4. Пайғамбарлардың бейкүнәлігіне қатысты дәлелдер

Хақ тағала Мұса пайғамбарға (а.с.): «Әй, Мұса, көз алдымда өссін деп,  сені сүйкімді еттім», – дейді (Таһа, 20/39).

Осы аяттан мынаны ұғамыз: Аллаһ тағала Мұсаны (а.с.) Перғауынның сарайына орналастыру арқылы Өзі тәрбиелеп, мұндай тәлімгерлік ісін Перғауынға да, Мұсаның (а.с.) анасына да бермеген. Оның санасы жат пікірлермен шырмалмасын деп, тікелей Өзі ғана тәрбиелеген. Осындай бақылауға алынып тәрбиеленген пайғамбар бейкүнә болмағанда кім бейкүнә болмақ? Мұса (а.с.) балалық шағынан  ол Аллаһ тағаланың әзәли қамқорлығында болып, ең көркем түрде тәлім-тәрбие алған.
Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Иса (а.с.) мен анасынан  басқа жаңа туған баланың барлығын шайтан иектейді»[1], – делінген.

Иса (а.с.) іңгәлап дүниеге келгенде де, Хақ тағаланың тікелей қорғауында болған пайғамбар. Ендеше, мұндай пайғамбар хақында күнә жасады деп ауызымыз барып қалай айтуға болады?!

Аллаһ елшісі ғұмырында екі рет тойға баруға ниет қылған. Бірақ екеуінде де Хақ тағала жолда ұйықтатып тастаған[2].

Тойға барса еріксіз көзі харамға түсуі мүмкін еді. Аллаһ тағала оны күмәнді жерге барғызбай, саф күйінде сақтаған. Бұл кезде ол әлі пайғамбар емес болатын.

Бала кезінен ақ Мұхаммед пайғамбарымыз Қағбаны жөндеу жұмыстарына елмен бірге бір кісідей ат салысты.  Көкелеріне қолынан келгенше тас, кірпіш тасыды. Бірақ бірде иығына қойып тасығандары терісін сыдырып, ашытқан еді. Оның ауырсынғанын көргенде Аббас (р.а.) оған көйлегінің етегін көтеріп, иығына төсеуге кеңес айтады. Ол кезде мұның ешқандай сөкеттігі жоқ еді. Пайғамбарымыз Аббастың айтқанындай жасайды, бірақ тізесі аздап ашылғаны сол екен бір қадам баспай жатып, шалқасынан құлайды. Елес көргендей көзін бір нүктеге қадап, қимылсыз қатып қалады. Өйткені Жәбірейіл оған: «Бұлай жасау саған жараспайды», – деп ескерткен еді[3].

Неге десеңіз, оған күндердің бір күнінде етегін жабу міндеті жүктеліп, адамзат одан ар-ұят пен әдептілік дәрісін алатын еді. Ол күндері кішкене бала болса да, Хақ тағаланың арнайы тәлім-тәрбиесін алып, өсіп жатты. Иә, Аллаһ тағала бала да болса, Хабибін күнәдан, тіпті ең ұсақ күнәдан да қорғады.

Болашақта қолбасшы болатын адамдар жастайынан-ақ өздері оқыған әскери мектептерде қатаң бақылауға алынады. Иә, қырық жылдан кейін жоғары мансапқа иелік ететін адамның қырық жыл бойы жүріс-тұрыстары бақылауға алынса, әлбетте, адамзатқа тура жол көрсететін қолбасшыларды Хақ тағала балалық шағынан бақылауға алып, қорғап, оларға күнә жасатпайды. Ислам ғұламаларының басым көпшілігінің көзқарастары осындай.

Олар – адамзаттың ең ізгі жақсылары және адами ізгіліктің де өзегі мен қаймағы. Сүттің ішінен сүзіліп алынады. Құран Кәрім тілімен айтқанда «Ізгі жақсылар арасынан таңдалған» (Сад, 38/47) деген сөз. Яғни, пайғамбарлар – әуел бастан адамзаттың ең ізгі жақсылары. Бірақ ең ізгі жақсылардың бәрі пайғамбар емес. Пайғамбарлар олардың арасынан да таңдалып алынады.




[1] Бухари, Әнбия, 44; Мунәд, 2/288.
[2] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 2/350-351.
[3] Бухари, Хаж, 42; Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 2/350.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.