Түркия премьер-министрі Тайып Ердоған Фетхуллаһ Гүленді отанына оралуға шақырды

Х Түрік тілі олимпиадасының жабылу кешінде Түркия премьер-министрі Тайып Ердоған сөз сөйлеп «Жырақтағы сағыныш қасіретін басатын уақыт жетті» деп Фетхуллаһ Гүленді еліне оралуға шақырды.

Көп өтпей интернеттегі арнайы сайтында Ф.Гүленнің осы өтінішке байланысты жауабы жарық көрді. Онда ғалым әлсін-әлсін көңілі босап, көзіне жас алып отырып былай деді:

«Әуелі мынаны айта кетейін, ол өзіне жарасымды мінез көрсетті. Алайда одан бұрын да мемлекет басшысының тіке айтқаны немесе біреулер арқылы осы өтінішті жеткізгені есімде. Жоғарғы деңгейлі басқа да мемлекеттік қызметкерлер өздеріне тән кісілік мінез танытты. Бүгінге дейін мен қаншама адамнан осы сөзді естідім. Сол кісілерден мені зиярат етіп келгендері де осы өтінішті айтумен болды. «Түркияға қайтатын уақыт әлі болмады ма?» десті. Олар өздеріне жарасымды қадамға барып отыр, олай болса мен де – мен деген сөздің өзі сондай тұрпайы – мен де өз әлетімше маған жарасымды құлығымды көрсете білуім керек. Олардың «келіңіз» деп шақыруы табиғи нәрсе. Халық та олардың шақыруын дұрыс көруі мүмкін. Сірә, кештегі ду қол шапалақтан халық осыны қалап отыр деп ұқса керек құрметті премьер-министр «түсінемін» деп қалды. Яғни өз түсінігін де сездірді. Халық былай да ойлап қалуы мүмкін: «Олар шақырмаса, мен бармаймын, Түркия қауіпті жер, басым бір пәлеге ұшырауы мүмкін» деп. Айтпағым, мен ешқашан жеке басымның бір пәлеге ұшырауын қауіп еткен емеспін. 27 майды көрдім, сөгіс алдым, тіпті өліммен бетпе-бет келдім. Шыға келген бір полиция қызметкері «Тоқта!» деп тоқтатпағанда, мені баспалдақтан төменге лақтырмақшы болған да еді. «Тоқта!» деген бұйрық естілгенде олар тоқтады. Сөйтті де «Сен бұл жерде қайдан жүрсің?» деп, мені ол жерден қуып жіберді. Ол кез әлі әскерге бара қоймаған мешіт имамы болып жүрген кезім еді. Одан кейін 12 Март оқиғасына тап болдым. Сот үш жылға созылды, мен үш жыл бойы бас бостандығымнан айрылдым, бір жыл айдауда жүрдім, айлап қамауда отырдым. Алайда бұған қуана-қуана бардым, ешкімге мұң шақпадым. Мұңымды шақпағанымды өздеріңіз де білесіздер. 12 Қыркүйекте дәл бір қылмыскер іспетті 6 жыл қашып жүргенім ғана бар. Отырып шыққандар «Түрмеге түскендерді оңдырып жатқан жоқ» деді. Әскерден таныс марқұм Жахид мырза отырып шығып, «Лаж болса жолама» деді. Тағдырым оларға бас имеуге шақырғандай маған басқа жол сілтеді. Мен сол жолмен жүріп кете бардым. Өз бетіммен барып берілгім келмеді. Өйткені олар нашар пиғылдылар еді, ойлағандары жамандық болатын. Бұрын да небір жамандық жасауды ойлаған, әлі де қастық жасау ниетінде еді. Кейіннен 28 ақпан, 27 сәуір оқиғалары орын алды. Сол кезеңде де қорқыту-үркітулер болып жатты. Тіпті бір жолы 1997 жылы тағы да Америкада едім. Мемлекет басшысы бір тұста маңызды өзгеріс болғанында маған телефон соғып «Келіңіз, енді бұл жақта қауіп жоқ» деді. Бардым. Сөйттім де емделу мақсатында қайта Майо клиникасына келдім. Содан бері осында қалып қойдым.

Әсілі жеке басымды ойлап ешқашан қауіп еткен емеспін. Дүниеге мені тәуелді ететіндей еш нәрсем жоқ. Әсіре айтқандығым емес. Иелігімде ештеңе жоқ. Отбасым, бала-шағам жоқ. Болашаққа деп жиған да ештеңем жоқ. Мен бұндай нәрселерді өзім шын жүректен берілген, өмірімнің мұраты деп білген ұлы іске, ойға қарама-қайшы нәрсе деп білдім.

Дәл осы тұста ұяла отырып тағы бір нәрсені айта кетейін. Әскерлігімді өтеп жүрген тұста ата-анам көкемді және басқа да сыйлы үлкендерді араға салу арқылы маған «үйлен, өміріңді өзгерт» деді. Өте тартымды ұсыныс айтқан әрі өзім ізінен ерген көкеме «Мен сіздің дінді ұстануыңыздан күмәнданам» дедім. «Дініміз күн сайын тұралап бара жатқан тұста мен бар ынта-ықыласымды соған салдым, ал енді сендер аяғыма тұсау салмақ болсаңдар, мен омақаса құлармын. Мен ондай нәрселерді еш ойлаған емеспін, ойға алған да емеспін» дедім. Өзім қатты жақсы көретін Яшар ұстаз Измирге келгенімде мойнымнан құшақтап, Кестанепазарының ауласында «Қашанғы жүресің.. пәлен-түген» деді. «Ұстаз, – дедім, – мен ондай нәрсені еш ойлаған емеспін, өзімді осы жолға арнадым. Басқа нәрсені ойлауды өзіме харам деп білем. Бұндай ұстаным елдің бәріне тән объективті емес. Мен әлсіз адаммын... Екі нәрсені бірдей көтеріп жүре алмаймын. Біреуін алып жүрсем де жетер...». Мойнымнан құшақтап «Мені сен де тыңдамасаң, басқа кім тыңдайды?» деді. Сол өкпелеткен күйі ол кісіні қалдырып жүре бердім.

Дүниелік еш нәрсеге құмартпадым, дүниелік еш нәрсеге байланған да емеспін. Нәпсіге ұнамды ұсыныстар жасалған уақыттарда «Осыны бір көрейін» демедім, олай ойламадым. Ардақты пайғамбарым Мұхаммедтің құрметті есімін төрткүл дүниеге паш етуді ғана қаладым. Алайда ол туралы айтылатын нәрселерді дұрыс айта алмадым... араға нәпсімді араластырдым... үнімді дұрыс шығара алмадым...

Жеке басымды ешқашан уайымдаған емеспін. Тіпті «44 жасымда мені дарға асатын шығар» деп ойлағанмын. «44 те аспады, бәлкім 55 жасымда асар, бір мүшел қосып дедім»... «Мүмкін 66 жасымда асатын шығар» дедім. Аспады. Осы нәрсе ойымнан еш шыққан емес. Бұған Раббым куә, жүрегімді біледі ғой. Алайда егер сіздің ғұмырлық мұратыңыз болса, ой тереңдігіңіз болса.. жүз де бір ықтималдылықпен қауіп-қатер төнетін болса, Түркияда жаңа келеңсіздіктер туындамауы үшін, кикілжіңдер орын алмауы үшін, осы күнге дейін жеткен жетістіктерден, Құдай сақтасын, айрылып қалмау үшін жеке басымды ойлағаннан емес, осы мақсатта бармағанды жөн көрем. Егер осы уайымым сейілсе, онда пақырдың білетіні... Пақырдың білетіні... «Менің білетінім» деуден менмендіктің жағымсыз иісі шығады, «Менің білетінім» демеймін, пақырдың білетіні... барған кезімде біреулер кек алу мақсатында кейбір мекемелерге зиян тигізіп басшылықты қиын жағдайға душар ететін болса, қатер жүзден бір ықтималдылықта тұрса да, Түркиядағы оң өзгерістерді тежейтін болса, мен қалған ғұмырымның жеткенінше осында болуды жөн көрем. Еліме, ұлтыма, мемлекетімде болып жатқан сол нәрселерге кесірі тимеуі үшін даауссыла деп туған елімді аңсап, кофе ішкен орындарды есіме алып, ол жерлерден мейлінше алыстап, жүрегім сыздаған сәттерде де одан мейлінше алыстап, осында қалып, осында өмір сүре берем...

Бүкіл қауіп сейілгенде жақын достарыммен, тағдырлас серіктеріммен отырып, мәселені егжей-тегжейлі ақылдасамын, содан кейін барып... Қалауым, осында өлсем, осында көмілгенді қаламаймын. Өз еліме, өз топырағыма көмілуді қалаймын. Келе жатқанда осында өліп кетермін деген оймен достарыма «Ақшаларыңа бір жер сатып алыңдар, біздікі болсын, түрік ұлтыныкі болсын, сол жерге көміңдер» дегенмін. Алайда кейін бұл ойымнан қайттым. Жұртыма деген сағынышым олай ойлауыма мүмкіндік бермеді.

Өз елімде өлуді және мүбәрак анамның аяғының қасына жерленуді қалаймын. Бұны менің өсиетім деп қабылдарсыздар. Алайда жасаған істерімде, ойларымда, жоспарларымда, ұлтыма, еліме зәредей де зиян тиюіне қарсымын. Жүзден бір ықтимал болса да қарсымын.

Менің елге қайтуымды өтінген достарымыз, мемлекет басшылары айыпқа бұйырмасын... Өтініштері олардың өздеріне жарасымды мәрт мінез, алайда менің бұл мәселеде осындай ойда болуым да оларды құрметтегендік әрі олардың істеген істерін құрметтегендіктің белгісі...