Аллаһ тағаланы танудың жолдары қандай?

Аллаһ Өзінің жаратқандарына мүлдем ұқсамайды. Сана‑сезімі шектеулі болғандықтан, адамның қоршаған дүниені танып­‑білу қабілеті де белгілі бір шектен аспайды.

Шындығында да, адам баласының көру қабілеті ғаламның түйіршіктей ғана бөлігін қамтумен шектеледі. Есту қабілеті де осы ыңғайлас. Мәселен, адам баласы секундына қырық рет тербелетін дыбыс жиілігін естімейді. Демек, бұл адамның есту қабілетінің шектеулі екендігін білдіреді. Оның таным шеңбері де шектеулі. Бірақ, көру, есту, тану қабілеті осыншалықты шектеулі бола тұра адам баласы: «Неге Аллаһты көзбен көрмейміз? Ол қандай өзі?» – деп сұрақ қоюдан тартынбайды. Шынтуайтында, бұлай сұрамас бұрын адам алдымен өзінің Жаратушыны танып‑білуге қаншалықты дайын екендігіне есеп бергені жөн.

Шектеулі танымымыз арқылы топшылаған кез-келген ұғымнан Аллаһ тағала пәк әрі тым ұлық болғандықтан, Оны шектеулі ақылмен толықтай білу мүмкін емес. Мейлі жарық жылдамдығымен триллион жыл қашықтықты бағындырайық, мейлі бұдан да зорғысын игерейік, алайда бұлардың бәрі Аллаһ тағаланың өзіндік болмысының жанында тозаңның түйіріндей де бола алмайды. Біз әлі күнге Антарктида құрлығын толық біле алмай жүріп, уақыт пен мекенді ұршықтай иірген Аллаһтың қандай екенін қалай біле алмақпыз?

Кәләмшылар[1]: «Жаратушы сенің ойлағаныңнан мүлдем бөлек», – десе, сопылар: «Ол сенің ойлағаныңнан әлдеқайда тысқары, оған адамның ақылы жетпейді. Сен әрдайым тұмшалаған перделер арасында, әйнектен жасалған қапас ішінде секілдісің», – дейді.

Декарт болса, адамның барлық сезімдері шектеулі екендігін, ал шектеулі нәрсе шексіздікті біле алмайтындығын» алға тартады. Аллаһтың өзіндік болмысы шексіз. Сондықтан ой-санасы шектеулі пенде Оны ұға алмайды.

Әлемге әйгілі ақын әрі ойшыл Гете: «Сені мың-сан есіміңмен еске аламыз, уа, заты беймәлім Жаратушы! Сені мың тұрмақ, сан мыңдаған есіміңмен еске алсам да, лайықты түрде мадақтай алмаймын. Өйткені Сен – сипаттаудан пәксің», – деп Жаратқанның құдіретіне тәнті болады.

Ойшылдар Аллаһ тағала бар, бірақ біз Оның қандай екенін ұға алмаймыз деп түсіндіреді. Аллаһ адам ұғынып, түйсіне алатын болмыс емес. Оны көз көріп, құлақ ести алмайды. Ендеше, тек пайғамбарлардың тағылымдарына мойынсұнып, сөзсіз сену қажет. Болмыстың да, ілімнің де алғашқы бастауы мен себебі болып табылатын Аллаһ қалайша танылсын, қалайша білінсін?!. Бар болуымыз – Оның нұрының шағылы, іліміміз – Оның ілімінің шағылысқан сәулесі ғана. Иә, белгілі бір деңгейде Аллаһты танып-білудің және ілім иесі болудың жолы бар. Алайда бұл жол табиғат пен жаратылысты білуден мүлдем бөлек. Түп-тамырымен бұрмаланған түсініктер арқылы Жаратқанды тануға әуестенгендер нәпсінің менмендігінен аса алмай: «Мен Аллаһты іздеп таба алмадым», – деп сандырақтап, онысын ғылым мен философия арқылы дәлелдеген болып, өздерін сендіргілері келеді.

Қандай жағдайда болмайық, Аллаһ тағала өзінің бар екендігін біздің жан дүниемізге бәрібір сездіреді. Сол сезім, сол ұшқын Аллаһты танудың негізі болмақ.

Біз көбінесе осы ішкі сезімнен өрбитін рухани танымымызды елемей, көбіне қателікке ұрынып, тура жолдан адасып жатамыз. Тек ғаламшар ғана емес, сөз анасы Құран мен Ғаламның рақым нұры Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) да Аллаһты сәт сайын түрлі тәсілмен танытуда. Осы айтылғандарды ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі түрік ақыны Ибраһим Хаккының мына бір өлең шумақтарымен түйіндеуімізге болады:
«Жер мен көктерге сыймаймын» деген Жаратқан,
«Жүректерден ғана Өзіме орын табамын!- деді».


[1] Кәләмшылар – иман негіздерін исламдық дәстүрлерге сай түсіндіретін ғалымдар