САНА МЕН СӨЗ

Егер біз ескі жүйемен өмір сүре бергенде көнеден тамыр тартқан алтын арқауымыз – түрік әлемінің бүгінгі жаһандық бәйтеректен әбден лайықты орын алған көрікті бұта, жапырақтарын көріп, тани бермеуіміз мүмкін еді. Ергенекөктен шығып, Анадолыға қоныс тепкен қандас бауырларымыздың әрбір жетістігі түбі бір ортақ этностың пассионарлық секірісін дәлелдейтіндей ұлтаралық құбылыс саналса, артық емес. Алайда қазіргі замандағы аса көрнекті ойшыл, ғұлама ғалым әрі ақын Фетхуллаһ Гүлен белгілі бір саяси-әлеуметтік, нәсілдік, этносаралық, конфессиялық шектелушілікке қарсылығымен, діни әрі басқа да ұстанымдарға төзімділік идеясын насихаттауымен дүниежүзі мойындап, қабылдаған ірі тұлғаға айналып отыр. Ол жазған еңбектердің санына қарап, шығармашылық қажыр-қайраттың тасыған судай екпінділігіне қайран қаласыз.

Ұлы оқымыстының «Баян» атты кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Мұнда Ф.Гүленнің әдеби-философиялық толғаныстары топтастырылған. Бір ғажабы – Ф.Гүлен әдеттегі ғылыми шығармаларға тән деректанушылық, библиографиялық қағидаларға байланып қалмай, мәселе, жағдаятты бәсең стильмен, сақтап отырып, ой кітабына тіркеп қана қоюды қанағат тұтпайды. Әр нәрсені арғы түбірімен бірге қотарып, ең мәнді тұсын мейлінше дәлдікпен тап баса талдай жөнелетін философтың пікір дамытып, оны тарқату әдісі еркін құстың шырқай самғауын елестетеді. Әсіресе ғалымның метафоралық ой жаңбырын бағаламау қиын. Ғалым ақынның арғымағымен арындаса, ақын профессор мантиясын киіп, шабытты байламдардың байсал табуын қадағалайды. Иә, ғылым бүгежектеген диссертация тілінен ғана тұрмайтынын бұрынғыға бас ию емес, қайтсе де «Американы ашуға» бекінетін Ф.Гүлен логикасы мен қиялы биіктен қарап, дәлелдейді. Зерттеуші ми, сезім, түйсік қабаттарының барша нүктелерін іске қосуға ұмтылады. Соның нәтижесінде автор ақыл-ойдың ғарыштық орбитасына көтеріледі. Ол соның өзінде де ішкі мүмкіндіктерін түгел пайдаланбағанын ескертіп отырады. Біз ғалым-ойшылдың филология және эстетика төңірегіндегі байламдарына ғана тоқталмақпыз.

Ф.Гүленнің түсіндіруінде «баян» концепті сан алуан мағына иеленетінін байқаймыз. «Жаратылыс пен баян «мәңгі-бақи» жұлдыздай жарқырап тұрған аянның» сырға толы сарайында егіз өрімдей болып көрінген»[1] деген жолдарда баян материямен қанаттас сана ұғымына меңзейтіндей. Баян жаратушының жаратылысқа тартқан сыйы іспетті. Адам осы сыйдың бірден-бір иеленушісі тәрізді. «... ақиқатты адал жеткізетін тілі және хикметке толы баяны болған» сияқты сөз тіркестерінде тіл мен баян екі түрлі сипат алады. Ф.Гүлен: «Барлығымыз – бір-бір тіл, ал тілдердің жаратылыс мақсаты – баян»[2]  - дегенде, таңбалар жүйесі, яғни семиотика ғылымы туралы сөйлеп отырғандай. «Мына дүние текст (мәтін) емегенде немене?» дейтін постмодернистік таным тұғырындағылардың әділетті тұжырымы еске түседі. Қалай болған күнде де баян – Хақтың тылсым үнінен таралатын көп салалы білім, түйсіктер жүйесі. Оның арқа тірейтіні – ақиқат. «... әрбір нәрсенің негізіндегі мәннің жасырылған дидарын ашқан және оған өз-өзін таныстырып кетуге мүмкіндік туғызған да – баян»[3] . Бұл тұста баян сана, түйсік рөлінде ғана ойнамайды, нақты құбылыстардың таңбалар жүйесінде орын табуға белсенділік қабілетін арттыратын трансцендентальды күш күйіне түседі. Баян – адам баласына тән психофизиологиялық ахуалдардың, іс-әрекеттер тізбегінің, ырықсыз сәттер, сана тасқынының қозғаушы тетігі әрі соны мәлім етуші, реципиентке жетізуші герменевтикалық кілт (код, яки жасырма, жамылғы т.б.).

Баян Ескендір, Наполеондарды тәубесіне келтір-етін, ат басын кейінге тарттыратын алапат шағында ақиқат рухы, әділет алдаспаны кейпіне көшеді. «Баян бесік жырларын тыңдап өстік»[4] дейтін үзілімде ол кәдімгі Абай жырлаған «өлең – сөздің патшасымен» теңдеседі де, мәңгілік өмір кепілі болады. Бірақ философ екі дүниенің барлығына сенімін ойлау үдерісіне араластырғанда Құран Кәрімге қатысты реминисценциялар баян Құдай сөзін  елемегендер үшін ақыретте де «Исрафил періштенің сүр аспабындай»[5] үрей тудырушы кейпін қабылдайды. Демек, тән мен жанның бөлінуіне байланысты Хақ Тағала ешкімге босаңдық танытуы мүмкін емес. Сонымен бірге баян әсемдік пен табиғат дүниесін де құшағына алады. Оның тәтті әуезіне әлем сүйсінеді, ащы даусынан тіршілік иесі қорқады. 

«Сонымен қатар, ол – Алла жолы – Ислам ақиқатының мөрі, қылышы мен қаламы. Алтынның құнын зергер парықтаса, баянның қадірін сөз көсемі сөзгер біледі»[6] . Баян анық теологиялық сипат алып, Ислам дінінің парасатын пайымдата тұрып, ақиқат ұғымын ашық бауырына басады. Ал сөз зергері бұл тұста тек ақын, жазушылар ғана болмаса керек. Ф.Гүлен бүкіл руханият майданының сардарларын айтып отырған сияқты. Түрік ғұламасы материалдық игіліктермен салыстырғанда баянның құндылығын толып жатқан бейнелі сипаттамалармен жеткізеді. Ол жер мен аспан арасында, адамдар мен теріс күштердің арасындағы әрі «патша», әрі «қолбасшы», әрі қисса «қаһарманы»[7]  болғанда мифтік қабаттармен көмкеріледі. Демек, Ф.Гүлен адам аталатын қауымның сана жолындағы эволюциясын, көркем шығармашылықтың танымдық, психологиялық түп-тегін Жаратушының қыл қаламымен сабақтастырады. Ертедегі бір ақынның «Алғашқы сөз Алладан» дейтін пікірі қаперге  келеді. Автор баянның оны тыңдаушыға әсер-ықпалын түрлі құбылту, ажарлау, көріктеу мысалдары негізінде үдемелетіп суреттейді. Баянда өткен және бүгінгі күннің, белгілі бір дәрежеде ертеңнің тынысы сезілетінін айтқанда оқымысты уақыт пен кеңістік, яғни көркемдік мекеншақ (хронотоп) категориясына тән қасиеттер жайлы толғанады. Ф.Гүлен кеңістік шексіздігі жағдайында уақыттың тығыздалуы мен астарласуының негізгі мазмұн табиғатын ашуға қызмет ететіні жайлы қазіргі гетерологиялық тұжырымдамаларға қолдау көрсетеді.

Ф.Гүлен баянды «мән-мағыналардың түсініктемесі, сөздердің ғана дыбысы және белгілі мақсат-мұраттардың ғана сөз қалыбы емес, сондай-ақ ол – ойымыздың айшықталар тілі, сезімдеріміздің тербейтін әуезі, жүрегіміздің жалындар қайраты, Алламен арадағы сұхбаттастық тілмашы, үмітіміздің келешекке қарай ұшырған алтын қанатты құсы»[8] деп, бағалағанда бұл ұғымның көпшілік күтетіндей кәдуілгі, дәстүрлі нұсқасы бой түзейді. Баянның семантикалық мәні ғана емес, көркем әдебиет аясындағы қасиет-қырлары ашылады. Оның мәтін ретіндегі мәңгілік құндылығы ұмытылмайды. Әрине, жоғары деңгейдегі мәтін табиғаты жадыда ұсталады. Сонымен қатар көркем яки ғылыми т.б. шығармашылықтың кездейсоқ пайда болмайтыны, оның қозғаушы күштерінің тым биікте жатқанын әркім сезіне бермейтіні туралы теософиялық байлам түйінделеді. Ф.Гүлен түсіндіруінде баян – Алланың нұрынан тараған сәулелер немесе кванттық элементтер деуге келеді. Бұл – біз білетін Сана мен Сөздің біз үшін ұлы құдірет сыйы екендігін, олардың магиялық қадір-қасиеті осымен арта түсетіндігін әрдайым есте ұстауға қатысты психоэмоционалдық қажеттілік сырын аялай, ардақтай білуге арналған тәмсіл.

Түрік ойшылының филологиялық тұғырнамасы «Әдебиеттің құдіреті» хақындағы толғаныстарынан айқындала түседі. Біз көркем әдебиетті арабтың «асыл сөзінен» дамытамыз. Оған дау жоқ. Ф.Гүлен әдебиеттің «әдеп» түбіріне баса назар аударады. Әдептілікке «ағлақ кітаптары мен сопылық жинақтардың»[9] тікелей ықпалы көңілден тысқары тұрмайды. Көркем өнердің танымдық және тағылымдық маңызы жоққа шығарылмайды. Яғни асыл сөз ұстаушы жан дін боп қалыптасқан имандылық қағидаттарын ұлықтауға тиіс.

Егер Г.-Э.Лессинг Аристотельдің «Поэтикасын» «Евклид геометриясындай» мінсіз  шығарма санаса, Ф.Гүлен Имам Шафиге сүйеніп, «Алланың нұрлы баян жинақтарынан тыс ешбір кітап пен туындылардың мінсіз болмайтындығын»[10] жария қылады. Неміс оқымыстысы Ұлы Жаратушыны сана астарында ұстағанына қазір ешкім дауласпайды. Бір кезде  мұндай көзқарасты атеистік тұрғыдан сынға алған болар едік. Түрік ғұламасы біздің сыртқа шығаруға жасқанып келген наным-пікірімізге Прометей сияқты тіршілік отын ұсынады.

Ф.Гүлен адамзатпен бірге кіндігі кесілген «баянды» әр қырынан жетілдіру барысында сөз зергерлері әдебиет атты киелі ұғымды орнықтырғанын мәлім етеді. Бұл – көркем әдебиеттің қалыптасу жолында жартылай фантастикалық, жағрафиялық, антропологиялық, демонологиялық, космогониялық, тарихи, мистикалық сипаттағы мифология мен фольклорлық дәстүрлердің аса зор эволюциялық қызмет атқарғанын әйгілейтін тұжырым. Сонымен қатар философ тіл мен әдебиеттің өзге ғылымдар қатарынан орын алуын уақыт заңдылығына жатқызуында логикалық аяда тосын өзгешелік бар. Ертеде бәрі де өнер саналып, кейінде даралық қасиеттері айқындалған таным салаларына хас алшақтық белгілер емес, о бастағы ортақ сипаттарға баса көңіл аудару оларды біріне-бірін қоспайды, бірақ сөз және тіл әлеуеті мен жетістіктерінің шын мәнісіндегі құзыреттілігін алға шығару, өз дәрежесінде саралау ниеті бас көтерген.   

Көркем әдебиеттің ақпараттық, эстетикалық, мекеншақтық үдерістеріне қоса Ф.Гүлен оның ұлттық діл мен өмір көріністерін бейнелеуге тиіс «сана сәулетшілерінің» айырықша талант жемісі екеніне екпін түсіреді. Ол сонымен бірге жеке өңірлік қызықтармен тұйықталмай, жалпыхалықтық, жаһандық құндылықтарға қатысты мәселелерді қозғау, соған тіл, сезім, ой қарымымен араласу суреткердің азаматтық бағдарын айқындайтынын аңғартады. Филолог ретінде автор әр нәрсенің екіұшты жақтарын салалас, сарындас қарастыруды дұрыс көретін шынайы диалектикалық тұғырдан табан аудармайды.

Әдебиеттің халық, қоғам болмысының тарихын болашаққа жәдігер етуші мәніне назар аударатын оқымысты осы және басқа да әлеуметтік, эстетикалық міндет-мақсаттарды жүзеге асыруда тілдің жан-жақты қызметіне көңіл бөледі. Тілдің таңбалық қасиеттерін есте ұстайтын Ф.Гүлен оның да тарихи мираскерлік ұлағатын атап өтеді де, ой-сананың биік өрістеуі  тілдің сан тарапты дамуымен тікелей байланыстылығына ден қояды. Ұлттық болмысты анықтайтын бірден-бір феномен тілдің тұрмыс-тіршіліктегі, әлеуметтік жіктер арасындағы өмір сүру ерекшеліктері руханияттық тұрғыда марқаю талаптарына сай сарапталады.

«Асылында, өмірді шын мәнінде өз тереңдіктеріне сай сезе білгендер де өздерін өзгелердің бақыты үшін жанын пида еткен риясыз рухтар болса керек...»[11] - дейтін Фетхуллаһ Гүлен сөздерінде терең мағына бар. Ол зияткерлік еңбектің қайраткерлерін жалаң патриоттық түсініктен гөрі одан әлдеқайда кең эзотериялық сипаттағы теософиялық пайым аясында бағалайды. Демек, ғалым, жазушы өздері үшін ғана тер төкпейді. Олардың туындыларын қабылдаушы субъекті мен тарихи-әлеуметтік уақыт құндылықтары автор феноменіне игілікті сапалар қосады. Әділетті шешім. Нақты адамның рух кейпінде алынуы да Ф.Гүлен дүниетанымының ерекшелігіне сәйкес. Демек, шығармашылық тұлға «сана сәулетшісі» ғана емес, бақыттың да мүсіншісі. Бұдан қоғам да, оның мүшелері де зардап шекпейді. Бар-жоғы талант атты құбылыстың мейірімді жүрек ақиқатымен зерделенген шынайы табиғаты ашылады.

Ф.Гүлен «Сұлулардың сұлуы Алла»[12]  дегенде, А.Блаженный, Ф.Аквинскийлердің пікірлерімен үндеседі. Інжілдегі Мұса пайғамбар әлемді Құдайдың кітабына баласа, Ф.Гүлен Құран Кәрімді әлем кітабына санайды[13]. Әрине, баянның иесі кім екендігіне күмән тумайды. Айналадағы табиғат, зат көріністері мен құбылыстарының объективтілігі мен субъективтілігі де ғалым үшін жоғары күшпен байланысты. С.Лалоның «... күннің батуы тек сұлулықты сезетін адамдар үшін ғана сұлу» деген ойын мысалға келтіретін Ф.Гүлен дүниені қабылдау үдерісіндегі жекелік импульстардың белсенділік қабілетін қуаттайды. Соның нәтижесінде шығармашылық тұлғалар мен олардың нәзік жаратылысты адресаттарына тән эстетикалық түйсік арасындағы түсінісу алаңы түзіледі. А.Потебня бұл мәселені психологиялық аяда түйіндесе, Ф.Гүлен оның аспан әлемімен сабақтастығына мезгейді. Ф.Гүлен И.Кант мәлімдейтін әсемдікке тән бейтараптықты, атап айтпаса да, мойындамауы әбден мүмкін. Өйткені ол адам – әлем – Алла Тағалаға тірелетін үш таған теориясын жалғастырудан жалықпайды. Осы үйлесім ғана дүние қозғалысын өзіне тән әдемі ырғағынан айнытпайды. Философ қоршаған ортаның бар сұлулығын тамаша суреттеп келеді де, олардың адам феноменімен тамырластығына қадалады. Ал адамның кімнен күш алатыны белгілі. Біз «оның рұқсат еткен шегінде ғана тіршілікке араласамыз»[15],[14]. Осы ретте М.Бахтиннің көркем шығармашылыққа орай «автор өзі жасап жатқан әлемге» киліксе «эстетикалық тұрақтылық бұзылатыны»[16] жайлы байламы ұқсастық іздеп тұрғандай. Яғни адамның табиғи әлеммен, автордың көркемдік әлеммен арадағы қарым-қатынасы Демокрит айтатын мөлшер идеясымен ұштасып жатуы «эстетикалық тұрақтылыққа» жеткізуі мүмкін. «Эстетикалық тұрақтылық» Ф.Гүлен дамытатын жоғарыдағы үш тағанның түсінісу алаңын еске салады. Әрине, М.Бахтин көзқарасы «табиғатқа еліктеу» теориясы ауқымында туындаған.

М.Бахтин байламын жалпы тұғырнаманың ішкі айналымы қатарында  бағамдау оңды нәтижеге жеткізбек. Ф.Гүлен үшін адам жанына жайлы сезім-күйдің орнықтылығы оны «оятқан жәйттердің шын иесімен қарым-қатынастың орнағанына байланысты»[17]. М.Бахтин қарапайым тілмен айтқанда характер логикасы, оның еркіндігі жөнінде толғанса, Ф.Гүлен сол әрекеттің өзі және қорытындысы, айналаға әсер-ықпалы, көкейге қонымдылығы немесе қонымсыздығы түгелдей Тәңірдің қалауымен үйлесетініне нұсқайды. Ондай қалау құдіретті күшке ие болғысы келген авторға да, ол сомдайтын кейіпкерлерге де немесе осыларға өмірлік негіз ретіндегі  басқа адамдарға да қатысты.

Түрік ғалымы өлең сөздің мазмұндық, пішіндік қасиеттері туралы да осы бағдардағы пайымдаулар жасайды. Өлеңнің шынайылығы мен әсемдігі ар-ұждандық құндылықтармен өлшенеді. Поэзия сан алуан ескі және жаңашыл ағымдармен байланысты болса да, «шынайы өлең – адамгершілік сезімдеріміздің түйсігі, көңілдердің өз табиғатына сәйкес үні мен дыбысы, адам, әлем және Алла арасындағы қарым-қатынастың (ашық немесе жабық) либреттосы, композициясы мен әні ...»[18]. Ол – «ақиқаттардың» бір-бір көлеңкесі», «берік иманымыз, үмітіміз, ерік-жігеріміз, сұлулығымыз, ғашықтығымыз, сағынышымыз бен іңкәріміз». В.Белинский де осындай шабытпен толғанып, поэзияны өмірдің барша қасиеттерін асқақтата өрнектейтін өнерге санағаны аян. Алайда Ф.Гүлен өзгелерді қайталамайды, өз көкірегінен шыққан шындықты өзгеше зор ықыласпен  ақтарады. Оның үстіне осы психоэмоционалдық ахуалдардың бәрін де, ақынның шеберлігін де «сөз гауһарынан зержіппен көмкерілген баян атласына»[19]  теңейді. Ал баян – кез келген пенденің үлесі емес. Алланы сүйген құл ғана, Алланың сүйген құлы ғана киелі аянмен астарлас баянның нұр-шапағатын сезіне алады. Сөз тиегі сонда ғана ағытылады.

Ф.Гүленнің дүниетанымына тән ерекшеліктер дәстүрлі қисса-хикаялар, ертегілік ғажайыптарға иланып өскен қазақ қауымына жат болмаса керек. Түрік ғұламасының ой-парасаты ертегідегі мәлімсіз мекеншақтардың алыс қырларын жақыннан көрсетеді, ертегінің әдемілігі мен бүгінгі болмыстың ажарсыз тұстарын салыстыра отырып, қиялды шындықтың қолына қондырады, шындықты  қиялдай биікке көтереді. Бұл – ерекше таланттың белгісі. Ол жер-жаһанның тұрғындарын бір бастауға шақырады. Ол біздің Жаратушы Иеге деген сенімімізді арттырады. Тәубемізді ойға түсіреді. Ол ғарыштық әрі имандылық үйлесімнің ғажайып сырларын ашуға жол сілтейді.


[1] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 5 бет.
 
[2] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 6 бет.
 
[3] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 6 бет.
 
[4] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 7 бет.
 
[5] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 7 бет.
 
[6] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 8 бет.
 
[7] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 8 бет.
 
[8] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 12 бет.
 
[9] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл.  14 бет.
 
[10] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл.  14-15 беттер.
 
[11] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл.30 бет.
 
[12] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 32 бет.
 
[13] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 33 бет.
 
[14] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 14 бет.
 
[15] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 42 бет.
 
[16] Бахтин М. Проблема автора // Вопросы философии. – 1977, № 7. – С.152.
 
[17] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 39 бет.
 
[18] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 62 бет.
 
[19] Фетхуллаһ Гүлен. Баян. 2009 жыл. 63 бет.