ИМАНДЫЛЫҚҚА ШАҚЫРУ ЖОЛДАРЫ

Исламды қабылдауға шақырғанда, «Көңілім қалап тұрған жоқ» деген сахабасына Пайғамбарымыз  «Көңілің қаламаса да мұсылмандықты қабылда» деген екен. Осы оқиғадан бүгінгі мұсылмандар қандай ғибрат алуы тиіс?

Жасыратыны жоқ, Ислам алғаш уағыздала бастаған уақыттарда дінді аса бір ынтамен қабылдамағандар да кездескен. Олар хазрет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанға дауа уағыздарын тыңдағаннан кейін барып қана рухани жағынан тереңдеген. Иман кәусарына терең бойлаған хазрет Әбу Бәкір секілді Ислам дінін еш шүбәсіз қабылдауын ә дегенде жұрттың бәрінен күту әрине мүмкін емес. Басқаларды былай қойғанда, Омар, Осман, Талха, Зүбәйір (р.а.) сияқты айтулы сахабалардың өзі Исламға бірден бетбұра қоймай, біраз уақыт қарсылық танытқаны мәлім. Бірақ бұл әдейі қасарысудан емес білместіктен туындаған. Өйткені, мына жалған дүниенің күйбең тіршілігінде алаңсыз күн кешкендіктен, олар алғашқы кезде Исламды қабылдауға дайын емес еді. Алайда уақыты келгенде, мұсылмандықты еш тартынбастан қабылдады.

Хазрет Хамзаның иман келтіруі де осы орайлас. Жас жағынан Пайғамбарымызбен тетелес хазірет Хамза (р.а.) мұсылмандықты қырық бес жасында қабылдаған. Бір хадисте қырық бес жастың мұсылмандық үшін де, күпірлік үшін де алғашқы таңба басылатын сын кезеңдердің бірі екендігі жайлы айтылады. Мысалы, белгілі бір жастан соң буындар қатайып, отырып-тұру қиындайтыны секілді денеде кәрілік белгілері біртіндеп қылаң бере бастайды. Осы сияқты белгілі бір жастан соң балталасаң да рухани дүниедегі сезімдер мен сенімнің өзгере қоюы оңай емес. Міне осыдан болса керек, Аллаһ тағала хазрет Хамзаны күтпеген оқиғаға тап келтіріп, жан дүниесінің астаң-кестеңін шығарған.

Бірде қаныпезер мүшріктер мұсылмандардың басына әңгір-таяқ ойнатып, қатты қорлаған еді. Тіпті асыл Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) топырақ шашып, тас жаудырудан да тартынбады. Бұл Хамзаның аңнан қайтып келе жатқан беті болса керек. Бір деректерде сол күні оның ерекше көңіл күйде болғандығы айтылады. Сол сәтте біреулер оған бауыры Мұхаммедті мүшріктердің барынша қорлағанын айтып үлгереді. Ержүрек Хамза мұсылмандыққа дейін де жаны кіршіксіз таза болатын. Яғни Рахым пайғамбарымен туыстығы бекер емес еді. Бауырына жасалған қаті-гездікті естігенде басы терісіне сыймай қатты ашуланғаны сондай, хазрет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ешкімнің мұншалықты басынбауын ескертіп, керек болса мұсылмандарды қорғауға да, қолдауға да бар екенін айтып салды.

Оның мұсылмандыққа шұғыл бетбұрыс жасауына «Көке, келіңіз, мұсылмандықты сіз де қабылдаңыз» деген жай кездегі уағыздың күші емес, осы бір көңіл дариясын шайқалтқан тосын оқиға түрткі болған. Демек, Хамзаның түбегейлі шешім қабылдауына осы бір жағдай әбден-ақ керек болған секілді. Бұл оқиға Пайғамбарымыздың ғұмырбаяндық хикметі тұрғысынан да ерекше маңызды деп ойлаймын.

Ислам тарихшыларының пікірінше, ер мінезді Хамза (р.а.) мұсылмандыққа өткеннен кейін бір тәулік бойы өз-өзіне келе алмаған. Бұлай болуы заңды да. Себебі, ол әлгі оқиғадан кейін өзінің де бұдан былай  хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақтас екенін жұртқа жария еткенімен, қырық бес жасына дейінгі алдыңғы өмірін түк болмағандай ысыра салуы оңай болған жоқ. Тіпті кім-кімге де жақсылы-жаманды өткен өмірін көңілінен өшіріп, бірден жаңаша өмір бастауы қиын соғатыны белгілі. Оның үстіне, дәл сол кезеңде қатыгез мүшріктердің езгісінен бас сауғалау үшін мұсылмандар кіндік қаны тамған Мекке жерін тастап шалғайға ауа көшуге (хижрет) мәжбүр болғанын есепке алсақ, ол қиындықтың еселене түскені сөзсіз.

Хамза (р.а.) – сол қиындықты жеңе білген ер. Бұл уақыт Хамзамен (р.а.) күші, қуаты шамалас, тепсе темір үзетін бірталай адамның (бұлардың арасында Халид, Омар (р.а.) сынды қаһармандар да бар), мұсылмандыққа әлі бет бұра қоймаған кез еді. Яғни, ол кезде жалпы жұртшылықты иманға үйіріп әкететіндей, көңілдерді рухани тұрғыдан жосылтатындай оқиғалар әлі орын ала қойған жоқ-тын. Сондай-ақ ол бастапқыда Құран аяттарына аса қанықпаған әрі аз да болса жасын үлкенсінетіні де бар еді. Кей кездері өзінің жас жағынан үлкендігі мен хазрет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызмет жағынан жоғарылығын таразылап, «Сенен насихат тыңдамақпын ба сонда, бауырым?» деген ішкі оймен ағалық сезімін жеңе алмай дел-сал күй кешетін.

Міне, осындай күйдегі кісінің уақытша болса да әрі-сәрі күй кешуі әбден орынды. Хазірет Хамзаның алғашқы кездері ойланып-толғанғаны шындық, бірақ Аллаһ тағала оған дер кезінде жәрдем беріп, оны да  алғашқы даңқты сахабалардың қатарына қосты.

Меніңше, екіұшты ойдан арыла алмай, имандылық пен күпірлік арасында жүргендер де кездескен. Олардың ішінде иман жолын таңдағандары кейіннен бақытқа кенелсе, күпірден көз ашпағандары сол күйі сор қуып кете барған.

Күпірлікке ергендердің бірі – Аша еді. Пәк көңілді атақты шайыр Ашаның бақытсыздығы сонда, ол Пайғамбарымыздың құзырына келіп Исламды қабылдайды. Артынша біреуден бұл таза дінде ішкілік ішуге тыйым салынғанын естиді де, «онда ойланып көрейін» деп кете барады. Өкінішке қарай, ойланып көруге мұршасы келмей, аяқ астынан қайтыс боп кетеді. Егер ішкілікке үйір екендігін пайғамбарымызға айтып, ақылдасқан болса, бәлкім «сен алдымен мұсылман бол, ішкілік жайын кейін көре жатармыз» деген жауап естуі әбден мүмкін еді. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аша сияқтылардың ислами уағыздарды тыңдап иман кәусарына қанып, көңілі жайланған соң, Аллаһпен байланысын нығайтқан сайын уақыт өте келе залалды әдетін де қойып кететінін білетін. Қаншама бақытсыз жан Ашаның кебін кигенін кім білсін?!

Тақырыпқа қатысты тағы бірнеше мысал бере кеткен орынды болар.

Әбу Суфиян мен Сафуан ибн Үйәйнә да «Лә иләһә иллаллаһты» бастапқыда жан-жүрегімен мойындай алмағандардың қатарында еді. Дүниені жақсы көргендіктен, олжа бөлісінде екеуінің үлесіне Пайғамбарымыз мол-молынан берген. Күтпеген жерден мол байлыққа кенелгендіктен олар мұсылман болудан бас тартпаған. Ал Пайғамбарымызды жақыннан танып, уағыздарымен сусындаған соң тым аз уақытта үлкен рухани өзгерісті бастан кешкен.

Мысалы, Халид (р.а.) заманының хас батыры, мықты әскербасы саналатын. Соғыста хазірет Халидтің шебінде болу жеңіспен барабар-тын. Соншалықты абыройлы, күшті адамның бірден өзгере қоюы оңай емес еді. Алайда мәселенің ақиқаттығына көз жеткізген ол бірден алдыңғы қатарлы сахабалардың қатарынан орын тапты.

Сондай-ақ көзіне қадалған оқты суырып алып тұрып, жан қиналысын елемей, «Осынша жыл бойы Жаратқан Иемді көрмей келген көздің бары не, жоғы не?» деген Әбу Суфиянның да иманға келуі оңай соқпаған. Бірақ ол Исламға мойын бұрғаннан соң, имандылыққа толықтай бетбұрыс жасаған-ды. Бір кездері олжа бөлісінде жүз түйені бір ауыз сөзге келмей өзіне бере салған Пайғамбарымыздың жомарттығына қайран қалып «Уаллаһи, бұл адамның ертеңгі күні аш қалам-ау деген зәредей қаупі жоқ. Демек соншалықты жомарт, соншалықты мәрт болу үшін артындағы сүйеніші – шексіз байлық иесі бір Жаратушы болуы керек» дегені де бар.

Міне, осы мысалдардың қай-қайсы да Пайғамбарымыздың көпшілікті иманға шақырудағы биік парасатын көрсетеді.

Әуелгіде мұсылмандықты албырт сезімге беріліп қана таңдағандар кейінірек хазірет Мұхаммед пен  сахабаларды таныған соң Исламға шын жүректен мойынсұнған. Осы тұрғыдан алғанда, мұсылмандардың құрайыш мүшріктерімен жақыннан танысып-білісуіне, рухани жақындасуға себеп болған Худайбиядағы
келісім Құран Кәрімде «анық жеңіс»[1] деп сипатталған. Өйткені осы бейбіт келісім көп кісілердің Исламға бетбұрыс жасауына септігін тигізген еді. Мұсылмандардың мейірімділігі мен ықыластылығына тәнті болған халық бірте-бірте исламға жақындай түскен.

Осман ибн Талха, Амр ибн Ас, Халид ибн Уәлид сынды мықты тұлғалардың ислам жолына түсуі сол кезеңнің жемісі еді. Түрлі алып-қашпа әңгімеге ергендер болмаса, Пайғамбарымыз бен сахабалардың асыл қасиеттеріне куә болғандардың Исламға бетбұрыс жасамауы мүмкін емес еді. Мұсылмандарға және олардың сардары хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақсы ниетпен жақындаған жанның бәрі Абдуллаһ ибн Сәлам сияқты яһуди болғанына қарамастан «Уаллаһи, бұл адамның жүзінде иненің жасуындай да өтіріктің белгісі жоқ» деп, мұсылмандар қатарына қосылған.

Қорыта айтқанда, елмен бас қосып, ортақ құндылықтарды бөлісе білу Аллаһтың қалауымен қаншама адамдардың мұсылмандықты қабылдауына септігін тигізді. Осы себепті Пайғамбарымыз бас-тапқыда ішкі жан дүниесінің дайын еместігіне  қарамастан кей кісілердің мұсылман болуын қалаған.


[1] «Фәтх» сүресі, 48/1.