«CАДАҚАТ» ПЕН «ОПАЛЫЛЫҚ» ЖАЙЫНДА

«Садақат» пен «опалылық» туралы баянда-саңыз. Бүгінгі таңда бұл қасиеттерді қалай бағамдау қажет?

«Садақат» – араб тілінен аударғанда ой дұрыстығын, сөз бен іс-әрекет туралығын, жүрек тазалығын, ақиқаттан ауытқымауды білдіреді. Әйтсе де, садақат ұғымын бір өлшемге сыйғызып, бір мағынамен шектеуге келмейді. Сыдқ[1] – исмәт (күнәдан пәктік), аманат (ел сенім артатын тұлғалығы), тәблиғ (дінді толық айтып жеткізуі), фәтәнат (пайғамбарға тән озық парасат) сияқты пайғамбарларға тән ерекше сипаттардың бірі. Бұл діни терминологияда «хасса» деп аталады. Хасса – өзгелерде кездеспейтін, ең кәміл деңгейде  адам бойынан табылатын қасиет. Сондықтан бұл ұлы пайғамбарларға лайықты дәреже.

Садақатты тек «сөз туралығы» деп түсіну – оның мәнін шектеу болып табылады. Нағыз садықтар – жүрегіндегі адалдық сөзіндегі ақиқатпен астасатындықтан, сөзі мен ісі әрдайым үйлесіп отыратын, Аллаһ тағалаға бар ықылас-ниетімен берілген жандар.

Садақаттың шыңына жеткен пайғамбарлар – дінге шын беріліп, жүрек, сөз, істегі өлшемді тең ұстаған Жаратқан Иенің нағыз адал құлдары. Пайғамбарлар «Аллаһтың бұйрығына қарсы келмейтін, әмірлерін мүлтіксіз орындайтын періштелер»[2]  секілді. Аракідік басқаша байлам жасайтындар кездесіп қалғанымен, пайғамбарлардың тұлғалық қасиеттері жөніндегі біздің пікіріміз осындай. Ал, Құран Кәрімдегі кейбір ескертулерге келсек, оның пайғамбарларды ойша болса да келеңсіздікке ұрындырмаудың алдын алудан туғаны анық.

Пайғамбарлар сөзі мен ісі бірдей турашыл тұлғалар болғандықтан өмір жолдарында қас қағым сәттік ауытқу кезіксе, Жаратушы Ие дер кезінде ескерту жасап отырған.

«Егер ол (елшіміз) біздің атымыздан өтірік айтса, құдірет күшімізбен қолға алар едік те, әрине, күре тамырын қияр едік. Сендердің ешқайсыларың оны қорғап қала алмас едіңдер»[3] деген Құран аяты мәселенің қаншалықты маңызды екендігін білдіреді.

Пайғамбарлардан кейінгі сыдықтықтың ең жоғар-ғы сатысы Әбу Бәкірге (р.а.) бұйырған. Сыддық – жан-тәнімен берілген жолда бәрінен баз кешуге бейіл, өмірінің әр сәтін өзінің асқақ мақсатына қарай бағыт-тап өмір сүретін жан.

Опа[4] да – мағынасы садақатпен сабақтас, маңызды ұғымдардың бірі. Ол біреуге борыштар жанның сол борышын ұмытпай өтеуі дегенді білдіреді. Опаның қалтқысыз жүзеге асуы екі жақты келісімге негізделеді. Құранда «...Берген сөздеріңде тұрып уәделеріңе опа қылыңдар (орындаңдар), сонда Мен де уәдемді орындаймын»[5] деген аят бар. Жаратқан Ие «Маған опа көрсетіп, берген сөздеріңді істеріңмен дәлелдесеңдер, Мен де сендерге берген сертімді жүзеге асырамын» деген.

Сондай-ақ «Сендер Мені еске алсаңдар, Мен де сендерді еске аламын»[6], «Аллаһқа (дінге) жәрдем берсеңдер, сендерге Аллаһ тағала жар болып, қадамдарыңды нықтайды»[7] деген аяттарда да өзара опалы болудың мәні көрсетілген.

Опалылық – кімге және не үшін беріктік көрсетуге тиіс болсақ, сол жолдан таймай, кіршіксіз адалдықты сақтау, жауапкершілікті терең сезініп, міндеттерімізді мүлтіксіз атқару. Анығы, кім өзіңізге көңіл бөлсе, сіздің де оған айтарлықтай көңіл бөлуіңізді білдіреді.

Садақат пен опа – мағынасы ауқымды ұғымдар. Әрбір адамда өз өресіне сай опа мен адалдық сезімдері бар. Осы құнды сезімдер арқылы адам баласы өзі үшін қадірлі ұғымдарды қастерлеп, оны жан-тәнімен қорғауға ұмтылады. Мысалы, Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұлы мұраты мен асқақ армандарына, адамзат баласына жолдаған үндеуіне, ұстанған жолына, сол арқылы таралған иман мен Исламға адалдық танытқан жандар әрдайым опалылықтан тайған емес. Олар Пайғамбарымыздың мүбәрак сақалы сақталған сандықшаны немесе аяғының ізі түскен белгіні барынша қастерлеп сақтаған. Негізінде мұншалықты құрмет Құран мен сүннетте бұйрық ретінде айтылмағанымен Екі әлемнің мақтанышына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адалдық танытқан барлық ұлы тұлғалар бүгінге дейін үлкен құрметпен Пайғамбарымыздың сақалынан шапанына дейін бар мұрасын мұқият сақтап, қадірлеп келген. Мұхаммед пайғамбардан көз боп қалған заттарға қасиетті аманат деп қараған. Тіпті, Осман мемлекетінде Пайғамбарымызға тән заттар алтын сандықтарда сақталғаны мәлім.

Мысалы, Адамзаттың ардақты тұлғасының мүбәрак шапаны кез-келген уақытта, кез келген жерде халықтың назарына ұсынылмайды. Алдымен салауат айтып, алыстан көз салу үшін мүбәрак Рамазан айын күтуге тура келеді.

Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адалдығымен әрі опалылығымен аты шыққандардың бірі – Африканы бағындырған біртуар сахаба Амр ибн Ас (р.а.) болатын. Ақтық сапарға аттанар алдында бұл кісі ұзақ жылдар бойы естелік деп сақтаған пайғамбар сақалының бір талын тілінің астына салып, бәлкім, ақыретте сұрақтарға қиналмай жауап беруіме септігі тиер деп үміттенген.

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген адалдығымен ерекшеленген сахабалардың тағы бірі – ешбір шайқаста жеңіліп көрмеген даңқты қолбасшы Халид ибн Уәлид (р.а.). Ол сәлдесіне өмір бойы Пайғамбарымыздың бір тал сақалын сақтап жүрген.

Византияға қарсы жүріп жатқан бір шайқаста жау әскері Халидтің сәлдесін күтпеген жерден ұшырып түсіреді. Ол болса өлімге бас тігіп, сәлденің соңынан тұра ұмтылады. Кейін бейбіт уақытта жолдастары одан мұндай өжеттікке не үшін барғанын сұрайды. Сонда хазірет Халид: «Мен сәлдемді дұшпанға қалай аяқ асты етем, ішінде сүйікті пайғамбарым Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір тал сақалы бар еді ғой», – деп жауап берген екен.

Ғаламның рақым нұрына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шын берілген жандардың бірі – Стамбулдың ажарын ашқан алып мешітті салдырған Осман патшасы – Сұлтан Ахмет. Ол Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүбәрак аяғының ізі түскен балшық қалыпты тәжіне тағуды ойлап, бұл ойын төмендегі өлең жолдарымен өрнектеген:
«Пәк аяғыңның ізін тәж етіп кисем басыма,
Ей, Ахмет, пәк тұлғаның аяғына жығыл, жасыма».

Осы баяндалғандардың барлығы – сый-құрмет пен садақаттың көрінісі. Пайғамбарымыз да өз кезегінде Аллаһ тағалаға деген садақатымен ерекшеленген. Жаратушыға деген садақатта Пайғамбарымызбен ешкім иық тіресе алмасы хақ. Жәбірейіл періште уахи әкелген тұста, оны ұмытып қалмайын деп Пайғамбарымыз сары уайымға салынып, әрбір сөзді я әріпті үнемі қайталауға тырысқан.

Құранда: «Ей, Мұхаммед! Саған (Жәбірейіл арқылы) уахи түскен кезде, есте сақтап қалу үшін асығыс қайталап, тіліңді көп қозғалтпа. Оны жинау (сенің жүрегіңе орнықтыру), оқып, ұқтыру шын мәнінде Біздің міндетіміз»[8] деп келетін аят осының дәлелі.

Иә, сүйікті пайғамбарымыздан көз болып қалған кез-келген нәрсеге үмбеті адалдық танытып келді. Алайда осындай садақат азайған ызғарлы замандар да бастан өткені жасырын емес. Өкініштісі, сол шақтарда мұсылман үмбетін дінсіздік жайлап, ұрпақтың Құдайды ұмытқаны ащы да болса шындық. Мұсылман үмбеті мешіттер жабылған, Құран сөздері күшпен ұмыттырылған тарихи кезеңдерді де бастан кешті. Дінін, имандылығын жоғалтып алуға шақ қалды. Ендігі жерде бұл үмбетке сол киелі құндылықтарды қайта жаңғырту үшін асқан адалдық һәм шынайылық керек. Сондықтан нағыз опалылықтың нышаны садақат көрсету болып табылады.

Осындай ел басына күн туған кезеңдерде ақиқат жолына қызмет етіп, жақсылық пен ізгілікті жаюға талпынатын қазіргі мұсылмандар да ниеттерінің кіршіксіздігіне қарай ақыретте мол сауапқа кенеледі. Бір терінің пұшпағын илеп, ортақ мақсатты көздегендіктен, иншаллаһ, садықтар мен опалылар – мақшарда хазірет Әбу Бәкірмен, қара қылды қақ жарған әділетті жақтаушылар – хазірет Омармен, ар-ұят, намысты ту еткендер – хазірет Осман, Әлилермен бір болады. Яғни, кім қай жолды таңдап, өмірінде нені мақсат етсе, сол жолдың қаһармандарымен дос, қоңсы болары сөзсіз.


[1] сыдық, сыдқ, садық, садақат – бір түбірден тарайтын сөздер, мағына жағынан бір-біріне жақын. Ауд.
[2] «Тахрим» сүресі, 6-аят.
[3] «Хаққа» сүресі, 44-47-аяттар.
[4] «Опа» сөзі де садақатқа жақын ұғымды білдіреді. Қазақ тілінде көбінесе кері мағынада қолданылады. Мәселен: опасыз дұшпан, опасыз дүние, опасыз әйел т.б. сияқты. Немесе опасыз деген сын есімді жиі қолданатынымызға қарамастан, опалы ретінде оң мағынасы тек ескілікті қолданыста ғана кездеседі, яғни көмескіленіп кеткен. Дегенмен халық арасында опа көрсетпеу, опа таппау, опа қылмау, опасы жоқ, опа бермеу сынды қолданыстар да ұшырасады. Жалпы опа – адамгершілік ізгі қасиеттердің бірі. Ауд.
[5] «Бақара» сүресі, 40-аят.
[6] «Бақара» сүресі, 152-аят.
[7] «Мұхаммед» сүресі, 7-аят.
[8] «Қиямет» сүресі, 16-аят.