Аллаһ тағала Құранда «Мен қалаған құлымды тура жолға саламын» деген. Бұл Жаратушы Иенің құлдарын алалағандығын білдірмей ме?

Әуелі мынаны ұғынып алайық, егер де Аллаһ тағала алалаушылық жасаса, оған наразылық білдіруге кімнің қақысы бар?! Ғаламның егесі Аллаһ тағаланың Өзі болғандықтан, біз Соның қалауымен ғана қалқиып жүрген пенделеріміз. Сол себепті ешкім Оған қарсы дау айта алмайды. «Өз затына егесі не істеймін десе де ерікті» деген шындық Жаратушыға тән. Бұған қоса, Аллаһ тағала жайлы сұрақ сұрарда абайлап, барынша әдепті болу керек. Аллаһ тағала – күллі мақлұқаттың Егесі (мәликул мүлк). Сол себепті әдептілік шеңберінен тыс бұндай сұрақ сұрауға ешкімнің құқығы жоқ екенін білгеніміз жөн.

Асылында сұрақтың былай қойылғаны абзал: «Тура жолға не адасушылыққа Хақ тағаланың Өзі итермелесе, онда пенде ақыретте не үшін жауапқа тартылмақ? Жаратушы Ие аса әділетті емес пе, олай болса бұл істің нендей хикметі болғаны?».

Иә, Құран Кәрімнің көптеген жерлерінде Аллаһ тағаланың қалағанын тура жолға, қалағанын қисық жолға салатыны айтылған. Бәрі де Жаратушының қалауына байланысты. Бұл тұрғыда назар аударатын мәселе мынау: тура жол да, адасу да Аллаһтың бұйыруымен болады. Қай жолға пейіл білдіру адамның өз еркінде. Бірақ пенденің жеке ықтияры тым мардымсыз болғандықтан, күллі әлемді жаратқан Аллаһ тағаланың шексіз құдіретіне ерекше назар аударылып, оның қасында пенденің мардымсыз жеке ықтияры мүлдем тасада қалып кететін тәрізді. Бұған бір мысал келтірейік: айталық, біз тамақтанамыз, су ішеміз. Осы ішіп-жеу барысында асқазанымызға барған түрлі протейін, витамин, темір, т.б. элементтер орындарын тауып, денедегі өздеріне тән міндеттерін атқарады. Бұлардың барлығы өте бір нәзік есеппен іске асатындықтан, адам үшін ауызға тамақ салу ғана жеткіліксіз. Тіпті жеткілікті деп есептеген күннің өзінде, ауызға тағам салуы үшін қажетті қолға қуат, миға ақыл-есті о баста Аллаһ берген. Тағам ауызға тимей жатып Аллаһ түкірік бездерін қозғап, ауызды сулайды әрі тағам ауызда шыланып жатқанда миға хабар салады. Мидан асқазанға «Абайла! Қандай сөл бөлетініңді реттестір, мынандай түрдегі тағамдар келе жатыр» дегендей хабар жетеді. Іле асқазандағы барлық қатпарлар іске қосылады. Тек осы жерге дейінгілердің өзіне ой жіберсе, азғантайының өзі адамның қолынан келмейтіндігін ұғамыз. Бұған кейде жаңылысып шайнап жіберуді де қосыңыз.

Асқазан өзіне тән міндеттерді атқарады. Өзі қорыта алатын тағамдарды, айталық, крахмалданған, глюкозаланған заттарды қорытады. Бұл іс мұнымен ғана бітпейді, ішекке бара жатқанда оған да «Қатты әрі тек қышқылмен ғана қорытылатын мынандай тамақ түрі келе жатыр» деген хабар жетеді. Бұдан кейінгі ішкі ағзада өтетін үдерістерге де адам араласпайды. Артынша целлюлозасы бар заттар ішекке түсіп, іске қосылады. Олардың бірқатары, мәселен, алма қабығы сияқтыларды адам ағзасында оны қорытатын зат кездеспегендіктен қабылдамай сыртқа шығарады. Бұлардың барлығы өте бір нәзік есеппен орындалады. Асқазанда қорытылатын я қорытылмайтын заттардың бәрі осы ретпен жүзеге асады. Іле кезек бауырға келеді. Ол да өзіне тән жүздеген міндетті атқарады.

Байқасақ, өңештен өткен бір шайнам тамақтың өзі денеге сіңгенге дейін мың түрлі жолдан өтеді. Ағзада осы мың түрлі процесс жүріп жатқанда адам оның ешбіріне араласпайды.

Егер көңіл көзі соқыр біреу: «Ауызға тамақты салғаннан кейін денеме витаминдерді өзім жібердім. Қай жасушаларыма не керек болса, соның бәрін өзім реттестірдім. Витамин қажет еткеніне витамин, белок қажет еткеніне белок жібердім. Температурасын да өлшеп, бәрін өзім іске қостым» десе, бұл Аллаһтың құдіретті ісіне серік қосқандық болып шықпай ма?

Сірә, бұл мәселеде айтылуы керек болғаны мынау тәрізді: «Мына сырлы жүйені көзге көрінбейтін бір құдірет басқаруда. Мен тағамды аузыма салған мезет, бірден тылсым жайттар іске қосылады. Бірақ тағамның қорытылуына менің ешқандай араластығым жоқ. Бұл істі жарататын Аллаһ тағала. Тамақтың қорытылуын, одан кейінгі істерін де жүзеге асыртатын да Аллаһ тағаланың өзі».

Ал енді тура жолға салу (хидаят) мәселесіне келейік. Бұның аса маңызды мәселе екендігі соншалық, адамның мұндағы бар атқарары тура жолға түссем деген пейілі ғана. Айталық, көп жағдайда жүрегімді бүкпесіз ақтарып, шуақты сезімдерімнің бәрін жамағатқа жайып салғым келеді. Алайда Құранда «уә ма тәша-у-на илла ән яша Аллаһ», (Аллаһ қаламайынша, сендер ештеңе қалай алмайсыңдар)[1] дегендей, оны бірақ толық ұғындыра алмай, азын ғана тілге тиек етумен шектелем. Кейде барынша жүрек тазалығымен, пәктікпен Аллаһтың жарлықтары мен Құранның баяндағандарын жеткізсем деймін. Бірақ бір жерге келгенде тағы тұқырып қала берем. Намаз оқығанда да естен танып, дүниелік нәрселерді сол күйі ұмытқанды қатты қалаймын. Алайда осы қалауымның мың да біріне де қол жеткізе алмаймын. Демек, мәселеге байыптап қарар болсақ, менікі тек қалау ғана. Ал қалғанын нәсіп ету Жаратушыға тән. Уа, Раббым, көзді ашып-жұмғандай уақыт болса да нәпсінің қалауына еріп кетуден бізді сақтай гөр!

Байқасаңыз, иманның ләззаты, құштарлығы, дәмі, жәннатқа деген ынтықтық, сондай-ақ Хақ тағаладан келген барлық нәрсені алуға, қабылдауға деген ынтызарлық, бұлардың барлығы да адам бойына Аллаһтың өзі дарытатын сый. Адамның қолынан келгені болар-болмас іштей қалау ғана. Сол себепті Садуддин и Тафтазани бұл жайында:

«Иман – адамның жеке ықтиярын қолдануынан жүрегіне Аллаһтың бітіретін сәулесі» деген.

Сол сәулені бітірген Құдіретке шыбын жанымыз пида болсын! Бұндай үлкен нәтижеге қол жеткізуде сенің қолыңнан келгені тек жеке еркіңді қолдану ғана. Одан артыққа араласа алмайсың. Бұл түймеге басып қалсаң, жарыққа көміле кеткенің тәрізді. Бір ғана түймеге басумен мыңдаған шамның іске қосылып жап-жарық бола кететіні секілді иман тұсына жеке ықтиярыңның кішкене ғана аууы хидаят нұрының сәуле шашуына себеп болады.

Иә, бұл мәселені де ауыздағы тағам тәрізді түсінуге мәжбүрміз. «Уә ма тәш а-у- на иллә ән яшауллаһ» (Аллаһ қаламайынша, сіздер ештеңе қалай алмайсыздар), «Аллаһ қалағанын адастырады, қалағанын тура жолға салады»[2]. Демек, ешкім Аллаһтың қалауынан асып кете алмайды. Аллаһтың адастырғанын тура жолға сала алмайды. Тура жолға салғанын адастыра алмайды.

Бұлай деу адамға тән істі Аллаһқа телу емес. Қайта Аллаһқа тән істі Аллаһтың өзіне телу болып табылады. Бұл мәселедегі адамның еркі болмашы ғана, сол себепті осыншалықты істің бәрін өзіне телитіндей ешбір жөні жоқ.

Түптеп келгенде айтарымыз, істің көбі Аллаһ тағалаға тән. Бізге қатысты жағы сондай ұсақ, көзге көргісіз. Сол себепті бұларға көзді жұмып қарап, істің бәрін тұтас өзімізге қарата басыбайлы еншілеп алуымыз Аллаһ тағалаға әдепсіздік танытумен тең болары анық.


[1] «Инсан» сүресі, 76/30.
[2] «Мүддәссир» сүресі, 74/31.