ЖАННАТТЫҚ ОН САХАБА


Көзі тірісінде жұмаққа баратыны сүйінші-ленген он сахаба жайлы айтып берсеңіз. Мұндай ерекше құрметтің ішкі мәні неде? Жоқ әлде, олардың дінге сіңірген еңбегі өзгелерден артық па еді?

Пайғамбарымыз (с.а.с.) он сахабаға көзі тірісінде-ақ жаннатқа баратынын айтып сүйіншілеген. Олар ислами деректерде «ашара-йы мүбәшшара», яғни, «сүйінші хабарға ие болған он кісі» деп аталады. Олар – Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Талха ибн Убайдуллаһ, Зүбәйір ибн Аууам, Абдурахман ибн Ауф, Сағыдд ибн Әби Уаққас, Әбу Убайда ибн Жаррах пен Саид ибн Зәйд (р.анһум.).

Сұрақтың жауабын бермес бұрын әуелі мынаны біліп алу керек. Бұл «көзі тірісінде жаннаттық екені айтылмаған өзге сахабалар жұмаққа бармайды» деген ойды білдірмесе керек. Бұлай ойлау – әдепсіздік. Жаратқанның сүйікті Нәбиіне «ләм-мим» деп тілге келместен мойынсұнған ізгі құлдарға деген құрметсіздік болады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде былай деген: «Аллаһ менің үмбетімнен жетпіс мың адамды ешбір сауал сұрамастан жаннатқа кіргізеді». Осы хадистен қорытынды шығаратын болсақ, әрине сауалсыз-тергеусіз жаннатқа кіретіндердің алдыңғы сапында сахабалар болары сөзсіз. Жоғарыдағы хадистің жалғасында Пайғамбарымыз: «Мен ұлы Жаратушыдан есепке алынбастан жаннатқа кіретіндердің санын арттыруын өтіндім. Ол бұлардың әрбіріне тағы да жетпіс мыңнан қосты» – деген.

Осы баяндалған хадиске қарағанда бейішке тер-геусіз кіретіндердің саны аса көп. Олай болса, менің ойымша, бұл несібеге ең әуелі сахабалар ие болса керек. Өйткені, олар Аллаһқа да, нәбиге де ең жақын ізгі жандар еді. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында да, Аллаһтың олардан разы екені айтылған[1].

Пайғамбарымыз аты аталған он сахабаның сөзсіз жаннатқа кіретіндіктерін жиі-жиі айтатын. Тағы бір риуаятта мұсылмандықты қабылдамас бұрын яһуди ғұламаларынан сахаба Абдуллаһ ибн Сәламның да жаннаттық екені айтылады. Құран Кәрімнің бір аятында: «Сендерге келген осы ақиқаттарға Исрайылұлдарынан куәлік ететін бір куә бар»[2]  деген сөз осы сахабаны меңзеген.

Абдуллаһ ибн Сәлам мұсылман болған сәттен бастап ақиқаттан бір елі ажырамаған. Өмір бойы дін жолындағы күресінен бас тартпаған. Ол − Османның (р.а.) тұсында халифаға түрлі арандатушылыққа барынша қарсы шыққандардың бірі. Дегенмен, осыншалықты шынайылығына қарамастан кейбір замандастары оны «жөйіттің ұрпағы» деп мүйіздегені де белгілі.

Абдуллаһ ибн Сәламның да жаннаттық екені жайлы риуаятты қоссақ, онда 11 жанға жұмақтың қақпасы айқара ашылғанын білеміз. Ал, бұл қасиетті сан Иса пайғамбардың (а.с.) он бір ізбасарын (хауари) еске түсіреді. Негізінде әр пайғамбардың жанында осындай ет-жақын қолдаушылары болғаны анық. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасынан бір елі ажырамаған хауарилерін, яғни жолдастарын «көмекшілерім»[3]  (ансари) деп атаған. Бұл жердегі «ансар» сөзін «Мәдинадағы сахабалармен» шатастырмаған жөн. Бұл жерде «хауарилер» деген мағынаны беріп тұр.

Мұса пайғамбардың қасында да Юша ибн Нун мен Харун пайғамбардың болғаны белгілі. Мұса пайғамбардың бұлардан басқа да көмекшілері бар болуы әрі олардың саны он бір болуы әбден мүмкін. Шынтуайтында, Құранда асбат, яғни Исраил тайпа-ларының саны он екі екені айтылған, бұл мәселе де ойлануға тұрарлық жайт. Бұл мәселе төңірегінде нақты мағлұмат болмағанымен, қиямет-қайымға дейін келетін мүжәддидтердің – діни ақиқаттарды заманның қажеттіліктеріне қарай үйрету үшін әр ғасырда келетін Пайғамбардың мұрагері саналатын үлкен ғұламалардың айналасында да осыншама көмекшілері болған әрі болады да.

Өйткені, жер мен көктің, макро әлем мен нормо әлемнің арасында айтарлықтай сәйкестік бар. Ақиық елші хазірет Мұхаммед те (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Менің көкте екі уәзірім бар: Жәбірейіл мен Микаил; жерде де екі уәзірім бар: Әбу Бәкір мен Омар», – деу арқылы екі әлем арасындағы байланысқа назар аударған. Көк жүзінде алып планеталар мен жұлдыздар болса, жер бетінде де осы сынды қадірлі, қымбатты тұлғалар бар.

Енді аты аталған он сахабаның көздері тірісінде жаннаттық екендіктерінің белгілі болуы жайына келейік. Біріншіден, мыңдаған сахабалар арасынан оларды бөліп-жарып «сендер жұмаққа кіресіңдер» деп сүйінші хабардың берілуі − олардың тура жолдан ауытқымағандықтарына назар аудару мақсатымен айтылған. Бұл, әрине өте маңызды мәселе. Жалпы, барлық иман келтірген жандардың жаннатқа барары даусыз. Осылай бола тұра, аты аталған он сахабаны жеке-дара көрсету − оларға деген айрықша құрмет пен ілтипаттың көрінісі. Ал, қалған сахабалар ерекше аталмағанымен, олардың да жаннатқа баратыны жалпылама айтылған.

Бұл он сахабаның алтауы шейіт болған; олар – Омар, Осман, Әли, Талха, Зүбәйір және Әбу Убайда ибн Жаррах (р.а.). Әбу Бәкірдің де уланып қайтыс болғаны айтылады.

Егер бұл сөз шындық болса, онда Әбу Бәкірдің де шейіт болғаны. Демек, бұл аты аталғандардың әрқайсысы ел-жұрт Пайғамбарға қарсылық танытқан алғашқы уақыттарда қасынан бір елі ажырамаған, кейіннен бір ауыз сөзге келместен хижрет жасаған, ең соңында шейіт болу арқылы ең жоғарғы мәртебені иеленгендер.

Мәселені нақтылай түссек, Аллаһ расулын көп-шілік мойындай қоймай қарсылық білдірген алғашқы жылдарда бұлар жан сала Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен Құранды қорғауға тырысқан. Алдағы күннен үміт ұшқыны сезілмейтін, Құранның небары бес-алты-ақ аяты түскен сол бір қиын-қыстау шақта ұлы ақиқатты жақтаудың өзі – үлкен ерлік екені айтпаса да түсінікті.

Тұңғыш мұсылман Әбу Бәкірдің (р.а.) насихаты-ның арқасында Осман, Саид ибн Зәйід, артынша Сад ибн Әби Уаққас (р.а.) Исламды қабылдаған. Әли
ибн Әбу Талиб, Әбу Убайда ибн Жаррах та Аллаһ расулының төңірегіне алғашқы болып жиналғандар сапында. Сағыд ибн Әбу Уаққас мұсылман болғанда небары он сегіз-ақ жаста еді. Оның анасы Исламды қабылдауына барынша наразы болған. Шешесінің соншалықты қарсылығына қарамастан, ол: «Анашым, өлсем-дағы, мен жүрегіме ұялаған ақиқат жолынан қайтпаймын!» – деп, имандағы тұрақтылығын дәлелдей білген. Әбу Бәкір (р.а.) сол кездегі қиындықтар мен қауіп-қатерді: «Ол уақытта өлімге бас тікпейінше, сыртқа шығу, я болмаса, бір жерге барып қайту мүмкін емес еді» – деп еске алған.

Екіншіден, кез келген адамның ақиқатты қабыл-дап, белгілі бір тәртіпке мойынсұнып, ақиқат жолында қызмет етуді өзіне өмірлік мұрат ретінде қабылдауы ол кісінің қадірін арттыра түседі. Бұған қоса, өмірінің соңына дейін ақиқат мүддесі үшін өз деңгейінде қызмет етуі – ол адамның абыройын еселеп, мерейін өсіреді. Бұл, салыстыра айтқанда, бір музыкант жайын сөз еткенде, әуеннің бастапқы ырғағын соңына дейін бұзбай сақтай алса, біз ол музыканттың қабілетін, диапазонын, даусын мақтап жататынымыз секілді.

Дәл осы сияқты жоғарыда аты аталған сахабалар Исламға деген қызметін қалай бастаған болса, соңына дейін дәл солай жалғастырған. Яғни сезімдері мен сенімдерінде зәредей шүбә, ауытқу болмаған. Әрдайым Аллаһ расулының қолдаушылары ретінде тұрақтылық көрсеткен. Бұл мәселені психологиялық тұрғыдан да талдау қажет деп ойлаймын...

Бір ғажабы, көкжиекті қою бұлт тұмшалаған, алда жақсылық таңы атар-атпасы белгісіз сол кезеңнің өзінде олар үмітсіздікке салынбаған. Реті келгенде өскен жер, туған-туыс, бала-шағаны тастап хижрет жасау бұйырылғанда да, «ләм-мим» деп қарсылық танытпастан, тек мойынсұнуды ғана білген. Мәдинаға келген шақта, «Біз мәдиналықтардан бұрын мұсылмандықты қабылдағанбыз, ендеше, біздің дәрежеміз бір сүйем болса да олардан артық» деместен, тақуалықтарын тереңдете түскен. Тіпті, хазірет Омардың (р.а.) осы жайтқа қатысты пұшаймандық білдіріп: «Біз мәдиналық бауырларымызға лайықты деңгейде құрмет көрсете алмадық. Олар дінді құрметтеп, Пайғамбарымызға (с.а.с.) құшақтарын айқара ашқан еді. Ал, біз болсақ, халифаларды ылғи да өз арамыздан ұсынып, олардың алдын орадық», – дегені белгілі.

Иә, бұл айтылғандардан жаннаттық он сахабаның сол дәуірде де, өз абырой-беделдері мен қадір-қасиет-терін сақтағанын байқаймыз. Сахабалар арасында шалқыған мал-дәулетке кенелгендер де бар. Алайда, жұмақтық екені айтылған он сахаба өмірлерінің соңы-на дейін шыққан биіктерінен бір сәт те аласарған емес. Олар дүниеге ешқашан «бой алдырмаған». Сауданың қыр-сырын өте жақсы меңгергендіктен, бір кездері Мәдинаның ең ауқаттылары санатына қосылғанына қарамастан ел қатарлы жұпыны тұрмыс кешкен. Мысалы, аса дәулетті хазірет Осман (р.а.) реті келгенде бес жүз түйені үстіндегі жүгімен қоса дін жолына тарту етсе, Абдурахман ибн Ауф (р.а.) атты сахаба бар мал-мүлкін Аллаһ жолында жұмсауды өзіне борыш деп санаған. Мінеки, олар бұл мәселеде де басқаларға өнеге көрсеткен.

Бір жағы жұмақтық он сахабаның әрқайсысы мемлекет басқара алатындай кемеңгер кісілер еді. Мұның жарқын үлгісін – хазірет Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлидің (р.а.) Пайғамбарымыздан кейін кезекпен халифалыққа тағайындалып, елді абыроймен басқарғандықтарын айтуға болады. Он сахабаның қалғандары саяси әрі әскери қолбасшылықта өз қарымдарын көрсете білген кемеңгер тұлғалар.

Ақыл-ой, кемеңгерлігімен ақиқатқа қаншалықты берілсе, адам баласының қадірі де соншалықты арта түсері шындық. Аңқау, ілімі таяз жандардың өзгелердің жылтырағына еріп кетуі оңай. Алайда, өз ақылы өзіне жеткілікті, терең ойлай білетін кемеңгерлік деңгейін-дегі кісілердің Рақым пайғамбарының (с.а.с.) төңірегіне топтасып, мойынсұна білуі – нәпсіні жеңе білгенін, жеке сезімдеріне қалай тұсау салғанын көрсетеді. Міне, жаннаттық он сахаба да − өз өмірінде нар көтере алмас ұлы жүкті арқасына артып, тауқыметтің қамытын аянбастан киген еді.

Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе, аталған сахабалардың барлығы текті әулеттен шыққаны. Олардың текті әулеттен шығуы, дүниелік барлық нәрседен үзілді-кесілді бас тартуы және бір тереңдігін байқатқандай.

Аллаһ расулы – кісі қадірін жете білген. Өзіне титтей де болса жақсылық жасаған адамның шарапатын өмір бойы жадында ұстап, үнемі еске алатын. Мысалы, Айша анамыз (р.а.) алғашқы зайыбы Хадиша анамызға деген Пайғамбарымыздың құрметін былай деп еске алып: «Аллаһ расулы үйде бір нәрсе бола қалса (Пайғамбарымыздың үйінде еш уақытта басы артық дүние, ішіп-жемдік ауқат болмағаны белгілі. – Ауд.) «мынаны Хадишаның пәлен туысына, мынаны Хадишаның түген жақынына бер» – деп отыратын», – деген.

Аллаһ расулының өмірінің шым-шытырық һәм қиын-қыстау кезеңінде көмек қолын созған сахабаларын ұмытуы әсте мүмкін емес еді. Мысалы, Расулаллаһ «Маған үмбет боларлық жан жоқ па?» деп қинала үн қатқан сәтінде «Мен бармын, уа, Расулуллаһ!» – деп қасынан табылған Әбу Бәкірді (р.а.) қалай естен шығарсын?! Сондай-ақ хазірет Омар (р.а.) «Лә иләһа иллаллаһ» – деп мұсылмандықты қабылдай салысы-мен, сахабалардың батылдығын, намысын жаныған-дай, Қағбаға ертіп барып, мүшріктердің көзінше ашықтан-ашық намаз оқыған. Осынау қиып түсер қылыштай жүректілігі арқылы артына өшпейтін із қалдырып, кейінгі ұрпақтардың жадында мәңгілік жатталды. Мұндай ізгілікті ешбір жан естен шығармасы анық. Ендеше, Пайғамбарымыз (с.а.с) қалай ұмытады?!

Хазірет Зүбәйір ибн Аууам да − Пайғамбарымыздың жүрегіне жол тапқан бақытты сахабалардың бірі. Бір күні Аллаһтың елшісі Мекке көшесінде келе жатады. Сол сәтте алдынан қылышын сүйретіп асығыс жолға шыққан бозбала Зүбәйір ибн Аууамды кездестіреді. Пайғамбарымыздың «Уа, Зүбәйір, жол болсын, қылы-шыңды асынып қайда бара жатырсың?», − деген сауалына ол: «Уа, Расулаллаһ! Сенің жау қолына түсіп, шейіт болғаныңды ести сала, дұшпанға сазайын бермекке жолға шығып едім»,− деп жауап береді.

Сондай-ақ Аллаһтың елшісі Исламды алғаш рет насихаттай бастаған тұста өз туыстарын бірнеше рет дінге шақырып: «Қане, қайсысың менің үндеуімді қолдап, ақиқат дінді қабылдайсыңдар?» – деп сұраулы жүзбен қарағанда, он-он екі жастар шамасындағы Әлидің (р.а.) еш ойланбастан: «Мен бармын, уа, Расулаллаһ!» – деп, қайсарлық танытқанын қалай көңіл көлеңкесінің тасасында қалдырмақ? Хәндәк шайқасы тұсында Амр ибн Абди Уудтің ордан (хәндәк) аласұрып өтіп, мұсылмандарға атойлап шапқанда Пайғамбарымыздың: «Мынаған қарсы тұрар кім бар?» – дегенде, Әлидің: «Мен бармын!» – деп, арыстандай айбат шеккенін қалай естен шығарсын?

Мәдинада халық арасындағы алауыздық пен дұшпандық күшейіп тұрған кезі. Нәби таңды таңға ұрып, кірпік ілмеген ұйқысыз түндер өткізуге мәжбүр болады. Қатты шаршаған бір сәтінде тынығып көз шырымын алғысы келеді. Бірақ, айналадағы күшейе түскен қауіптен секем алады. Өйткені, үйінің есігіне құлып салынбайтыны белгілі. Осы бір қатты күйзелген тұста бір оқиға болған-ды. Сол тосын оқиғаны Пайғам-барымыз былайша баяндаған: «Сол күні қатты қал-жырадым.  «Сахабалардан біреуі келіп, есігімнің алдын қарауылдаса, сәл тынығар ма едім?» – деп ойладым. Сол-ақ екен, есік алдынан әлдебір тықыр естілгендей болды. Қарасам, Сағыд ибн Әбу Уаққас екен. «Не шаруамен жүрсің?», − дегенімде ол: «Үйде қаннен-қаперсіз жатыр едім «Ойпырым-ай, жазатайым дұшпандар бір кесірін тигізіп жүрмей ме? Барып пайғамбарымыздың үйін күзеткенім жөн-ау» деген ой келді», − деп жауап берді.

Әрине, Сағыд ибн Әбу Уаққастың бұл жана-шырлығын Пайғамбарымыздың ұмытпасы анық. Жалпы мұндай ізгілікті істерді Аллаһ та қолдайды. Сондықтан, ұлы Жаратушы илхам ретінде Расулына бұл сахабалар жайлы ойын білдірген. Пайғамбарымыз аты аталған сахабаларға сүйінші хабарды жеткізген. Өйткені, олар осындай зор марапатқа лайық еді.

Осы орайда айта кетерлік жайт, ізгілік жолындағы қызметтерде алғашқы болып байрақ көтерген, еңсесі тік күйде рухындағы жауһарларды жер-жаһанға жеткізе білген жандар ешқашан ұмытылмауы тиіс, ұмытылмайды да. Мұндай адалдықты бүгінгі ұрпақ та өзіне борыш деп білгені абзал. Олар – иман мен Құран жолында қызмет еткен, алғашқы болып осы іске мұрындық болған, қиындықтармен күрескен, небір зұлматты бастарынан өткере отырып, осы істің бүгінге дейін жалғасын табуына жол ашқандар.

Иә, кейінгілер өздерінен бұрын осы сара жолмен жүріп өткендерді, даңғыл жол ашқандарды игілікпен еске алатын болады. Бұл – Құранның әдебі. Аятта бұл жайт: «Олардан кейінгілер: (ең баста мұхажирлер бастап, қиямет-қайымға дейін келетін мүминдер): «Уа, жомарт Жаратушымыз! Бізді және бізден бұрынғы мүмин бауырларымызды кешіргейсің. Мүминдерге деген өшпенділік атаулыны бойымыздан жоя гөр! Дұғамызды қабыл ете гөр, уа, Раббымыз, себебі сен Рауфсың, Рахимсың (шапағат пен мейірімің аса мол)[4]  – деп көрсетілген.

Иә, әуел баста адамзаттың асыл тәжі болған Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратты ғұ-мыры біздер үшін нағыз өнеге. Жалпы Құранда пайғамбарымыздан ғибрат алып, адамзаттың игілігі үшін шыбын жанын шүберекке түйген ізгілік жаршылары қай дәуірде болмасын бар екені баяндалған. Міне, мұндай абзал жандар ешқашан ұмытылмақ емес. Нақтырақ айтсақ, біз оларға әрқашан жүрек төрінен орын беруіміз қажет әрі көңілдегі осынау асылымызды қастерлеп сақтауға тиіспіз.

Осы қасиетті иман жолында талай тауқыметке төзіп, абақтыға қамалғандарды, түрменің жан шыдатпайтын қиындығын көргендерді, қуғын-сүргінге түскендерді Аллаһ ешқашан ұмытпайды, (Аллаһ ұмытудан пәк) біздің де ұмытпағанымызды қалайды. Олардың қадірін біліп, әрқашан еске ала жүру – біздің міндетіміз. Раббымыз бізге де артымызға пайдалы із қалдыруды, кейінгі ұрпақтың бізді де жақсылықпен еске алуын нәсіп етсін!

Жаннаттық он сахабаны қысқаша ғана сипаттап шығу мен секілді білімі шамалы адамға оңайға соқпайды. Шын мәнінде, солардан кейін өмір сүрген табиғиндер ғана оларды жақсы түсінген әрі түсіндіре білген. Табиғин кезеңіндегі игі мұсылмандарды жақсы түсінгендер де, өздерінен кейінгі толқын – тәбә-й табиғиндер болған. Сондықтан мен де солардың айтқандарына сүйене отырып баяндауға тырыстым. Раббым бізге олардың шапағатына бөленуді нәсіп етсін!

 


 

[1]    «Маида» сүресі, 119-аят; «Тәубе» сүресі, 100-аят; «Фәтіх» сүресі, 18-аят; «Мүжәдала» сүресі, 22-аят; «Бәйина» сүресі, 8-аят.
[2]    «Ахқаф» сүресі, 10-аят.
[3]    «Ал-и имран» сүресі, 52-аят; «Саф» сүресі 14-аят.
[4]    «Хашыр» сүресі, 10-аят.