Адам жанының тереңдігі

Адам – жаратылыстың мәні әрі сәні. Ғаламның мазмұны. Тіршіліктің өзегі. Тіршілік тұтастай адаммен тығыз байланыста. Ұлы Жаратушы барша тіршілікті тәуекелі көп адамға тәуелді қылғандай. Ал адамның өзі ар-ұжданындағы әлдебір күшке арқа сүйеу, иек арту сезімі және көмек сұрау, жәрдем тілеу сезімі арқылы Жаратушысына басыбайлы тәуелді. Адам ғаламдағы құбылыстардың астарындағы талаптыға таным баспалдағы боп көрінетін тылсым сырларын сырып ашып, Жаратушысының шексіз құдіретін паш ететін тілімен және ғаламға сыймайтын мәрт көңілімен тіршілік иелері ішіндегі ең үстем жаратылыс болып табылады. Жаратылыстың ішкі мәнін ашатын да сол адам. Материя адамның санасы арқылы белгілі бір мәнге қауышты. Ғалам туралы қалам тербеп, терең ойланып, оның сырын пайымдау адамға ғана тән ерекшелік. Ал адамның барша жаратылысты Жаратушыдан деп білуі нағыз ізгілік. Ендеше, адамның тума басын тұндырып, үнсіз ойлануы – тәфәккүр[1] , сөз сөйлеуі – хикмет [2] , барлық нәрсенің тар құрсағын кеңейтетін ішкі сырына қанығып, сана-сезімінің бір ойға тұрақтауы – махаббат болып табылады.

Тек адам ғана тұтас тіршілікке билігін жүргізіп, қалауынша өзгерте алады. Материядан мән шығарып, Жаратушысына тарту жасай алатын жалғыз жаратылыс – адам. Адам баласы ғана – Аллаһ – ғалам – адам байланысының мәні мен мазмұнын сезініп әрі түсінетін, түсініп қана қоймай, осы қасиетті асықтайын иіріп, ізгілікпен ұштастыратын жаратылыс. Сондықтан да адам баласы бойындағы ықтимал күш-қуаты мен рухани тереңдігінің сырын ұғып, күн сәулесінің айнаға түскеніндей Жаратушы сипаттарының шағылысқан сәулесі бола алатын айрықша қабілетімен періштелерден оқ бойы озық тұрады.

Адамның жаратылуы жер бетін абыройға, көк-тегілерді шаттыққа бөлеген айтулы оқиға болды. Барша жаратылысты шалқыған кеніш дейтін болсақ, осы кеніштегі ең қымбат қазына – адам. Ғаламды бір-бірімен астарласқан көрмелерге теңесек, осы көрмелерді тамашалайтын жалғыз ғана тұғыр – және адам. Күллі болмыс тайпалаған жорғадай төрт аяғын тең басқан тамаша тепе-теңдіктің үйлесімді формасы дейтін болсақ, жанды елітетін осынау үйлесімділіктің басты куәгері – тағы адам. Иә, адам иманнан сарқылмас қуат алған сана-сезімі мен ақылы арқылы үнсіздікке шомып, қараңғылық құшқан әлемде күндей жарқырап, жаннаттың жақұтымен жайнай түсті.

Адам баласы жаратылғанға дейін рухани әлемде Жаратушыны мадақтап, ұлықтаудың «қасиетті бай-рағы» періштелер мен басқа да рухани жаратылыс-тардың еншісінде болатын. Кейіннен адамның қолына өткен осы байрақ материялық кеңістікте өзгеше мәнде «желбірей» бастады. Осылайша көк жүзімен салыс-тырғанда тіптен елеусіз қалатын жер беті мәңгілік әлемнің шағылы болу шарапатына кенеліп, үлкен мәнге ие болды. Адам баласы үшін иман – бақыттың бастауы, Ислам – өмірінің бағыт-бағдары, мағрифат[3] – жолының азығы, махаббат – рухани дүниесінің қозғаушы күші болған жағдайда, қашанда жаратылыстың асыл тәжі болды. Әрине, мына дүние мен адам баласының қоршаған ортасы да оның нұрына мұқтаж еді. Иә, бұл Хақ тағаланың адамға үйіп-төккен айрықша тартуы әрі жарылқауы болатын. Осы бір айрықша жарылқау адам баласының ғажайып жаратылысына қатысты айтылған «Сірә, бұдан да ажарлы етіп жарату мүмкін емес-ау»[4] деген даналық сөзде де баяндалғандай, оның ғаламдағы барша әдемілік пен сұлулық атаулының уылжи піскен жемісі әрі жаннаттың сәулесі тәрізді осы дүниенің жалғыз-дара бұлбұлы екендігін паш ететін.

Иә, ғаламдағы тамаша үйлесім, керемет тәртіп пен реттілік, көз жауын алатын әсем сән-салтанаттың баршасы адам үшін жасалды десек артық айтқандық емес. Осы тұрғыдан алғанда, әлем адам атты айрықша «гүлдің» өсіп-өнуіне қолайлы баққа ұқсаса, күллі жаратылысты адам атты «інжу-маржанды» қойнауына басқан дария деуге болады. Расында, сөзімізді әсерлемей айтқанның өзінде осы ақиқатқа оңай көз жеткіземіз. Мәселен, барша жаратылыс адам үшін бар. Өйткені, адамның билігінде әрі адам арқылы ғана өзіндік мәнге қауышатындықтан адамға басыбүтін тәуелді. Ал адам баласы өз кезегінде барлық тіршілікті өз билігіне бас идіріп берген Жаратушысына мұқтаж. Адам мен Аллаһ арасындағы тығыз байланыстың анық сезілетіні соншама – жаратылыстың түпкі мәні – адам және адамның құлшылығы екендігін нық сеніммен пайымдай аламыз.

Адам баласының қажеттіліктері бүкіл әлемді уысына сыйдыратындай кең, әрі ол мәңгілікке құштар. Өйткені, адам мәңгілік бар болу үшін жаратылған. Тұтас ғалам адамға берілсе де, оның көңілі бәрібір ырымға су жоқ тақыр шөлде аңқасы кепкен адамның шөлден қаталағаны секілді қанағат таппайды, ал талап-тілектері таудан да үлкен, тастан да қатты. Адам баласы дүниенің мәңгілік болғанын кейде іштей, кейде ашық тілейтіні секілді басқа бір мәңгілік өмірдің бар болуын қалауы заңдылық. Көкірек көзі мен көңіл сарайы руханиятқа аз да болса ашық жандар жаннатқа баруды армандайды. Сонымен қатар, жаннаттың барша әсемдігі, сұлулығы Ұлы Жаратушының «Жамалының» [5]  жанында мүлдем елеусіз қалатынын ескерсек, ешбір жан Аллаһтың Жамалын тамашалауды армандамауы мүмкін емес.

Иә, ғаламдағы құбылыстардың көз ұшынан мен-мұндалаған мақсатын саналы түрде ұғынған, жан-тәнімен сезінген кез келген жан ақиқат жолында деп айта аламыз. Мұндай жан өз болмысының қадірін дұрыс таразылай отырып, Раббысына да құрметпен тағзым етеді. Ал өз болмысының қадіріне жетпеген, жетсе де асыра сілтеген жан өзіне де, Раббысына да құрмет етуді білмейді. Құрмет жасауды былай қойғанда, мұндай жан Раббысын жақын тануы да мүмкін емес. Таныса да Жаратушының ұлықтығына сай құлшылық ете алмайды. Шынайы адамгершіліктің көрініс табуы, құл мен Раббысы арасындағы байланысты дұрыс пайымдап, дұрыс тұжырым жасауға байланысты. Әйтпесе, Құдай берген бақ-ырысы тұрғысынан періштелерден де артық қабілеттерге ие адам баласы «Олар хайуандар секілді немесе одан да бетер»[6] деген Құрандағы үкім бойынша азғындықтың ең сорақы дәрежесіне дейін құлдырауы мүмкін.

Бір ғұламаның айтқанындай, «Адамды адам ететін де, керек десеңіз сұлтан ететін де – иман!» Ал мұндай асылдан мақұрым қалудың атауы – күпірлік. Күпірлік арқылы адам баласы өлексемен қоректенетін құзғын дәрежесіне дейін құлдырайды. Мұндай адамдардан құралған қоғамда өшпенділік, қатыгездік, нәпсіқұмарлық, қанағатсыздық, екіжүзділік, қызғаныш, алдап-арбау, айдап салу, арандату белең алып, адамдар жыртқышқа айналады. Адамгершілік аяққа тапталған мұндай ортаны қоғам немесе ел деп айтудың өзі қиын. Бәлкім, «санасыздар тобыры» деп атаған дұрысырақ шығар. Диогеннің[7] күндіз қолына шырақ алып, көшеде адам іздеп, сабылуы осындай санасыз тобырларға деген күйінішінен туған. Дәл осындай наразылықты «Ойлар» атты еңбектің авторы Марк Аврелий[8] : «Күн сайын таңертең адамдармен еріксіз жүздесуге тура келетінін ойлап, іштей қамығамын: бүгін тағы да адам бейнесіндегі мақұлықтармен араласамын, олардың шамына тиіп кетпей, не болмаса солардың тағылығынан жазатайым мерт болмай кешке дейін аман-есен жетсем, өзімді бақытты сезінемін» деген екен. Ал, Рабиа Адауия: [9]  «Көшеде адам көрмейтін болдым. Көретінім дүкен жағалаған қу түлкілер, жыртқыш қасқырлар, тіптен бір-бірімен ырылдасқан алабөтен мақұлықтар. Өстіп жүріп кенеттен «жартыкеш адам» кездестірдім. Сол сәтте ғана жүзімді жасырдым»[10] деп, іштегі күйзелісін ақтарған екен. Әрине, олар бұл ойларын бүкіл адамзатты қаралап, күйе жағу мақсатында айтпаған.

Жоғарыда келтірілген жолдардан байқағанымыз-дай, көбіне адамдық қадір-қасиеттен жұрдай, азғын-даған жандардың қорқау келбеті суреттелген. «Сырты бүтін, іші түтін» адам өзінің рухани кемтарлығын ар санап, ішкі дүниесі мен сырт көрінісін үйлестіруге ұмтылмаса, мұндай жан өзгелерге Рабия Адауия немесе Марк Аврелий сипаттаған бейнеде көрінуі әбден мүмкін.

Өзіміз күнделікті өмірде араласып-құраласып жүргендердің арасынан сырты жылтыр көрінгенімен ішкі дүниесі азғындап біткен бейбақтарды да кездестіреміз. Мұндайларды өзінше бөлек «жаратылыс» деу керек шығар. Бір ойшыл мұндай жандарды көше жақ беті мен арт жақ беті екі түрлі көрінетін ғимаратқа ұқсатады. Мұндай ғимараттың көше жақ беті айнадай жылтыр, жылан жалағандай тап-таза, көз жауын алатындай көрікті болса да, артқы жағы ыбырсыған лас, жиіркенішті. Ғимараттың көше жақ бетін ғана көргендер таңдай қаға тамсанып, көкке көтере мақтап жатады. Ал енді ғимараттың арт жағын байқап қалса, әлгінде ғана жер-көкке сыйғызбай дәріптеген ғимараттан жаны түршіге түңіліп, суып кете барады. Міне, осы мысалымыздағы сырты қалқан, іші талқан жағдай адамдар арасында да кездеседі. Мұндай жандарды су жұқпайтын жылтыраған сырт көрінісіне қарап бағалағандар қашанда жаза басып, жаңылмақ. Бұл аз десеңіз, бір кездері әспеттеп, мақтаған жандарды белгілі бір уақыт өткенде жерден алып көрге сала жамандап жататынымыз тағы бар. Жалпы жақсы адам деп құрмет тұтқандардың сырт көзге байқала бермейтін жаман жақтары болатыны секілді «іске алғысыз» деп таңбалаған жандардың да жасырын жақсы жақтары бар екенін ұмытпаған жөн. Мұндайда ең маңыздысы – адамды сол қалпында қабылдап, жақсылыған асырумен қоса, «олқылықтарын» түзетуі үшін қолдан келген көмекті аямауымыз қажет.

Адам баласының кісілігі мінез-құлқы мен адамгершілік сипаттарына қарай қалыптасады. Адам бойында жақсылық яки жамандықтың қайсысы көбірек білінсе, іс-әрекеттері мен жүріс-тұрысы соған сай болады. Базбіреулер адамдық қасиеттері азғындағанда, жануарлардың деңгейіне дейін құлдырағаны сонша  – өз бауырына да тарпа бас салудан тайынбайды. Енді біреулер Жүсіп пайғамбардың көркіне көз тоймайтын сұлулығын бойына дарытқандай айналасына нұр шашып, төңірегіндегі қараңғылықты шуаққа бөлеп, бейне бір жаннатқа кіргендей жадырап жүреді. Кейде адам-ның рухани дүниесі сыртқа теуіп, жүзінен білінетіні сонша – періштелердің өзі қызғанып қарайтындай дәрежеге жетсе, енді бірде арсыздығымен шайтанның өзін шаң қаптырады. Ислам ғұламасы Мәулана: «Кейде періштелер рухани пәктігімізге тамсана қараса, енді бірде шайтанның өзі арсыздығымыздан аза бойы қаза болады» деуінің астарында да осы бір-біріне мүлдем кереғар екі құбылыстың кейде бір-бірімен біте қайна-сып кететіндігіне қатысты парадокс жатыр.

Иә, кей кездері адамның рухани дүниесі шарықтап, көз суырған көк жүзі тәрізді тұңғиыққа айналса, кейде рухани дүниесі ит жалағандай жұтаң тартып, құлдырайтыны соншалықты – жылан-шаянның ордасы тәрізді адам жанын тіксіндіретін жиренішті халге түседі. Адам – құбылмалы болмыс. Табиғатының толып жатқан артықшылықтарымен қоса кем-кетіктері де жетіп артылады. Адам көңілі күллі ғаламды құшағына сыйдырып, бауырына басатындай кең болумен қатар, дүниені жермен-жексен ететін жауыздыққа да соншалықты бейім, бекем келеді. Имандылық, ізгі қасиеттер, сүйіспеншілік, рухани ләззат – адам баласына жан-жүрегіндей жақын дүниелер. Адамның барлығын, жақсы көру, баршаға бауырым деп құшақ жаю, ізгілікті ту ету, өзгелердің бақыты үшін жанын салу, таспен атқанды аспен ату, сүйіспеншілікті жанына медеу етіп, ішін өртеген өшпенділікке қарсы аяусыз күресу – кез келген адамға ар-ұжданының үні тәрізді ыстық көрінетін құндылықтар. Ал енді тоғышарлық, өшпенділік, ызақорлық, нәпсіқұмарлық, жалақорлық, жалғандық, алдап-арбау, екіжүзділік, арандатушылық, бақай есеп, қорқақтық, атаққұмарлық секілді жаман әдеттер адамның жолына құрылған қылтұзақ тәрізді, кемелдік жолында аяғыңды аспаннан келтіреді. Адам баласы бойындағы ізгі қасиеттер мен көркем мінезі арқылы ғаламның падишасы атанатын қабілеті бола тұра, кейде жамандыққа бой алдырып, азғындықтың тұтқынына айналуы әбден мүмкін. Мұндай жан сырттай азат болып көрінгенімен, шын мәнінде құлақ кесті құлдың нақ өзі. Иә, адамды рухани дүниесіндегі арпалыста[11] нәпсісін қаншалықты дәрежеде тізгіндей алғанына қарап, азат немесе ізгі адам деп пайымдаймыз. Адам өз болмысындағы адамдық қадір-қасиетін толықтай жарыққа шығарып, жарқыратып көрсету арқылы Жаратушыға деген құлшылық сезімін оятып, таза адамдық табиғатқа немесе екінші бір табиғатқа қол жеткізеді. Әрине, мұндайға қол жеткізуі, нәпсісін рухына қызмет еткізуі нашар әдеттерін тізгіндеп, рухани дүниесіндегі «үлкен жиһадта» жеңіске жетуіне, жетіп қана қоймай, осы жеңісті Раббысының айрықша жарылқауы деп біліп, кішіпейілділік танытуына байланысты болмақ.

Рухани әлеміне назар салып, бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарағандар немесе «Көрмес – түйені де көрмес» көрсоқырлар күн сайын күліп өмір сүргенімен рухани дүниесін жаңалап, жаңғырта алмайтын, ерік-күші сал болған жігерсіз жандар білгенін, оқыған-тоқығанын іс жүзіне асыра алмаса, рухани дүниесінде ілгерілеу, даму болмайды. Қашанда арқандалған аттай ұзап кете алмайды. Алға ұмтылмақ боп ұйықтай тартқан орнынан сәл қозғалса болғаны, шатқаяқтаған аттай кері кетіп, жаман тымағын көзіне бастыра киген бәз-баяғы таз қалпына түседі. Өмірі өзімшілдіктің тар қыспағында өксіп өтетін мұндай жандар нәпсінің зынданында тұтқын болудан ығыры шығып, титықтайды. Бір өкініштісі, мұның байыбына бара алмай өмірден озады. Расында нәпсінің бодандығында бошалап өткен қандай аянышты өмір десеңізші? Мұндайларға арсыздық пен азғындық бұғауынан құтқару мақсатында ғана сүйіспеншілік көрсетіп, ізгі қатынас жасауға болады. Ал енді адамға тән ақтаңгер қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтаған ізгі жандарға сүйіспеншілік көрсету немесе ізгі қатынас жасау – алыстан келсек аяқ суытпай, қасынан табылсақ қабақ шытпай орындайтын тікелей борышымыз. Аллаһ тағаланың құдіретін паш ететін ең тамаша жаратылыс адам болғандықтан, оны жақсы көру – Аллаһ тағала жаратқаны үшін ғана жақсы көру дегенге саяды.

Иә, расында да адам баласы сүймек үшін жаратылған...


[1] Тәфәккүр – Жаратушы мен жаратылыс туралы терең ойлану
[2] Хикмет – даналық сөз
[3] Мағрифат – Жаратушы туралы таным, ілім
[4] Имам Ғаззалидің адамның ғажайып жаратылысына қатысты айтқан сөзі. (Ауд).
[5] «Жамал» – Аллаһ тағаланың сұлулығын, көркемдігін паш ететін сипаты және есімі
[6] «Ағраф» сүресі, 179-аят
[7] Диоген – б.э.д. 412-323 жылдарда өмір сүрген антикалық грек ойшылы. Диогеннің Афина көшелерінде күндіз қолына шырақ ұстап адам (ізгі адам) іздегендігіне қатысты аңыздар кең таралған.
[8] Марк Аврелий (121-180) – философ-стоик, Рим императоры (161-180). Философиялық көзқарастарын «Өзіме арнаймын» деген жалғыз шығармасында афоризмдер түрінде баяндаған. Философиялық көзқарастарында фатализм мен аскетизм сарыны басым. (Ауд).
[9] Рабия Адауия – тақуалығымен әйгілі Басра қаласында өмір сүрген мұсылман әйел. Тасаууыф (сопылық) ілімінің көрнекті өкілі.
[10] Ертеде Ислам елдерінде мұсылман әйелдердің бөтен кісілерден жүзін орамалмен бүркемелеп, жасыруы тақуалық саналған. (Ауд.)
[11] Діни тұрғыдан мұндай арпалысты – «жиһады-әкбар», яғни «үлкен жиһад» деп атайды. (Ауд).