Ислам діні кез келген мәселені шешуге қауқарлы ма?

Иә, қауқарлы. Біздің күні кеше айтқан осы сөзімізді бүгінде барлығы мойындауда. Мәселен, Батыстың Исламға бет бұра бастауының өзі – осының айқын көрінісі.

Фабриканың жұмыс істеу жүйесін сол фабриканың негізін қалаған адамнан артық кім білсін?! Ең қарапайым деген электронды жабдықтың жұмыс істеу механизмінің өзін өз маманынан сұрап жатамыз. Адамды кім жаратса, оның жеке басы мен қоғамдық өміріне қатысты мәселелерінің барлығын ең жақсы білетін де Сол. Ендеше, адам баласы үшін ең тиімді жүйе – Аллаһ тағаланың белгілеген жүйесі болса керек.

Осынау шындықты қазіргі таңда барлығы жаппай мойындауда. Өйткені адамзаттың өз қолымен құрған барлық жүйелері бүгінде тығырыққа тірелді. Мызғымас деген жүйелерінің өзі ұзаққа бармады. Тарихта адамзат баласы құрған феодализм, капитализм, социализм мен коммунизм тәрізді т.б. жүйелер бірінен соң бірі құлап, артына орны толмас қайғы‑қасірет пен өкініш қалдырды. Алайда, Ислам алғаш құрылған күннен бері өз қалпын толық сақтап, күні бүгінге дейін бір мысқал да өзгерген жоқ.

Батыс әлемі мұны жақсы түсінуде. Ислам елдерінен Батысқа кеткен ізгі мұсылмандар ол жақта үлкен құрмет пен қошеметке бөленуде.

Әлем ислами дүниетанымға оралуға дайындық үстінде. Бүгінде қазіргі қордаланған мәселелердің шешімі Ислам арқылы ғана табылады деген көзқарас басым.

Шынайы абырой – ойы жат, ниеті бөтен өзгелердің қабылдап, мойындауымен өлшенеді. Бүгінде дінге жауығып қарайтындардың өзі дініміздің кереметіне бас иіп, мойындап жатыр. Еуропалықтар Хақ дін – Исламды лек-легімен қабылдауда, олардың араларында ортасынан қаймығып, иманын жалпақ жұртқа жария ете алмай құпия ұстап жүргендері қаншама... Керек десеңіз, олардың басым көпшілігі шіркеу қызметкерлері.

Қойылған сауалға нақты жауап беру үшін барлық мәселелерді өз алдына бөлек қарастырып, олардың Исламда шешімін қалай табатынын атап көрсету керек. Ал бұл атан түйенің белін қайыстырар бірнеше томдық кітаптарға жүк болады. Қысқа ғана сұрақ‑жауаптың аясында әрбір тақырыпқа терең бойлап, кеңінен сараптама жасау, әлбетте, мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселеде нақты жауап алу үшін, бұрын-соңды Исламда орын алмаған, яғни шешімін таппаған мәселелерге байланысты сауал болғаны жөн. Олар жалпылама сұрақ қойғандықтан біз де жалпылама түрде жауап қаттық. Жауабы баршаға мәлім мәселелер туралы сөз қозғау – әрі уақытты ысырап ету, әрі бос әурешілік болмақ. Ал Ислам діні ысырап пен бос істі хош көрмейді.