жаббар Ие. Тіпті бірде әйелдерінің бір сәт сырт бергенінің өзінде де оның көңілін жұбатып: «...Пайғамбарға қарсы бір-біріңе болыссаңдар, оның иесі Аллаһ және Жебрейіл де, игі мүминдер де, періштелер де оған болысады» (Тахрим, 66/4) деген еді. Яғни күллі көгілдір көктер әлемінің рухани тұрғындары сені желеп-жебейді. Сенің әскерлерің арасында бұлар тұрғанда, миллион болса да, саған қарсы тұра алмайды. Қарсы шыққан өз басын өзі тасқа ұрып жармақ. Иә, Аллаһ тағала ондайларға ақыретте айтар сылтаулары қалмасын деп, бәлкім, он рет, жиырма рет тіпті одан көп мерзім беріп, оларға: «Жақсылап қарап, ойланып тура жолға келіңдер. Күні ертең ақыретте ешбір сылтауларың болмасын», – дейді. Бірақ, хадистің сөзімен айтқанда, бір рет қаһарын төкті ме, ешқашан құтыла алмайды[11].





[1] Ибн Сад, Табақат, 2/100.
[2] Ибн Хишам, Сирә, 3/330.
[3] Сол жер.
[4] Ибн Хишам, Сирә, 3/321-333; Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 4/188-193.
[5] ИбнХишам, Сирә, 3/337-338.
[6] Ибн Хишам, Сирә, 3/334.
[7] Ибн Хишам, Сирә, 4/32-37.
[8] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 4/272.
[9] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 4/269.
[10] Ибн Хишам, Сирә, 4/12.
[11] Бухари, Тәфсир, Сурә, (11) 5.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.