АЛЛАҺҚА ЖӘНЕ АҚЫРЕТКЕ ИМАН

Ел ішінде жүргізілген кейбір сауалнамаларда «жиілеп кеткен табиғи апаттарға адамзаттың күнәсі себеп, ол Жаратушының жазасы» деген жауап басым түскен. Осы мәселеге қатысты ойларыңызды білсек.

Ірі ойшылдардың бірі, көрнекті ғалым Алварлы Эфе хазіреттің «Адам бейғамдыққа салынса, одан артық қасірет жоқ» деген сөзі бар. Мұсылмандықты жаңадан қабылдағандар немесе мұсылман екендерін енді түйсінгендер, не себептен екені белгісіз, бірден радикализмге бой алдырып, қоғамдық-саяси істерге араласа бастайды. Негізінде барлық істің басы мен соңында «мен» деген үлкен мәселе бар. Болмыстың алғашқы иләһи жобасы Аллаһтың «Мен» деуімен ортаға шығып, жаратылыстың басталуына жол ашылды. Осылайша тұтас жаратылыс  те алғашқы жаратылыс бастауына жол ашылды. Аллаһтың барлық көркем есімдері мен сырлы сипаттарының бір-бір ұшқыны адам бойына да біткен. Сол себепті адам Аллаһты көрсететін жердегі айна секілді. Аллаһтың әу бастағы «Менінен» пендеге тиген үлес бойында «мендік» (эго) ретінде қалыптасқан. Алайда адамның «мені» өзі қолдан жасаған, өзіне ғана тән, ешкімге тәуелсіз «мен» емес. Ол көзге көрінер-көрінбес бар-жоғы белгісіз нәрсе. Тіпті оны «нөлге» жатқызуға да болады. Алайда осы нөлдің бойында шексіз Жаратушының есімдері мен сипаттары көрініс береді. Көрік, білім, ерік-жігер, күш-қуат сияқты бойындағы бар қасиетті, яғни өзіне қатысты жақсы сипаттың бәрін Аллаһтың мүлкі деп, өзін Жаратушыға тән игіліктерді көрсетуші айна ретінде таныған, Оның алдында өзін төмен санап, әдеппен бас иген осы шынайы сенімінен әрдайым айнымаған адам ғана барлық жаратылыстың ең жоғарғы мәртебесіне көтеріледі. Сөйтіп Аллаһтың құдіретінен – күшке, шексіз байлығынан – байлыққа, иләһи еркінен – мүридке (тілеуші), терең ілімімен – ғылымға ие болады. Басқаша айтқанда, адам баласы өзіндегі «мендіктің» шындығында түк те емес екенін, алайда жаратылыс мәніне бойлай білсе, Жаратушының есімдері мен сипаттары көрінетін айна екенін ұғынады.

Керісінше адам баласы ғапылдыққа салынып, бойындағы «мендігін» Аллаһты танудың құралы ретінде қолданудың орнына, Жаратушының аманат етіп тапсырған – өмір, байлық, күш, қабілет, көрік, табыстарды өзінікі деп санап, Аллаһ құзырында «Сен – сенсің, мен – менмін» деген сыңай танытатын болса, уақыт өте түрлі себептермен «мендігі» менмендікке ұласып, тәкаппарлыққа беріле бастайды. Бара-бара Аллаһтың иелігіндегі мүлікті, Оның құдіретін басқа болмыстарға теліп, тіпті табынатын басқаша тәңірлер  де ойлап табады. Яғни тарихта аттары қалған Перғауын, Нәмрут, Әбу Жәхил сындылар «мендігінің», Аллаһтан басқа табынған тәңірлерінің құрбаны болды. Қазіргі таңда табиғатқа және оның кейбір құбылыстарына тәңірлік сипат беріп, солай дәлелдеуге тырысатын білім салалары да – осының айғағы.

Сонымен экономикалық, қоғамдық, саяси т.б. салаларда шешімі табылмай жатқан мәселелердің түп негізінде «мендіктің» мәнін дұрыс түсінбеу Раббысы мен жаратылысты тануы немесе танымауы жатыр.

Адамның бұл өмірдегі міндеті – «эгоның» («мендіктің») шын бет-бейнесін тану, өзінің пенделігін сезіну арқылы шынайы құдірет пен байлық иесіне бет бұрып, дүниедегі барлық нәрсенің Жаратушы иелігінде екеніне кәміл сену.

Негізінде шынайы иман иесі дүние жүзінің күлі көкке ұшса да, селт етпей, бұны Аллаһтың әмірімен болған құбылыс ретінде ғана таңғалыспен қабылдайды. Кез келген апатты жағдайда иманды адам өліммен бетпе-бет келсе де, зәресі ұшып қорықпайды. Себебі, ол үшін бұл дүниедегі өмір мәңгілік өмірдің азығын жинайтын алқап іспетті. Бұл өмір мәңгілік болмағандықтан, оның уақыты келгенде түгесілуі иманды адам үшін қорқынышты емес. Өйткені, мүмин үшін, бұл дүние негізгі мақсат емес. Сырқат, апат арқылы болсын немесе т.б. кез келген себеппен, белгіленген мерзімде бұл өмірдің адам үшін тәмамдалатыны ана құрсағына түскенде-ақ мойындалған шындық. Адамның өмірге келу сәті сияқты, өмірден өту мерзімі де алдын ала белгіленіп қойған. Ол өзгермейді. Мүмин үшін шын өмір – ақыреттегі өмір. Сондықтан осындай сенімдегі адам қайғы-қасіретке ұшыраса, «Сірә, жасаған күнәларым-нан арылу үшін осы қиыншылықтарға кезіккен шығармын немесе ақыреттегі мәртебемді өсіретін шығар» деп сенеді. Басына түскен ауыртпалықтарға сабыр етіп қана қоймай, шүкір етеді. «Егер бұл қасірет менің ажалым болса, оны қуана қарсы алғаным жөн. Өйткені ол менің жанымды алушы емес, қайта шейіт болып о дүниеде мәңгілік бақытқа бөленуіме себеп» деп ойлайды.

Ақиқат осы. Алайда мұндайда атеистер Аллаһты әдейі ауызға алмаса, сенетіндердің өзі қате пайым жасап жатады. Табиғатқа табынатындардың кейпімен «болмысты жаратқан соң Аллаһ ондағы құбылыстарға араласпайды, ендігі жерде әмірін жүргізе алмайды» деп, Құдайдың құдіретін шектеп, етімен жаңсақтыққа ұрынады. Шынтуайтында ғаламмен салыстырсаңыз,  жер шары көзге көрінбей қалады. Күні кеше атом дедік, бүгін «зәрра» (партикул) жайын сөз етудеміз. Келешекте эфирдің[1] не екені толық анықталып жатса, өлшеуге, тіпті лабараторияда қарастыруға келмейтін материя мен антиматерияның өзін мұқият зерттеп, Аллаһ тағаланың шеберлігі мен іліміне, құдіреттілігіне бас иетін болармыз. Ендеше, Аллаһтың құдіретін ғаламның  жанында түйіршіктей ғана жер жүзімен салыстыруға келер ме? Жер жүзінде қандай құбылысты жаратқысы келсе, оны қалай басқарамын десе Жаратушы ерікті. Барлық жаратылыстың, барлық құбылыстардың ұлы жаратушыға бағынатынына сенген жан, табиғат апаттарымен қайғылы оқиғалар жүзеге асқанда, Аллаһқа бұрынғыдан да артық сыйынып, иманын арттыра түседі. Ал Аллаһ пен ақыретке деген иманға қаяу түсе бастауы адамды үмітсіздікке, ертеңіне деген сенімнің жойылуына, өмірді мәнсіз, мағынасыз деп санауына әкеліп соғады. Жүректегі Аллаһқа және ақыреттегі өмірге деген сенімді жандандырып, оны күмәнсіз халге жеткізу керек. Бұл – өмірдегі ең өзекті мәселелердің бірі.

Осы тұста бір мысал бере кетелік. Мұса пайғамбар заманында өте қатты қуаңшылық белең алады. Құрғақшылықтан әбден титықтаған қауым тасаттыққа шығып, жауын тілейді, бірақ тілек бірден орындала қоймайды. Мұса пайғамбар Аллаһқа жалбарынып, дұғаларының неліктен қабыл болмай жатқанын  сұрайды. Сонда құдіреті күшті Жаббар Ие «Уа, Мұса, араларыңда бір күнәһар бар, сол себепті жауын жауғызбадым», – дейді. Мұса пайғамбар күнәһардың кім екенін сұрағанда, Жаратушы Ие: «Мен – Саттар Аллаһпын, күнәларды жасырамын, күнәһарды ашық жария етпеймін. Сондықтан барлығың да тұтас тәубеге келіңдер!», – деп жауап берген екен.

Осыдан сабақ ала отырып айтар болсақ, жалпыға бірдей қайғы әкелген апаттар сол аймақтағы тұрғындардың қателіктеріне байланысты келеді. Ондай күнәлар мен қателіктерді діни мәселелерде немесе күнделікті тұрмыста жіберіп алған болуымыз мүмкін. Сондықтан күнәһарды нақты білетін кісіше, күнәні басқасына арта салып, өз басымызды қорғауға ұмтылу күнәні еселеумен тең. Басына ауыр жағдай түскен біреуге «Бұл сенің күнәларыңның кесірі» деу де көбінесе ол адамды күпірге итермелегенмен бірдей. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) біреудің қателігін байқай қалса, оны ешқашан бетіне баспай, керісінше жұртқа жалпылама насихат ретінде жеткізетін. Жоғарыда көпшіліктің басына келген түрлі апаттар жасаған күнәларына байланысты дедік. Сондықтан барша жұрт, әсіресе мүминдер, хазірет Омардың (р.а.) ұстанымына сәйкес «бұл менің күнәларымның кесірінен болды» деп, ешкімді қараламастан, жеке-жеке тәубе еткені дұрыс.

Әр мұсылман жақсылықтың жаршысы ретінде дінді әрі ғаламдағы құбылыстарды дұрыс түсінуге оң ықпал жасап, іштей жеке басын есепке тарта отырып, өз қателіктерін түзеуге тырысса, табиғи апаттардың алдын алуға септігін тигізуі ықтимал. Бұл осындай оқиғаларды сан-саққа жорып, жұртты даурықтырғандарға да бір тосқауыл болар еді.


[1] Физикалық ұғымдармен бейнелеуге келмейтін, әлі толық ашылмаған құбылыс. Мұны электромагнетизммен түсіндіруге тырысқан ғалымдар да болған. Ауд.