ЖАНДАУА

Адам жас шағында қолына ілінген немесе әлдекім мадақтаған кітапты оқуға құмартады. Мен де солардың қатарынан болдым. Кейін келе кітапқа талғам, талап қалыптасады екен. Ойыңды тереңге сілтейтін, санаңды өзгерте алатын басқа бір күш иесін іздейсің, таңсық әлем іздейсің. Бәлкім балаңдықтан ілгерілеудің, жастықтан алыстаудың бір сатысы болар. Сондай кітаптың бірі, жанға дауа болған, рухани азық болған Фетхуллаһ Гүленнің «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» деген танымдық-ғылыми тұжырымдамалық зерттеу еңбегі. Жанға азық боларлық рухани дүниені көптен кездестіре алмай жүретін едім.

Исламды, дінтануды, сүйікті Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед өмір тарихын бір кісідей-ақ білетіндердің қатарынанмын деп ойлап жүретінмін. Білмейтін, тіпті мақұрым тұстарымды Фетхуллаһ Гүлен толықтырды. Ұйқылы-ояу жанымды оятты. Реніш пен өкпе, кек пен нала пәндәуи әлсіздік екенін ұқтырды. Бойдағы кемшілікті жеңуге жол ашты. Тұтқындалған санаға бостандық берді. Даналық, қасиетті сөзді Құран сүрелерімен, Пайғамбар хадистерімен, сахабалардан жеткен рәуәяттармен анықтап, дәлелді сөйледі. Сөздің көркемдік нұрын ғажап пайдалана отырып, жанымды гүлдендірді.  Жан-тәніммен, бар ықылас-ыждаһатыммен ұстаздық рухтағы көркем сөз иесімен рухани табысқаныма қуандым.
Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Алла Елшісі, теңдессіз Ұлы Тұлға екенін Фетхуллаһ Гүлен айшықтап жеткізе білудің биігіне шыққан. Адамзат ғаламына қажет философиялық түйінді ұғынуға өз сүрлеуімен, жаңа бағытта ілім жолын ашқан түркі дүниесіндегі ағартушы – ғалым.

Пайғамбарымыз үмбеттеріне дүние мен ақырет таңдау жасауда: «Аллаһым, өмір сүру мен үшін қайырлы болғанға дейін өмір бер. Өлім мен үшін қайырлы болған сәтте жанымды ал» деп дұға үйретті. Әлбетте, бұл ой – жіберілген өміріміздің мәңгілік еместігін айтып тұр. Өмірден түбі көшіп кететін тағдыр сыйын білдіріп, сендіріп тұр. Жалпы жаратылысымыздың тиянағы мен тұрлауы жоқ жолаушы тағдырлы жан иесі екеніміз айқындала түседі. Ана құрсағына қонып, жан бітіп, дене мүшеміз анықталып, жарыққа шықтық. Жарық дүниеде санамыз қалыптасып, біліміміз толығып, сезіміміз тұрақталып, мәңгілікке аттандық. Осы өткелдер ұзақ жол жүріп келе жатқан беймәлім жолаушының әр кезде тоқтап, кідіріп қалатын аялдамасы іспетті. Біз өмір деген жол үстіндегі жолаушылармыз. Иә, жолаушыға дүние-мүлік ауырлық етеді, керегіне, қажетіне қарай алса жетер. Бірақ жанын қинап көтеріп жүретіндей ауыртпалықтың азабын қайтпек. Бәрібір өзімен көтеріп әкету жазылмаған емес пе еді... Жан құнарлығын байытқан сана ғана өсіп-өркендеп өзімен бірге кетер. Жан байлығын дамытқаннан басқаның бәрі бекер болып тұрғанын Пайғамбарымыздың әр ісі мен әрекетінен-ақ сезіне бересің.

Алланың Елшісі Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) айтқан киелі сөздің мағынасын түсінбеуіміз хақ. Бірақ сол күрмеулі, шешімі тереңдікті талап ететін, астары сан қатпарлы даналықты түсінуге Фетхуллаһ Гүлен мүмкіндік береді. Фетхуллаһ Гүлен ақиқатында ұстаз, ғұлама ұстаз.

Сөз құдіретінің әуенін түсінетін көзі қарақты пенде Мұхаммед Пайғамбар тарихын оқып отырып, бүгінгі ғадет пен тым оспадар мінезден ұялатынымыз анық. Себебі даңқ, дақпырт, дүние-әшекей үстемдік құрған қоғамның ластанғанын ұғынасың. Оқып отырып, жылаған тұстарымды да жасырғым келмейді. Амалсыз ұялып, жараланған жаныңды құдіретті тағдырдың иесі болған Алланың Елшісінің рухынан кешірім сұрап, Алланың кешіріміне ие болуды армандайсың.

Мені ерекше толқытқан пайғамбарымыз заманындағы Ханса ақын. Алла Елшісінің ерекше дұғасы мен ілтипатына кенелген, Жәбірейілдің мадақтаған шайыры Хассан ибн Сабит өлеңінің төрт жолынан сегіз қате тапқан аса талантты ақын әйел Ханса болған. «Өлең сөздің қадірі мен сырын терең білген осы әйел Алла Елшісін тыңдап, Исламды қабылдап, өмір бойы сөз зергеріне ұюмен өткен. Пайғамбарымыздың сөзін ұйып тыңдайтыны соншалық, сиқырланғандай күй кешіп, көңілі ерекше толқитын. Ол ол ма, қараңғы дәуірде бауырының өліміне арнап жазған жоқтауымен жұртты тегіс жылатқан осы әйел Қадисияда төрт бірдей ұлы шейіт болғанда, мұң шағу былай тұрсын, қайта: «Қатарынан төрт ұлы бірдей шейіт болған мен неткен бақыттымын. Аллаһым, Саған шүкір, мадақ айтамын!» – деп тақуалығын паш етеді.

Ұлдарына жебе қадалғанда, өзіне оқ тигендей қиналды. Бірақ Пайғамбарымызға деген беріктігі мен адалдығынан таймай, бір ауыз реніш білдірмеді.»
«Біз пайғамбар жібермейінше, ешкімді азаптамаймыз» (Исра, 17/15) қазіргі қоғам үрдісінде өмір сүріп отырып, қателесуге, Ислам жолын ұстамауға хақымыз жоқ. Алла Елшісі бізге жіберілгенін білеміз, сөзі де, тарихы да бізге мәлім. Абай ғұлама айтқандай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» Абай айтқан растықтың куәсі Алла Елшісі мен Құран кітабы.
Сананың ұлық дәрежесіне көтерілген ақиқат түйсікті күні бүгінге дейін қабылдауға енжар қараған қоғам және оның зиялы ортасы Абай даналығына сай келмеуінде. Әрине Пайғамбарымның заманында да, Абай заманында да, тіпті бүгінгі заманауи ағымда да Исламға күмәндану, жала жабу көзқарасы бар. Мұның себебі өзімізге дейінгі өмір сүргендерден мақұрым болғандығымыздан, сауаттылығымызға нұқсан келтірген белгілі бір идеологияның шырмауында болғандығымыздан. Осы себепті сана тоқырауына ұрындық. Сананың тұтқындалу, өспеу, сезінбеу қасіретіне ұрындық. Шыңғыс Айтматовтың тілімен айтқанда, мәңгүрттену тенденциясы жүзеге асты.

Қазіргі ғаламданудың игі көрінісі Фетхуллаһ Гүлен сынды ағартушы ғалымдардың  ғылыми тұжырымдамалары мен пікірлерін оқуға мүмкіндіктің ашылуы. Бұл адамзат ғаламындағы құндылықтарды түйсігімізге сіңдіру, санаға салу, ғаламның жұмбақ кілті білімде және оның құпиясы сана сергектімен ғана ашылмақ екендігінде.
Фетхуллаһ Гүлен кітабын өмірімде кездескен  игілікті  кітап деп ұқтым.

Тарихта дара тұлғалар, әлемді дүр сілкіндірген қолбасшылар, даңқты императорлар болған. «Бірақ жер бетіндегі түрлі ұлттар мен ұлыстарға ортақ даналық сөзін тыңдатуы, оларға өзінен кейінгі ғасырларда да ұстаздық етуі Пайғамбарымызға ғана тән болды.» Он төрт ғасыр өтсе де, Пайғамбарымның даналық сөзі адамзат ғаламы үшін көнерген жоқ.
«Хақ Пайғамбардың әкелген хабары қазір де бұзылмай, жүрегіміздің, рухымыздың, ар-ожданымыз бен ой-санамыздың қорегіне айналып отыр. Өйткені ол осы хабарларды жан сырымызды білетін, рухымызға қамқоршы болған және ар-ожданымызға өзін сезіндірген һәм өнер құдіретімен ой-өрісімізді байытқан Ұлы жаратушыдан бізге тәблиғ еткен. Болмаса, пенде ретінде барша дәуірдің қажеттілігін қамти алатын жүйені орнатып кету адам баласының қолынан келер іс емес».

Адамзат ғаламындағы әр дана ойшыл да, кемеңгер де Алла Елшісін ұлықтады, оның көркемдігі мен кемелділігіне, қарапайым да, даналық сөзіне ден қойып, сүйсініп, мойынсұнды.
Рухани азық боларлық жанға дауа, жүрекке нұр сыйлаған кітапты қазақ оқырмандарымен қауыштырған бауырларыма алғыс білдіремін.