ГҮЛЕН ФЕНОМЕНІ


Фетхуллаһ Гүленнің «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед пайғамбар» атты үлкен, көлемді шығармасын оқып шығып, аса күрделі тақырыпқа жүрексінбей барып, бізді, оқырманын әлемнің ардақ тұтар тұлғасы – ұлы ұстаз Пайғамбарымыздың күн нұрындай сәуле шашқан асыл бейнесімен, ішкі жан әлемімен, мінез ерекшеліктерімен таныстырудағы шығармашылық ізденісі қандай терең, ниеті қандай таза деп риза бола сүйсінгенім, ақ нұрға малынып, алғыс арнағаным бар. Енді автордың «Баян» деген туындысымен танысып,  ғұламаның бүкіл әлем ойшылдарын сан ғасырлар бойы толғантып, түрлі пікірлер туғызып келе жатқан ең қиын, ең күрделі тақырыптарға  қалам тартқанына тағы толқи тәнті болып, ой көкжиегім бұрынғыдан да кеңейіп, жан дүнием рухани байып, нұрлана түстім.

Ғылымда бұрыннан бар, таныс тұжырымдардан бөлек, өзіндік тың пайымдаулар, топшылаулар айтпаған ғалым ғалым емес. Осы қатал талап деңгейінен келсек, Фетхуллаһ Гүлен біздің көңілімізден шықты. Оның әр тақырып төңірегіндегі ой толғауларында, ғылыми талдауларында өзіндік ой-пікір, жаңалық мол. Ерекше бөле жара айтарымыз, автордың пайымдаулары, ой-тұжырымдары, ғылыми дәлелдері ешқандай талас тудырмайды, күмән келтірмейді. Керісінше, біз әлі толық аңғармаған, толық сезінбеген өмірдің тылсым сырларын талғам таразысына сап, бізді үлкен толғанысқа, тебіреніске түсіреді, шығармашылық тың ізденіске бастайды, көркем әлем табиғатын тану талабы тұрғысынан жауапкершілік жүктейді.

Бізге автордың баян құдіретін терең танып, оның нәзік сырын сұңғыла сезімталдықпен талдап, баян болмаған жағдайда болмыс пен тіршілік үнсіз, оқиғалар үнсіз, бүкіл әлем қозғалыссыз, сұлық-сал күйінде қалатынын, оларға тіл бітіріп сөйлету, тек адамның ой өресінің өрістілігіне байланысты екенін, осы уақытқа дейін баянның жеткен шыңына ешкім шыға алмағанын, ешбір қолбасшының ондай айбарлы қаруға ие болмағанын тереңнен толғап түсіндіруі – жаңалық.

Құранда біз сөзді жаратқан жоқпыз, оны Алла Тағаланың құдіреті жаратты, сөз құдіретпен, құдірет сөзбен болды деп жазылған. Соның үшін біз сөзді құдірет деп білеміз. Оның кәдімгідей кесіп түсетін қарулығы, етіңнен өтіп, сүйегіңе тақалатын өткір найзаның ұшындай өткірлігі бар. Сөз – екі жүзді қанжар. Сермей біл, шаба біл. Сырқатты сауықтырып, жабырқаңқы көңілді жадыратып жіберетін де, жыланды інінен шығаратын да – сөз, сөздің қасиеті. Бұған ғұлама Фетхуллаһ Гүлен: «Кейде адам баласы баян лебімен аспандап, көк жүзіндегі аппақ бұлттармен жарысып, еркін кеңістікте қалықтап ұшқан құстай жаны жайлы да рахат сезінеді. Ол тартымдылығы жоғары өз ортасының айналасында жүрсе, яғни, ылғи да «өз кіндігінен» алыстамай, рухын тыңдай білсе, бәлкім, қаншалықты әсерлі, асқақ сезімді, шалқымалы ой-толғауларының бір-бірімен қатар өріліп-үндесіп жатқандығының, бұдан бұрын сезе алмаған жаңа ләззаттарды тата алатындығын біліп, тамсана таңғалып, есінен айырылардай шабыттанып отырады,» – деп өз биігінен дұрыс баға береді.

Шынында да сөз деген өте қасиетті. Оны халқымыз «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп дәл тауып айтқан. Сөзді құрметтеп, қадірлей білу керек те, сөзді тыңдай  білу керек.

Әннің де естісі бар, есері бар, 
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзінде ой өрнегі жоқ, 
Тыңдағанда көңілдің есебі бар»
– деп Абай ерекше сүйсінгенінен айтқан. Бізге осы пікірді Ф.Гүлен ары қарай дамытып, ой-талғамымызды жаңа биікке алып шыққандай әсер етті.  

Мұндай өзіндік сырға толы, өзіндік өрнегі мол топшылаулар әсіресе «Әдебиеттің құдіреті» деген тақырып төңірегінде кең өріс тауып, жанымызға тың серпін сыйлағандай болды. Олай дейтініміз бұрыннан бар ой-тұжырымдарды автор қайталамайды, мүмкіндігінше өз пікірін, көзқарасын білдіріп, сол арқылы әдебиет туралы ұғымымызды тереңдетіп, байыта түседі. Түрлі жағдайларда пайда болған сезімдерді сыртқа шығарып, жүректерге жеткізуде әдебиетшінің жай адамға қарағанда әр құбылысты ерекше пайымдайтын, өзгеше бағалайтын, басқаша талдайтын ерекшелігіне, ылғи да кемелдікке ұмтылып, оқырман сүйіп қабылдайтын өлмес шығармалар қалдырар сырына баса көңіл бөледі. Сөйтіп әдебиетшінің адамзат қоғамындағы роліне жоғары баға береді. Оның пайымдауынша, «әдебиетшілер сөз сөйлеу шеберліктерін хақ пен жақсылықтың әміріне бағындырып, шәкірттері болып саналатын бұқараны дұрыс жолдан адастырмай жалғандықтан бойын аулақ ұстау керек. Ел-жұрттың кіршіксіз ойын  лас қиялдармен былғамай, нәпсіқұмарлықты суреттеп, Алланың құлдарын ешуақытта тән құмарынан құтыла алмас, азаттыққа жете алмас «тәннің құлдары» болуға ынталандырмауы керек» деген талап қояды. Бұл бүгінгі таңдағы батыстың ар-ұяттан жұрдай «махаббат машақаты» жастарды азғындық, адасушылық жолға бастайтын, келешекке, өмірге жеңіл-желпі, жауапсыз қарауға, рухани құндылықтарды аяқ асты етуге баулитын, қылмысқа итермелейтін киносериялардың қаптап кетуіне тосқауыл болатын, аса маңызды, өзекті, өміршең талап. Ол үшін автор әдебиетшінің әдепті азамат болуы керектігін, шығарма өзегі Құран ұсынған әдеп жолымен астасуы қажеттігін ескертуі де маңызды.

Жинақтағы «Тіл мен ой тереңдігі» деп аталған тақырып та оқырманын бей-жай қалдырмайды. Автор мәдениеттің қозғаушы күші тіл екеніне, ұлттың қауқар-қуаты тіл мен ойдың қауқар-қуатына тікелей байланысты болатынына, қоғам тіл мен ой-пікірге қаншалықты бай болса, соншалықты тамырын тереңге жаятынына, кімде-кім ана тілін жете меңгеріп, басқалармен еркін тіл табыса білсе, өмірінің мәнді өтуіне алғы шарт жасайтынына, халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін пайдалана сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі ойлайтынына оқырман назарын аударады. Сөйтіп ұрпаққа ұлттық болмысты тіл арқылы сақтап қалудың жолын іздеп, табуға бағыт сілтейді.   

«Тіл ішкі серпінмен әрбір жайтты жеткізу барысында заман талабын үнемі үндестіруге шамасы келе бермейді. Сондықтан да егер сол тілде сөйлейтіндер кейбір мағынаны жеткізуде қиындыққа душар болып жатса, онда тіл ойдың қолдауынан ажыраған деген сөз, ал мұндай тіл жетім, оны қолданатындар да бейшаралық күйден аса алмайды» деп қатаң ескерту жасап, тіліміздің тағдырына сақ, қамқор болуға, ол үшін өзімізге өзіміз сын көзбен қарауға шақырады. Тіліміздің сақталып, дамуы, көркемділігі артып, байи түсуі кез келген ойды қиналмай, еркін айта білуімізге байланысты екенін, бірде-бір ұлт ана тілін ғылымнан ешқашан шет қалдырмауы, ғылым саласында көпшіліктің қызығушылықпен жүйелі түрде зерттейтін маңызды құралына айналдыруы қажет екенін, сөйлейтін аузы мен ойлайтын миы жоқ қоғамның орнына ылғи өзгелер сөйлейтінін, өзгелер ойлайтынын  намысқа тие жазады. Ф.Гүленнің: «Бүгінгі, кешегі және ертеңгі күннен тәжірибе алып қателіктен сақтанайық, «ескінің аты – ескі» деп өре түрегелмей, не болмаса, түбегейлі ескішілдікке салынып, әрбір жаңалыққа үрке қарамайық» – деген  бағыт-бағдары да біздің терең ойлануымызға түрткі болғандай.

Меніңше, Фетхуллаһ Гүлен феномені – қай тақырыпты алса да жеріне жеткізе, жан-жағын толық қамтып, терең білімдарлықпен, тапқырлықпен, алғырлықпен өзінше жаңаша толғап, тың ойлар айта білуінде дер едім. Бұл тек зерттеушінің зерттеушісіне, таланттың талантына ғана бұйырар қасиет. Сол арқылы ол тұлға ретінде өзін таныта әрі мойындата алғанына риза көңілмен қызығасың. Мен де осы биікке жетсем деген арман жетегіне еріксіз ересің. Әсіресе, «Үздіксіз өзгерулері бар тарихи қайталаулардан туған тілек пен арман» деген еңбегінде адам баласы жаратылғалы бері күннің қасынан түн, жарықтың қасынан түнек еш уақытта кетпегенін, жер бетінде нұр мен зұлмат кезек-кезек алмасатындай жарық дүниенің артынан көзге көргісіз қараңғы күндер де әрқашан жалғасып келіп отыратынын, сауық-сайран дәурендер жайына қалып, дағдарысты жылдармен аяқталып жататынын, әр жерлерді санасында саңылау жоқ, бос кеуде жандар билейтінін, дүниежүзі олардың өктем, озбыр дауыстарынан зардап шегетінін, кейде қоғамдық сана мен ар-ұждан залымдардың айғай-шуымен тұншығатынын, сөйтіп қасиетті сөз төрден көрге қарай төмендейтінін тап басып айтып, әрқайсымызды терең толғаныс әлеміне енгізіп жібереді.

Автордың ездерді ерлер деп мадақтаған сұм заманда ой мен пікірдің төмендеп құнсызданғаны соншалық, адамның бір-біріне деген сенімін жоғалтып, бір-біріне қол ұшын беруден қалатынын, өзі-өзін жабайы жыртқыштармен бірдей көретінін ашық жазуында да терең мән бар. Ф.Гүленнің жоғарыдағыдай сорақы кемшіліктерді аяусыз әшкерелеп, алдымызға жайып салудағы мақсаты – сол кемшіліктерді жою үшін не істеу керек деген сұраққа еріксіз жауап іздетіп, еріксіз ойлантады. Ендеше Ф.Гүлен біздің нағыз жанашыр досымыз, ұстазымыз. Ол өзінің үлкен жүрегімен барлық адамға жақсылық тілейді, жақсылықтан үмітін үзбейді.

Сөзіміз дәлелді болу үшін мына жолдарға зер салалық. «Алайда, баршамыз ендігі жерде мұңның да, наланың да аяқталатындығын өте жақсы білеміз. Ендеше, көкжиектер ашылып, ақ пен қара бір-бірінен ажыраған сәтте өзге жолдың бойында душар болған қиындықтар мен азаптар да жеңілденеді. Адамдар арасындағы арақашықтық салихалы амалды арқа-лаған талпыныстарды жылы шырайымен қабылдай бастайды».

Мұндайда қазақ «аузыңа май, астыңа тай» дейді ризалығын білдіріп. Шынында да Ф.Гүлен оптимист жан. Оның сең қаншалықты серең етіп жүзсе де, рухтардың тұтатылған мәңгілік алауы қасында еріп кететініні, қара дауыл пендешіліктің жанған алауын (егер Алла рұқсат етпесе) ешқашан өшіре алмайтыны жөніндегі оптимистік пікірі тіпті бізге жігер-күш, қуат сыйлайды.

Көпшілік біреулерді бақытты, біреулерді бақытсыз адам деп жатады ғой. Бұл түсінік те бәрімізді ойлантатын түсінік. Біздіңше, бақытты адам жүрегінде иманы бар адам. Қанша бай, қанша сұлу болғанымен жүрегінде иманы жоқ болса, ол – бақытсыз. Мұны Ф.Гүлен шығармаларын оқығанда тереңірек сезінгенімізді ерекше атап айтқымыз келеді. Жалпы оның асқан құштарлықпен, зор сенімділікпен сөз еткен ой-толғамдары Алла Тағалаға, Мұхаммед Пайғамбарымызға деген махаббатымызды лаулата жандырып, рахат сезімге бөлейді. Автордың бұл бағыттағы кіршіксіз таза ниеті өзіне еріксіз баурап, мәңгілік өмір туралы ғажап түсінігімен жан дүниемізді әлпештеп, әлдилейді, тіпті тамаша жыр оқығандай ұмытылмас әсерге бөлейді.

Ғұлама ғалым «Дүние тыныштықтан айырылды» деген еңбегінде бүгінгі беймаза, қарама-қайшылыққа толы тіршілігімізде күн сайын жаңа үлгі, жаңа пішінде үрей туғызылып жататынын, хаққа жат суреттер мен көрсетілімдер арқылы кіршіксіз, таза сезімімізді ластап, нәпсіқұмарлыққа жетелейтінін, сол сорақылықтар арасынан бүлік пен арандатушылыққа бағытталғандай үнемі жағымсыз әрекеттерді туғызатынын сөз етуінің де өзіндік көздеген мақсаты бар. Ол мақсат – жағымсыз іс-әрекеттерден арылудың жолы  – Хаққа мойынұсыну екенін әр жүрекке жеткізу десек, қателеспеспіз.

«Мәуліттен туған ойда» да бүгінгі таңда белең алған түрлі дағдарыстар мен бәле-бәлекеттерге  қарамастан  жақсылық  пен кемелділік жайлы сөз қозғай келіп автор: «Көңіл көктемін, сұлуды, адамгершілікке жататын сипаттарды іздеу сезімі – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жүрегімізді оятқан шексіз нұрының әсері. Рухымызбен сезген мәңгі бақыт тірегі – Оның (с.ғ.с) жүрегімізде тұтатқан нұрының, иманының ықпалы» деген тамаша тұжырым жасайды.

Ф.Гүлен «Мәулана Жәлаледдин Руми» атты еңбегінде Жәлаледдин Румидың  Аллаға деген беріктігімен белгілі және адалдыққа арқа сүйеп,  өзгелерді де Алланың ақ жолына шақырған шыншылдардың шыңы екенін, оның ой-пікірлері, таным-талдаулары, пайым-түсініктері, рухани игіліктері мен түрлі қоғамдық мәселелерге қатысты айтқан сөздері ескірмей, бізбен бірге өмір сүріп келе жатқанын толғана әңгімелегені де, әсіресе, Румидің туған жерінен қудаланып, ауыр азапқа кезіксе де, қабақ шытпай құлшылық жолында болғанын беріле жазғаны да жай емес.

Ойымызды тұжырымдай келе айтарымыз, «Баяннан» алған әсер- сезіміміз ұшан-теңіз. Оны шағын мақалада түгендеп  шығу мүмкін де әрі қажет те емес. Біз «Пышақтың өткірі жақсы, сөздің қысқасы жақсы» деген халық даналығына сүйеніп, авторға ризалық алғысымызды арнап, алған әсер-сезіміздің тек шет жағасын ғана сездіргенді жөн көрдік.

Енді кітап аудармасы туралы бірер сөз. Шығарманың мән-мағынасын терең түсініп, өзіңе тағлым, ғибрат алуыңа аудармашының да қосар үлесі аз емес. Аудармашы автор ойын қазақша толық әрі түсінікті етіп жақсы жеткізе білген. Оның тіл байлығы, әсіресе бейнелі сөздерді, түрлі теңеулерді орынды, шебер қолдана алғандығы басқаларға үлгі іспеттес. Қысқасы, біз «Баянды» төл туындымыздай қабылдадық. Бұл да үлкен жеңіс.