Ұрпақ тәрбиесі

Тәлім-тәрбие мәселесіне қатысты ой өрбітіп, қалам тербемей тұрып: «Жалпы тәлім-тәрбие дегеніміз не? Жас ұрпаққа қандай тәрбие берген жөн? Оларға қандай білім береміз? Білім берудегі мақсатымыз не? Осынау қасиетті борышты кімдер атқаруы тиіс?» деген секілді көңілді толғандырған бірқатар сауалдарға жауап ізде-ген жөн.

Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақтылы мақсаты болмаса, жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, күні ертең сан соғып, сандалып қалары анық. Сондықтан оқу-ағарту мәселесінде нені оқытып, қандай әдіс-тәсіл қолданатынымызды алдын-ала айқындап алған жөн. Әйтпесе, жас жеткіншектерге жүйелі тәрбие бере алмаймыз, берген күннің өзінде еңбегіміз еш кетеді. Ал жас ұрпақ оқып-тоқығанын өмірлік тәжірибесінде қажетіне жарата алмай қиналады.

Ұлттық болмыс пен ұлттық тәрбие бір-бірімен ты-ғыз байланысты. Ұлттық болмыс жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазіргі ұрпақ бізден алған тәлім-тәрбиені өзінен кейінгілерге жеткізуші алтын көпір деуге болады. Қандай да бір халықтың өсіп-өркендеуі артына үрім-бұтағын жалғастырар ұрпақ қалдыруына байланысты. Дәл осы секілді халықтың рухани құндылықтары да тәлім-тәрбие арқылы ұлт жадында жатталады. Қоғамның басты тірегі – отбасы. Отбасының шаңырағы шайқалса, қоғамның құты қашатындығы секілді ұлттық, рухани және адамгершілік құндылықтарды аяқ асты еткен қай қоғамның да көп ұзамай бордай тозары анық.

Қоғамдық өмірде адамдар бір-бірімен етене араласып тіршілік кешетіндігі үшін әрдайым бір-біріне қарап бой түзейді. Сонымен қатар, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен қоғамдық орта да тәлім-тәрбиеге едәуір ықпалын тигізеді. Мәселен, жанұядағы отағасы бүкіл отбасы мүшелеріне, ал ұлттың бетке ұстар игі жақсылары тұтас қоғам мен халыққа үлгі болып, ықпал етеді. Ендеше ұлт өз дамуының соңғы межесіне жетіп, толық қалыптасуы үшін қоғамды құрайтын әрбір тұлға ұлттық құндылықтарына арқа сүйеуі қажет. Мұнымен қоса, ел тізгінін ұстаған басшылар мен зиялылар, болашаққа байыппен қарап, парасаттылықпен әрекет етіп, ұлты үшін жанын шүберекке түйген жанкештілік таныта білуі де ауадай қажет. Мәселеге «Сіздердің әрқайсыңыз бақташысыздар, барлығыңыз да қол астыңыздағыларға жауап бересіздер»[1]  деген өсиет негізінде қарайтын болсақ, ұлттың игі жақсылары халыққа әуелі өздері бастап үлгі болып, сонан соң қоғамдағы әрбір адамның өз халқы үшін пайда тигізуі, халқы үшін, ұлтының болашағы мен игілігі үшін еш нәрседен аянбай қалтқысыз қызмет етуі арқылы жүзеге асады.

Тәлім-тәрбие беруді мойнына алғандар осынау жауапкершіліктің маңыздылығын бір сәтке болсын қаперден шығармағаны жөн. Біз балаларымыздың баянды болашағы үшін басымызды бәйгеге тігіп, барымызды салып, талай қиындық пен кедергіні жеңіп, солардың қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт әрі бақытты ғұмыр кешуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық делік. Бірақ, өскелең ұрпақтардың бойына рухани құндылықтар мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті тәлім-тәрбие арқылы нықтап орната алмасақ, онда, осыншама төккен теріміз бен еткен еңбегіміз бос әурешілік болмай ма?

Иә, кез келген ұлттың ең үлкен қазынасы – тәлім-тәрбиемен нәрленіп, сәуле шашатын асқақ арман-мұраттар, рухани құндылықтармен сусындап, ақыл-парасатпен қаруланған жасымас жігерлілік әрі осындай құндылықтардан күш алған мәдениет болып табылады. Мұндай асылға қауышқан кез келген ұлтта елінің аспанынан алысқа шығандап, әлемге құлақ түргізіп, дүбірлі дүниенің төрінен орын алар асқақ рух пайда болмақ. Ал мұндай асылға ұмтылмаған, халықтың рухани тамырын шынықтырып, тәлім-тәрбиемен ширатпаған ұлттар дүбірлі бәйгеде шаң қауып, артта қалмақ. Мұндай қауым өз базарын өзі тарқатып, өз бақытын өзі тебеді.

Егер тәлім-тәрбие арқылы жас ұрпаққа заманауи ғылым-білімнің тізгінін ұстатып, жүрегін иләһи нұрмен көмкерілген руханиятпен сусындатсақ, санасына төл тарихын сіңдіріп, жүздерін жарқын болашаққа қарай бағыттай білсек, төккен теріміз бен еткен еңбегіміздің зая кетпегені. Зая кету былай тұрсын, еңбегіміздің жемісін еселеп көретінімізге кәміл сенімдімін. Тіптен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі үшін жұмсаған тиын-тебеніміз бен қажыр-қайратымыз бір тұқымнан мың бір миуа беретін жеміс ағашындай елімізді құт дарыған берекетті қазынаға қауыштырады.

Жақсы тәрбиемен бұғанасы қатқан жас буындар жұлына жұлқынудың жазмышынан сақтанып, жақ-сылыққа ұмтылатын, үмітсіздікке салынып, жүрдім-бардымға жүндей түтілмейтін қадір-қасиетке ие болады. Ал, мұндай сана-сезімнен мақұрым қалғандар ата-бабаларынан қалған бар байлықты дарақылықпен шашып-төгіп, рухани жұтаңдықтан жігеріне құм құйылып, жел айдаған қаңбақтай ой мен қырды аралап, жойылып кете бермек.

Бүгінгі күні ұлттың ұйытқысы болатын игі жақ-сылары екі жолдың бірін таңдайтын жол айрығында тұрғандай. Біріншісі, жас ұрпақтың бойына адамгер-шілік құндылықтарын дарытып, рухын кемелдендіру болса, екіншісі, адамдық болмысының мәнінен алшақ-татып, санасын улау. Ендеше, жауапкершіліктің таудан да ауыр салмағын жан-жүрегімен сезініп, жылдар бойы салғырттық салдарынан ушыққан ұлттың рухани дүниесіндегі күйзелісті жоятын шешім қажет. Әйтпесе, маңдайынан соры арылмайтын талай ұрпақ күні бүгінге дейін әулекілігі салдарынан желдің өтіне, жаудың бетіне тастаған ұлттық болмысының ең асыл қазыналарынан басы бүтін көз жазып қалуы бек мүмкін. Осылайша құйқасы кетіп, құнарынан айырылған топырақтай шаң-тозаңға айналып, абыройлы тарихынан да қол үзіп кете бармақ...



[1] Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) хадисі.