Адами тереңдіктің мәнін әспеттеу

Ғылым мен философия атаулының ең басты тақырыбы – адам. Адам мәселесін айналып өткен ғылым да, философия да ұйыққа батып, тұйыққа барып тірелері анық. Физикадан метафизикаға дейін барша ғылым адамға деген қатынасына қарай белгілі бір мән иеленіп, маңызы артады.

Барша ғылым ауыздығымен алысқан адам мәселе-сіне келгенде бір арнада тоғысып, оны түрлі қырынан, шумақ-жырынан бағамдайды. Зерттеп-зерделеген сайын адамның таңғажайып болмыс-бітіміне қатысты кітаптар саналы ойға, ойлар нұрға шомады.

Адамның болмыс-бітімі мен ағзасының қызметін-де мінсіз шеберліктің шырайын келтіретін ғажайып үйлесімділік көрініс тапқан. Адам ағзасының анатомиясына үңілер болсақ, көз алдымыздағы тамаша жаратылысқа еріксіз бас иеріміз анық.

Ал енді ішкі әлеміндегі тереңдігі мен үздіксіз рухани кемелденудегі айрықша қабілетін айдарынан ұстап, айшықтап беруге тіл жетпейді... Мидың функциясындағы керемет жүйе мен материялық өлшемдермен қалыпқа салып, қап кигізуге келмейтін рухтың бір арнада тоғысқан жолбарыс жымындай үйлесімді қатынасы... Міне, осының барлығы адам деген керемет жаратылыстың сан қырлы көмей суыратын көркем нақышпен айшықталған мәнін құрайды. Ендеше, адамның таңғажайып сыртқы болмыс-бітімі мен теңіздей терең ішкі рухани әлеміне тоқталып жатпастан, тек қана оның жаратылысындағы кемелдікті паш ететін кейбір қадау-қадау қасиеттеріне қатысты ой өрбіткенді жөн көрдік.

Адам – күрделі жаратылыс. Адамды сыр-сым-батымен, сән-салтанатымен, өзіндік ерекшелігімен түсініп, ұғыну қиын. Жаратылысына тән жұмбақ жайттар туылған сәтінен бастап көрініс табады. Адамнан басқа барлық тіршілік иесі дүние есігін аша салысымен, басқа әлемнен қалай тіршілік ету керектігін үйреніп келгендей, табиғи ортаға тез бейімделеді. Ал адам барлығынан үстем ең тамаша тіршілік иесі бола тұра, тіршілікке, тіршіліктің қатал заңына тез бейімделетін жануарлар секілді емес, дүниеге әлжуаз боп келеді. Оның биологиялық табиғатына тән тума түйсіктерінен жоғары тұратын барлық ерекшеліктері: ақыл, сана-сезім, ерік-жігер, еркіндік және рухани танымы осы дүниеде қалыптасып, кемеліне келеді. Осылайша рухани және материалдық болмысы арасында үйлесімділік орнап, кісілік келбеті айшықтала түседі.

Адамның ниеті мен кәміл адам болуға бағытталған қасиеттері тек тәлім-тәрбие арқылы ғана ұшталып, шыңдалады. Ал бұл қабілет-қарымын дамытып, рухани танымын тереңдете түсу арқылы түрленіп, түлейді. Адамды тек инстинктілерден ғана тұрады деп пайымдау, бері алғанда, ең тамаша жеміс беретін дәнді баптап-күтпестен қараусыз тастай салу дегенге саяды.

Мәселен, аң патшасы арыстан шеңгелді тырнақ-тарымен, иесіне адал ит сойдақ азуымен дүниеге келеді, ал тәні жапырақ, жаны жалаңаш адам баласы болса, тіршілік етуіне қажетті игіліктерге еңбектеніп, қабілеттерін шыңдау арқылы қол жеткізуіне тура келеді, яғни жаратылысы осындай.

Соқа соққан ұста секілді адам өз бақытын өзі сомдайды, ақыл-парасатымен және өнерімен бақытты әрі жаймашуақ өмір орнатады. Осылайша, өз өнерін, тәжірибесін, басқа да адами құндылықтарын шашау шығармай ұрпағына мирас етіп қалдырып отырады. Өйткені, адам тек өзі өмір сүретін уақытпен ғана шектеліп қалмайды. Өткені мен болашағы адамның санасында әрдайым жаңғырып тұрады. Бұлар – оның адамдық болмысына сәуле құйып, самала сыйлайтын маңызды факторлар. Сондықтан болар, өткен-кеткен ойшылдар мен ғалымдар өз еңбектерінің нәтижесін көрмесе де, салы суға кетіп мойымаған, «кім үшін, не үшін еңбек етемін» деген секілді көңілдерін күпті ететін желбуаз сұрақтармен үмітсіздікке салынбаған. Олардың барлығы дерлік адамзаттың игілігі үшін тер төгіп, қажыр-қайратын сарқа жұмсаған, ғылым мен мәдениетте адамзатқа талай құнды мұра қалдырған. Егер олар артына мұра қалдырмағанда, қазір жер бетінде адам баласына тән қандай да бір ғылым яки мәдениет туралы сөз қозғау қиынға түсер еді.

Ғылым, мәдениет, салт-дәстүр секілді жалпы құн-дылықтармен қоса, кәміл адам түсінігі де адамзаттың ізгілікке деген ұмтылысы мен күш-жігерінің жарқын көрінісі. Адамның қарым-қабілетін ұштау, мінез-құлқын түзеу, жақсылыққа немесе ізгілікке бастайтын жолдарды көрсету әрдайым ұрпақтан-ұрпаққа жапырақ жайып, жалғасқан адами құндылықтар арқылы жүзеге асқан. Тарихқа көз жүгіртсек, әрдайым бір ұрпақ келесі бір ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне өздерін жауапты санап, мұны борышым деп білген. Осы тұрғыдан алғанда, алдыңғы ұрпақтың кейінгі буынға жасаған ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие.

Тәлім-тәрбие – адамның өз нәпсісін күйттеп, тән құмарлығына салынып, өмірлік мақсатынан және адамдық болмысынан ауытқуына жол бермейді. Еркіндіктің шегін белгілеп, жүгенсіз кетіп, азғын-дыққа салынудан қорғайды. Сонымен қатар, тәлім-тәрбие арқылы адам баласының тумысынан бар асыл қасиеттері бүр жарып, дамиды, бұған қоса рухында жасырулы жатқан жетілу, кемелдену әлеуетінің жарыққа шығуына сеп болады.

Адам бойында қара түнекке құйындай үйіріп әкететін жамандықтың емес, арман-аңсарының ақ отауына қолтықтап апарар сұлулықтың, сабағына іңкәрлік ұялаған ізгіліктің дәнегі бар. Ерік берілсе, бас-көзге төпеп, ес жидырмай желкелеп алатын құмарлық, дүлей ашу-ыза, кекшілдік секілді тоң астында жарып шығар сәтін күтіп жатқан қасиеттердің өзі басқадай ізгіліктердің бүршік жарып, көктеуі үшін себілген дән тәрізді. Адам бойынан көктем шуағындай көрініс тапқан ізгілік, әдемілік атаулы – ақыл мен ерік-жігерді шыңдап, ішкі танымды ұлғайтып, кемелдендіретін тәрбиенің нәтижесі. Басқаша айтқанда, адамды жан-жануарлардан үстем қылған, оны себеп-салдарға негізделген табиғат заңдары алдында біршама «дербес» ететін, сонан соң «Мұтлақ» (абсолютті), «Хүр» (шексіз құдіретті), «Мұхтар» (абсолютті билік жүргізуші) «Ұлық Жаратушымен» байланыстыратын негізгі қасиеті – ақыл, ерік және рухани таным иесі екендігі.

Ақылдың философиялық анықтамасын түзер бол-сақ, бұл – себеп-салдар заңдылықтары мен өмір сүру қағидалары негізінде абстрактілі мән-жайлардан жекелеген тұжырымдар жасайтын немесе жекелеген мән-жайларды абстрактілеу қабілеті. Жан-жануарлар мен адамдар арасындағы жаратылыс ерекшелігінің төркінінде де дәл осы адамға ғана тән жасампаз ақыл жатыр. Бұл – адам баласына берілген айрықша нығмет, ерекше мәртебе.

Адамды адам ететін факторлардың ең бастысы – ақыл. Алайда, ақыл кемелденген, толысып-жетілген түрде емес, әлі шикі бүршік жармаған дән кейпінде адамға тарту етілген. Адамды жан-жануарлардан үстем етіп тұрған – оның ақылы. Ендеше, адам баласы ақылын кемелдендіріп, барлық қуатын ізгілік жолында пайдалануы тиіс. Ақыл рухани әрі материалдық танымды бір арнада тоғыстырып, ұжданда көрініс тапқанда өзіндік мәнге ие болады. Мұны болмысымызда әлімсақтан «бар болып табылатын» мен кейіннен «қол жеткізгеннің» бірлігі дейтін болсақ, онда ұждан іс-әрекеттерімізге баға беретін, бағыт-бағдарымызға жөн сілтейтін «ақыл» мәртебесін иеленеді. Осындай ақылдан туындаған сана-ның өз функциясын атқаруы тұрғысынан түпкілікті межесі ретінде Аллаһ «мағрифатына» (Жаратушы туралы таным) қол жеткізуін айтамыз. Осыған жеткен ақыл мен сана кемелденіп, жауапкершілігін сезінеді.

Адамды адам еткен ерекшеліктердің тағы бірі – оның еркіндігі. Яғни, өз іс-әрекеттерін өзі белгілеу еркіндігі және жасампаз ақылға (автономдылық) ие болуы. Осының нәтижесінде адам баласы табиғаттағы күллі жаратылыстың «таңдаулысы» мәрбесін иеленеді. Яғни, іс-әрекеттерін басқару және есебін беру мәртебесіне қол жеткізеді. Адамды жансыз, ойсыз, сәулесіз құлтемір көріп, оның ерік-күшін жоққа шығаратындар мен бірқатар үстірт, тұрпайы материалистік немесе позитивистік көзқарасты жақтаушылардың ой-пікірлерін айтпағанда, адамның еркіндігі мен қалауын қаперге алмастан, оның болмысына баға беру, моральдық жауапкершілігін айнадан көргендей айтып, түсіндіріп беру мүмкін емес.

Демек, адам сыртқы факторлардың ықпалымен немесе ішкі рухани-сезімдік танымы арқылы жақсылық пен жамандықты айыра білуі үшін еркін әрі «мұхтар» (дербес) болмыс, яғни, табиғат заңдылықтарына толықтай тәуелді емес, таңдау еркіндігі бар, моральдық тұрғыдан жауапкершілік иесі екендігін қабылдау қажеттілігі туындайды. Бұдан адамның өзінен жоғары тұрған «Ұлы Жаратушы» алдында жауапты екендігінің және осы жауапкершілік негізінде өзіндік міндет-темелерін орындау қажеттілігін пайымдауға болады.

Кейін сыртқы материялық дүниеге қатысты түйсік-тұжырымы мен ішкі рухани-сезімдік танымы арқылы қол жеткізген тәжірибелері, рухани «мағынаның» (субстанция) нұрға бөленген кейіпте ар-ожданда бейнеленуі немесе расталуы нәтижесінде рухани таным процесінде өзі өмір сүретін материялық дүниедегі «мекен кеңістігінен» басқа бір «кеңістікке» қарай «биіктегенін» сезінеді. Ақылдың «шарықтауы», ерік-жігердің табандылығы, «мүшахаданың» (рухани сезім-дік таным) беріктігіне қарай адам Жаратушының тарту еткен адамдық болмысын кемелдендіреді. Басқаша айтқанда, «тарту етілген кесесі мен кесесіне толтырған «кәусарына»[1]  қарай «миғраж»[2]  тәрізді рухани-сезімдік танымның ғажайып тәжірибесін бастан өткереді.

Мұнан әрі қаншама кемел рухтардың, талабы тас қопарған болаттай берік жандардың теңіздей терең рухани-сезімдік танымға ұласып, рухани ләззаттың шыңына шыққандардың қол жеткізген «асқар асуы» бар. Яғни, болмысымыздың түпкі мәнінен ұлық болмысы сезілетін, ерік-жігеріміздің өзегінде абсолютті құдіреті байқалатын, санамызда қашанда «Өзі» туралы жар салып тұратын, әрдайым рухымызды рухани шаттық самалымен желпитін ұлы Жаратушының теңдесіз «сұлулығын» тамашалау бақытына кенелеміз.

Өкінішке қарай, бірнеше ғасырдан бері халқымыз рухани әлемінде осынау «киелі саяхаттан» ауылы мүлдем алыстап, рухани керегесі кертіліп, кең дүниесі тарылып барады. Адамды өз болмысының шынайы мәніне қауыштыру, ақылын кемелдендіріп, жігерін жану, сана-сезімін қарау ниет, қорқау ойлардан арылтып, тас бұлақтың суындай тұндыру әрі рухани таным дәрежесін көтеру – кәміл тәлімгерлердің борышы.

Осы орайда барлық тәлімгерлер мен тәрбиешілерге былай деп үндеу тастаймын! Технологиялық дәуірде сәруәр сезімдерінен жұрдай, от оттаған хайуаннан да жаман, қара басының қамын күйттеп, құлтемірге айналып бара жатқан ұрпақтарымызға тал бесіктен бас-тап, адамдық тәрбие беруде сәл кешеуілдейтін болсақ, сақалын саумалаған тарих алдында адам баласының тағылық пен азғындыққа ұрынуының тікелей жауаптысы мына біздер боламыз!...


[1] Жаннаттағы бұлақтың атауы.
[2] Миғраж – «биікке көтерілу, жоғарылау» дегенді білдіреді. Шариғатта Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) Әл-Ақса меші-тінен Сидратул-мүнтаһаға, яғни Аллаһ тағаланың «құзырына» көтерілгені айтылады. «Сидрат» арабшада – «ағаш», ал «мүнтаһа» – «соңғы» деген мағына береді. Мұнан «ғаламның соңғы шегі» түсініледі. (Ауд).