Тура жол (һидаят)

«Тура жол» – адамның өзіндегі жеке дербес қалауымен адамдықты таңдауы нәтижесінде оның көңіл сарайына Аллаһ тағаланың жағатын нұры. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тура жол да, қисық жол да толығымен Аллаһ тағаланың жаратуы арқылы пайда болады. Бір аятта: «Егер Жаратушың қалағанда, жер бетіндегілердің бәрі түгелдей иман келтіретін еді»[1], басқа бір аятта: «Аллаһ қалағанда, оларды тура жолға жинайтын еді»[2], – делінген. Тіпті Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шынында, сен өлілерге сөз тыңдата алмайсың, саңырауларға да естірте алмайсың. Және сен көр-соқырларды да адасып бара жатқан қисық жолдарынан тура жолға сала алмайсың»[3] – делінеді. Біз де әр намазда Жаратқан Иемізден тура жол сұраймыз әрі күніне қырық мәрте «Иһдинас-сиратал-мустақим» (Бізді тура жолға сала гөр)[4] – дейміз. «Сен сүйгеніңді тура жолға сала алмайсың, бірақ Аллаһ қалағанын тура жолға салады»[5] аяты да осы мәселеге қатысты айтылған. Ақырғы Елші де (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен адамдарды тура жолға, имандылыққа шақырушы ретінде жіберілдім. Тура жолға салып, жүрекке иманды орналастыратын – Аллаһ тағаланың өзі»[6], – деген. Шайтан күпірді, адасушылық пен күнәларды әспеттеп көрсетіп, көңілді азғырады, бірақ қисық жол мен күнәларды жарататын – тікелей Аллаһ тағаланың өзі.


[1] Юнус сүресі, 10/99.
[2] Әнғам сүресі, 6/35.
[3] Рұм сүресі, 30/52-53.
[4] Фәтиха сүресі, 1/6.
[5] Қасас сүресі, 28/56.
[6] Әд-Дилами, әл-Фирдаус бимәъсирил-хитаб, 2/11-12; Әли әл-Муттақи, Кәнзул-Уммәл, 1/116.