Ми білімге, жүрек иманға тұнсын.

 Меніңше, болашақты құтқару жолында мұсылмандар мен иманды кісілердің жан жақты дайындықты болуы керек. Тағы да ғұлама Бадиуззаманның асыл сөзіне тоқталсам, ол кісі: «Ми біліммен, жүрек иманмен нұрлансын» дейді. Ғасырлар бойы бір бірінен қашықта өмір сүрген жүректер мен ақыл иелері енді некелесулері қажет. Адамдар жүректері арқылы көре білулері керек. Жүректерімен Аллаһтың құпиясын танулары керек. Олар Жаратушыға деген сеніммен өмір сүре отырып, батыстық өркениеттің өкілдері секілді мына таңғажайып ғаламның сырларын зерттеулері керек.

Жер аударылу, эмиграция немесе қашып кету – осы сөздердің қайсысы сіздің бұл жерде қалуыңыздың мәнісін ашып бере алады?

   Амалдар ниетке байланысты. (Бұл пайғамбарымыздың барша мұсылман қауымға танымал хадисі- ауд.) Мен  ауруханаға жан-жақты  тексеріліп,  ем қабылдау үшін келген жанмын, сондықтан  өзімнің  жеке  байламдарымды,  мәдениетімді дәріптеу мақсатында   хижра (қоныс аудару) жасадым деп айта алмаймын. Мен  қазір де мұндай  шараларды атқара алмаймын. Өйткені айналамдағылармен  араласпаймын. Әттең, сондай мақсатпен келгенімде ғой! Әттең, маған бес мың жылдық тарихы бар ұлтымның мәдениеті жайлы айтып беру мүмкіндігі берілгенде ғой. Түрлі орындарда семинарлар жүргізе алғанымда ғой. Конференцияларға  қатыса алғанымда ғой! Мені  оған  шақырды  да, бірақ  бара  алмадым, тек  біреуіне  ғана хат  жібердім. Қазір  Барселонаға  шақырып  жатыр. Оған сөйлейтін  сөзімді  де  дайындап  қойған  едім, бірақ артынан  бас  тарттым. Мен ондай жан емеспін, дегенмен бейбітшілік, діни төзімділік пен диалог  орнатуға  атсалысқанымды қалап түрлі орындардан тынымсыз шақырту жібереді. Мен  әрқашан  өзімді тежеп ұстаймын, Түркияда біреу-міреу жетістікке  қол  жеткізіп  жатса, мен  оны өз  есебіме бұрып, «Менің  әрекетіме Құдай сәтін салды» деген емеспін. Мен бұны  Аллаһқа  серік қосу деп есептеймін. Бәрін де жасатушы – Аллаһ. Әйткенмен басқаның  жасаған  игілікті  ісін көре  алмай,  барлық жақсының тек өздерінен  шыққанын  қалайтын  адамдар да бар. Олар қашанда мазасыз күй кешеді. Егер  сізді  біреу «бейбітшілік  қаһарманы» деп атай қалса, сірә, олар  жүрек  талмасынан өліп те кететін шығар. Мен  мұның  бәрін  есепке  аламын. Өзім емделуге  келдім әрі мұнан кейін де осында біраз болсам  деген  ниетім  бар. Себебі менде басқалардағыдай өткір тістер жоқ, мен тістеп алуды да білмеймін. Осып  алатын  тырнағым   да  жоқ. Ал  олар тістейді,  онысының жазасын да тартпайды. Тырнағымен осып, кей жерлеріңнің парша-паршасын шығарады. Ар-намысыма  тіл  тигізеді. Менде  сенім  бар, дінді ұстану бар, өмір  бар; ал адами  құндылықтар  жайлы әлгілердің титтей де түсініктері жоқ. Тарпа бас салып  киліккен  олар, адамдық құндылықтарды аяққа таптағандарын да сезбейді. Егер олар мұны  түсінбесе де, мен ренішке бой алдырмаймын, арандатпаймын, бірақ сөйте тұра ар-намысыма көпе-көрнеу ойран  салғыза да бермеймін. Мәселенің барысын осылай топшылай отырып, алдағы уақыттарда мен  бұл  жерде  игі күндерді  күтемін. Егер  маған  «бұл  жерден  кет» демесе, Түркиядағы  жағдайдың  біршама  айқындалғанынша осында күте  тұрамын. Егер менің  мұнда  келуім  белгілі  бір  дәрежеде хижра  болып  есептелсе, онда ең болмағанда маған сауап жазылар. Мұнда кейбір  достарыммен  кездесіп  тұрамын, бірақ олар өте аз. 

Сіздің  қазіргі  жағдайыңызға   «жер аударылу»  сөзі  сәйкес  келе  ме? 
  
Торыққан сәттерде «жер аударылдым» деймін де,  бұдан бір  өзіме рухани күш аламын. Көптеген шын  мәнісіндегі  ұлы тұлғалар айдауда өмір сүрген. Тіпті  өз  Отанын жанынан  артық  жақсы көрген  Абдулхамид  Ханның (Осман  мемлекетінің  атақты  сұлтаны – ред.) өзін  жер  аудартып  жіберген. Мехмет  Акиф, Намык  Кемал (түріктің  белгілі  ақындары – ред.) сияқты көптеген  азаматтар  айдауды  бастан  кешірген.

Мен өз дүниетанымымның аясында, біреулерді «олар», «өзгелер», «қарсы  жақ», «қарсы шеп»  деп атауды  әдепсіздік  деп  санаймын, бірақ  жеке  дүниетанымы  үшін Тройцкийдің  өзі  айдалып,  Мексикада  өмір  сүрген.

Егер дәл қазір Түркияда сауалнама жүргізілсе, мыңдаған адамның мені жақсы көретіндігі белгілі болар еді. Бұл үшін маған ұялудың ешбір реті жоқ деп білемін. Мен –  ұры, не қандай да бір зорлықшыл жан емеспін. Аллаһқа шүкір, тыйым  салынған істерді істемедім. Ұрлыққа түсіп не ешкімді тонаған емеспін. Бауырларымның қалай өмір сүріп жатқаны да бәріне белгілі. Әрқайсысы өз жұмыстарымен  айналысуда. Біз үлкен отбасы тәріздіміз, мейлі  бауырларым  істеп жүрген жұмыстарын өздері істей  берсін. Дей тұра жасалған шабуылдардың маған өте ауыр тиіп,  жанымды  жаралайтынын айта кеткім келеді. 

Сіз  қайта  оралу  үшін  қандай  белгі  күтесіз? «Тұманның»  толықтай  сейілгенін  бе?

Алып-қашпа әңгімелерді тыңдай беретіндей менің денсаулығым да мықты емес. Бұл жерде мені ешкім мазаламайды. Әрі мен басы бос адаммын ғой. Өзім қант  диабетіне  шалдыққан адаммын, тағамды тамшымен ғана қабылдаймын. Азға қанағат. Аллаһқа шүкір, авторлық қаламақысы төленіп тұратын 40-50-ге жуық  кітабым шықты. Бұл тұрғыдан менің аса мұқтаждығым жоқ. Қай жерден сәл тұрақ тапсам, сол жерге аялдаймын. Ауа-райы әзірге «тұрақталмайынша», қайтадан «дауылды боранның соғуына» түрткі болғым келмейді. Өйткені  аузына  мүйіз  ұстап, дереу үрлеуге  даяр тұрған адамдар  бар.


Фетхуллаһ  Гүлен  мырзамен болған сұхбаттардан үзінділер,  «Заман» газетінің   корреспонденті  Нурие  Акман, 22 наурыз – 1 сәуір, 2004

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.