Ойрандалған табиғат

Табиғат – адам баласына тарту етілген, көркіне көз тоймас «көрме» десе болғандай. Десек те, табиғатты көрікті көрмеге теңеуден гөрі сыр мен жыр тұнған «кітапқа» теңеген әлдеқайда орынды секілді. Өйткені, сыр мен жырға малынған ғаламат кітаптың сұлу бейнесін оймен оқып, оның тереңіне бойлау, бар ғаламның жылуы мен сұлуын бір бойына жиып, қиюы келіскен қилы-қилы әсемдік иірімдерін тамашалап, таңдай қақпасқа болмайды. Арайлап атқан әрбір таңда ұзатылар қыздың жасауындай көз жауын алып құлпыра түскен табиғат тұтас тіршілікке нәр беретін өмір ағашының өзегі тәрізді көңілімізді көктемгі күннің шуағына бөлейді.

Табиғаттың кереметі сондай – шалықтаған түсі-мізге сыймастай көрінетін жүйрік қиялымыздың өзін асаудай құрықтап, тұсау салатын кездері болады. Мұндай қалпында дәл бір ертегідегідей махаббат пен ғашықтықтың бал-суымен толқыған алып мұхитқа желкен ашқан кеменің түн қараңғылығын мың-сан шамымен нұрға бөлеп, сәуле шашқан сиқырлы сұлбасын тамашалағандай боласың. Жер мен көкті қабыстырып, көкке шаншыла қадалған асқар таулардың айбыны, жайыла төселген құрақ көрпе секілді сәнмен бой түзеген ой мен қырлар, шатқалдар, жоталар, талай тіршіліктің тірлігіне ұйытқы болған сыңсыған орман-тоғайлар, ойыңды самғатып, бойыңды балбыратар жайқалған бау-бақшалар, қорықтар, құстардың жаныңды елжіретер тамылжыған үні, жан-жануарлардың сәнмен жосылған тіршілігі, көктен берекет боп құйылған жауын, міне, мұның барлығын тамашалап, Жаратушыға деген шексіз алғыс, мың шүкірмен адам құдды мәңгілік әлемінің іргетасын қалап жатқандай тамаша әсерге бөленеді.

Иә, жаратылыстың таңғажайып тылсымына құмартқан сезімтал жүректер табиғаттың бауырынан буырқана атқылаған Шексіз Құдіреттің шарапатын сезініп, құлақ құрышын қандыратын рухани саз бен назға еліп, дәл осы ләззатты жан дүниесінде тереңірек сезінуге талпынады. Талпынған сайын ғажайып болмыстың тылсым сырларына тамсана түсетіні және бар. Тамсана-тамсана көкейде таусылмас дас-тан, түгесілмес жыр туындайды. Осылайша тереңнен толғап, тебіреніске түскен пәк көңілді жандар табиғатқа зерделі назар салған сайын жүректері сілкініп салғандай мәңгілік әлемге қатысты терең тебіреніске түседі.

Мәселен, қандай да бір қолөнер туындысына қарап, туындыдағы талғампаздық пен эстетикалық терең-діктен ұстаның шеберлігіне қайран қаламыз. Сол секілді табиғат тәрізді туынды да барша жаратылыстың тамаша тәртібі мен ғажайып үйлесімінің қайнар бастауынан, тұтас тіршілікке өмір сыйлаушыдан, ешбір жан санасымен ұғынып, парасатымен пайымдай алмайтын Жаратқанның Ұлықтығынан сыр шертеді.

Табиғаттың көрінісіне қарап, көк аспанмен қам-шының өріміндей біте қайнасқанын көруге болады. Мәселен, аспанмен таласқан, көкке қарай ынтыға ұм-тылған асқар тауларды көк аспанның аймалай құшуы құштарлықтың неткен жарасымды көрінісі десеңізші! Дәл осы тәрізді адамның аңсаған арман-қиялы да гүл аралап бал жиған араның тоят таппас ізденімпаздығы тәрізді, жаратылыстың сәні мен мәнін терең толғаған сайын сағым қуып, көкжиекте көрінген армандарына қарай сапар шегіп, самғай түседі. Аңсаған арманына жеттім дегенде рухани ләззатпен шалықтаған киелі сапарының мұнымен бітпейтінін, бұл жолдың шексіз-шетсіз мәңгілікке қарай созыла түскенін аңғарғандай болады. Мұндай күйге жеткенде рухының терең қатпарларындағы мәңгілік әлемге қатысты сырлы саз бен әсем наз тыңдағандай ғажайып күйге бөленеді. Сезімдік танымының жүйріктігі саясында осынау ғажап әлемнің құтты қонағы болудың жолын тапқандар, құштарлық пен махаббаттың жалынына шарпылып, аңсап жеткен сүйіктісімен қауышып, осынау тәтті түстің аяқталғанын әсте қаламас еді.

Жүрек пен рухты, ар-ожданды мың-сан ләззатқа бөлейтін рухани танымның терең де қазыналы ілімін бойына дарытып, көңіл көкжиегінде киелі саяхатқа шығуға белді бекем буған жандар табиғат-тың көңіл көкжиегін кеңейтетін тартуы тәрізді түрлі ғажайыптарынан мейлінше рақат тауып, ләззат алмақ. Мұндайда тау-тас, сыңсыған орман, жылан бел, күміс-тей мөлдіреген бұлақтар, «уахдат» «уахдат»[1] деп наздана ағып, теңізге құйылатын өзен-сулар, әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде табиғаттың мың құбылып-түрленген ғажайып көрмесі тәрізді көркем көрінісі қиял әлемінде қыдыртқандай күйге бөлейді.

Табиғаттың талай жырға арқау болған сән-салтанаты, пейіштің лебіндей нұрлы, шуақты, қуатты сұлбасындағы өзгеше сұлулық, сұлулықты сұңғыла еткен жарасым, жарастықты жайлауға айналдырған үйлесім, міне, осы көріністердің астарында табиғат: «Менен асқан шеберліктің үлгісін тауып көр, қане...» деп, наздана жымиғандай болады. Міне, осынау сұңғыла сұлулықты жан-жүрегімен сезінгендер табиғаттың тылсым шұғыласына шарпылып, қымтаулы құпиясына құмарта түседі. Табиғат тамашасынан бақыттың шәрбатын ішердей рухани сезімдік танымы терең тылсымдарға ашылған кәміл жандар тұтас тіршіліктің ынтызарлықпен «Һу-Һу-Һу»[2] деп Жаратушыға жалын атып, жалбарынуын, зікір салуын көкірек көзімен тамашалайды. Мұндайда жібектей есілген, көздің жауын алатын әрбір гүл өздеріне тән әсем лебіздерімен Ұлы Жаратушыны бір-бірімен жарыса мадақтап жатқанын көруге болады. Рухани сезімдік танымның мұншалықты тереңіне бойлаған жан осындай сәттерде уақыттың шектеулі кеңістігінің түндігін түріп, ықылым заманнан келе жатқан сұлулық атаулыны бірден, бір сәтте сезініп, бастан өткергені үшін қиял жетпес қиядағы ләззаттың шексіз мұхитына қарай желкен ашады.

Тіпті, кейбір өлкелер жыл он екі ай еш өзгермейтін алабөтен ерекшеліктерімен баурап, таусылып бітпей-тін лек-лек сезімдердің жүрекке құйылуына арқау болмақ. Мұндайда адам сұлулық пен ләззаттың шыңырау түбіне бойлағандай сезініп, бейне бір осы дүние мен мәңгілік әлем бірігіп, біте қайнасып кеткенін көреді. Бұл тұста тек қана пейіштің әсем саздарын әндетіп, өзен-сулардан жаннат бұлақтарының сылдырай аққан сиқырлы әуенін естімек. Ал ағаштардың аймалай ескен самалмен еркелей толқуынан фирдәус жаннатындағы бақшалардың сыбдырын тыңдай түседі... Сайып келгенде, барша сұлулықтың жүректе жібектей естірген ғажайып сезімдерінің жетегінде мәңгілік сұлулық сырларының табалдырығын аттап, ілгері қарай ұмтыла түседі. Алайда ілгерілеген сайын фәни өмірде мұншалықты ләззаттың барлығын сезініп, тамашалауға қабілеті жетпейтінін ұғынып, мәңгілік өмірге деген ынтызарлықтан жүрек жалын атып, сағынышпен сарғаяды. Соңында осынау жалын шашқан сағынышына қауыштыруға құдіреті жететін жалғыз күшке – Жаратушысына мұңы мен сырын ашады.

Иә, адам баласы тамашалап, тағылым алуы үшін жаратылған аяулы табиғат қазіргі таңда қараусыз қалып, күл-қоқысқа айналуда. Көзіміздің қарашығындай қорғауға тиісті табиғатты қуарған шөлге айналдырып, көресіні көрсетіп жатқанымыз қандай қасірет десеңізші...

Иләһи әмірдің және құдіреттің ғарышпен ұштасқан тамаша нышаны болып табылатын ауа бүгінгі таңда әбден ластанып, дүниені бірде сел боп сергелдеңге салса, бірде құйын боп құтын қашырып, қаһарлы мінезін көрсететін болды. Жаратушының тіршілікке тірліктің бастауы ретінде тарту еткен судың әбден ласталғаны сонша – кейде өзен-суларды адуынды ашумен арнасынан тасырса, енді бірде табаны кепкен тандырдай татымы болмай тіршілікке зәрін шашуда. Ұлы Жаратушының дарқандығы мен кеңшілігінің шағылы тәрізді топырақтың лықыған берекеті тарының қауызындай тарылып, эррозияға ұшыраудың салдарынан құс ұшпас құлан жартас тақыр шөлге айналып барады.

Иә, адам баласына аманат етіп табысталған тамаша табиғатқа да қиянат жасадық. Тақыр шөлге айналған топырақ, ластанып біткен өзен-теңіз сулары, өкпені қапқан ауа, өртенген яки оталған ормандар, өндірістік мақсатта аяусыз айдалған баулар мен қорықтар қолымызбен жасаған қиянатты мойнымызға қоятын айдай айғақтар емес пе? Пейіштің сәулесі тәрізді аяулы дүниемізді «қан қақсатумен» өз-өзімізге қиянат еткеніміз өкінішті-ақ!...

Түптеп келгенде, адам баласы белден басып, беталды бүлдірген жер бетін қайта қалпына келтіріп, бұрынғы сәні мен салтанатына қайта қауыштырмаса, Нұх қауымының басына келгендей қасіреттер[3]  біздің де басымызға төнерін ұмытпайық!



[1] Аллаһ тағаланың жалғыз, дара екендігін білдіретін сөз
[2] Бір Аллаһ «Ол», «Ол».
[3] Құран Кәрімдегі мағлұматтар бойынша, Нұх пайғамбар кезеңінде жер бетін (қайсыбір көзқарастар Құран Кәрімде айтылған оқиғаның Таяу Шығыс елдерінде болғанын алға тартады) тұтас топан су басып, Нұх пайғамбардың кемесіне мінгендер ғана аман қалып, басқа барлық тіршілік иелері жойылып кеткен.