ТАҒДЫРДЫҢ МӘРТЕБЕЛЕРІ МЕН ОНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ (ҚАЗА)

а) «Иләһи ілім» жағынан алып қарағандағы тағдыр мен қаза
Иләһи ілім тұрғысынан алып қарағанда, тағдыр мен қаза – ақырзаманға дейін болатын бүкіл заттар мен құбылыстардың жоспары мен бағдарламасының Аллаһ тарапынан жазылуы және оларға белгілі бір пішіннің берілуі. Жаратылыс әлемі жаратылмай тұрғанда, хадис-те айтылғандай, «Аллаһ бар еді және Одан басқа ештеңе жоқ еді»[1]. Мына әлем жаратылмай тұрып, Аллаһ өзінің шексіз ілімімен барлық нәрсенің тағдырын белгілеп жазып қойған. Бұл – барлық нәрсенің Аллаһтың ілімінде белгіленуі және тағдырының жазылуы[2].

Аллаһ тағала адамның ойына келетін барлық нәрседен пәк әрі ұлық және Ол өзінің құлдарына мүлдем ұқсамайды. Дегенмен иләһи ілім жағынан тағдыр мен қазаны түсіндіру үшін шартты түрде мынадай мысал беруге болады:

Адам істейтін нәрселерін ең алдымен ой елегінен өткізіп, қиялында бейнелеп, содан кейін жоспарлайды да оларды біртіндеп жүзеге асырады. Міне, бұл ілім жағынан алғанда бір нәрсенің жүзеге асу сатылары болып табылады.

ә) «Жазу» жағынан алып қарағанда тағдыр мен қаза
Аллаһ тағаланың шексіз ілімінде белгіленген жоспарлар мен программалар «ашық баяндаушы Кітапқа» жазылады: «Әрине ол – Ләухы Махфұзда болған теңдессіз  ұлы Құран»[3]. Құранда бұл Кітапқа бір-бірінен аздап өзгеше екі атау берілген: «Имам мубин»[4] мен «Китаб мубин»[5] және болатын барлық нәрсенің алдын-ала осы «анық баяндаушы Кітапқа» жазылатындығы[6] әрі сол Кітапта жазылмай қалған еш нәрсенің жоқтығын  баян етеді[7]. Бұл Кітап – «түпнұсқа Кітап» және онда жазылған нәрселерде ешқандай өз-геріс болмайды. Ләухы Махфұз – иләһи ілімнің басқаша бір атауы және шартты түрде салыстыратын болсақ, ол – негізгі тіркеу журналы және «түпнұсқа Кітап» іспетті[8]. Осы «түпнұсқа Кітаптың» негізінде көшірмелер жасалып, басқа журналдар мен кітаптар жазылып жатады.

Аллаһ тағаланың тағы да «Ләух маху және исбат» атты кітабы бар[9]. Мұнда өзгертулер мен түзетулер жасалады.

Жазу, «көшірме нұсқа» және оның түрлері
Аллаһ тағала әр кезеңде әр қилы жазу түрлерін қолданады. «Түпнұсқа Кітаптан» алынған көшірме нұсқалардың беттері кішкене дәптерлерге көшіріліп жазылады. Мысалы, шартты түрде салыстыратын бол-сақ, төлқұжат бөлімшесінде негізгі «тіркеу журналы» бар делік. Осы «тіркеу журналының» түпнұсқасынан әрбір адам үшін оның бір көшірме нұсқасы шығарылады. Дәл сол секілді әрбір адамның өмір бойы істейтін нәрселері «түпнұсқа Кітаптан» көшіріліп, оның пешенесіне жазылады.

«Көшірме нұсқа» – періштелердің әр адамның істейтін істерін «түпнұсқа Кітаптан» көшіріп алып жазуы. Бұл туралы Құранда «Шынында, Біз сендердің істеген істеріңді жазып тұрдық»[10], – деп айтылады.

Адамдардың пешенесіне жазылған кітап пен Кирамән Кәтибин періштелері жазған кітап арасында ешбір айырмашылық жоқ. Ләухы Махфұздағы «түпнұсқа Кітаптың» бір көшірме нұсқасы болып адамның пешенесіне жазылған кітаптың[11], яғни «көшірме нұсқаның» сыртқы пішіні мен негізі жоқ, тек көрінбейтін мәліметтері бар. Мына пәни өмірде адамның дербес қалауы мен істері кітап түрінде бекітіледі. Осылайша, адамның ақыретке жібергені де, артына қалдырғаны – бәрі де еш кем-кетіксіз бір-бірлеп жазылады.[12]

Міне, осы екі кітапты бір-бірімен салыстырсақ, араларында ешқандай қарама-қайшылық болмайды, керісінше, дәлме-дәл үйлесімділік пен ұқсастық бар екендігі байқалады. Періштелер: «Ей, Жаратқан Иеміз, біздің жазғандарымыз мыналар», – дейтін болса, Аллаһ тағала да: «Менің жазғаным мынау», – деп жауап береді. Рамазанда қарилардың[13] оқыған Құраны мен оларға ілесіп қайталап отырған жамағаттың Құраны бірдей, сол секілді Аллаһ тағаланың Ләухы Махфұздан алып жазған ілім түріндегі кітап пен періштелердің адам амалдарын жазған кітабы арасындағы үйлесімдікті көруге болады. Бұл – адамның өмір шежіресіне қатысты барлық нәрсенің алдын-ала Ләухы Махфұзда белгіленіп қойылғанын көрсетеді. Дегенмен тағдыр жайында мына маңызды мәселені жақсылап түсініп алған жөн: адам өзінің тағдырының Ләухы Махфұзда алдын-ала белгіленіп жазылғандар бойынша жүріп-тұрмайды, керісінше, мына өмірде өзіндегі ерікпен не істейтіні алдын-ала білінгендіктен, оның тағдыры жазылады. Мұны қысқаша бірнеше сөйлеммен қорытындылайық:
− Аллаһ тағала өзінің шексіз ілімімен адамның не істейтінін алдын-ала біліп, Ләухы Махфұзға, ал оның бір көшірме нұсқасын адамның пешенесіне жазған;
− Адам осы көшірме нұсқада жазылғандарды өз қалауымен істейді;
− Аллаһ тағала адамның істегендерін жаратады;
− Періштелер адамның осы істегендерін бір-бірлеп жазады;

Періштелер жазады, өйткені адам сөзі, қимылы және өз қалауымен жасаған амалдары бойынша жаздырған кітабы немесе түсірген ғұмырнамалық фильмі ақыретте оның алдынан шығып, оған «Кітабыңды оқы!»[14] – делінеді. Сөйтіп, адам өзі түсірген ғұмырнамалық фильмін өзі тамашалап, қарсы шағымдануға ешқандай себеп-сылтауы қалмайды.

Ар-ұждандағы жазу
Рухтар әлемінде, мысал әлемінде немесе атомдар әлемінде болғанда, бізден уәде алу арқылы Жаратушымыз тарапынан жазылған бұл кітаптың көрінбейтін жазуларын ар-ұжданымызда бейне бір рухтың көзімен көріп, айқын сезінгендей боламыз. Әлі сперма немесе атомдар әлеміне өтпей тұрып, бүкіл атомдарымызға басшылық еткен рухтың өз әлемінде өз құлағымен естіп, өз аузымен жауабын берген, әрі ар-ұжданға жазылған осы жазу «Ә ләсту бираббикум? – Қалу бәлә» «Мен сендердің Жаратушыларың емеспін бе?» Олар: «Әрине, Сенсің», – деді»[15] әлемінде жазылған жазу болып табылады.

Жатырдағы нәресте үшін жазу
Адам баласы жатырға түскен сәтте періштелер тарапынан өз алдына бөлек жазу мен «көшірме нұсқа» жазылады. Періштелер үлкен кітап – Ләухы Махфұздан оның еншісіне тигенін, яғни «жұмақтық бола ма, тозақтық па»[16] т.с.с. жазады.

б) «Иләһи қалау» жағынан алып қарағанда тағдыр мен қаза
Аллаһ тағаланың «қалауы» – Оның бір нәрсені қалауы және қалағанының сол мезетте орындалуы. Жоғарыда қарастырған екі мәселе: Аллаһ тағаланың барлық нәрсені ілім түрінде «жоспарлауы» және түрлі пішінде «жазуы» – Оның «қалауымен» жүзеге асқаны секілді бұдан кейінгі «жарату» ісі де Оның «қалауы» арқылы орындалады.

Аллаһ тағаланың «қалауын» Құран мен жаратылыс бейнесінде ап-анық түрде көреміз және сеземіз. Құранда жиі кездесетін сөздердің бірі – «шәә»[17] (56 рет) және бұл етістіктің осы шақтағы тұлғасы «иәшәу» (116 рет). Осы сөздермен айтылған нәрсе «тікелей қалау» болады, әрі жаратылыстың бүкіл кезеңі де Оның «қалауымен» болғаны ап-анық баяндалады. Болашақтағы іске айтылатын «Иншаллаһ»[18] сөзі «Аллаһ қаласа» деген мағынаны білдіреді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құранда Аллаһ тағаланың «қалауы» жайында өте көп аят бар. Мысалы:
«(Ол) қалағанын істейді»[19]
«Көктер мен жердің және олардың арасындағы-лардың иелігі Аллаһқа тән. Ол қалағанын жаратады...»[20]
«Уа, мүліктің иесі Аллаһым, Сен қалағаныңа мүлік бересің, қалағаныңнан мүлікті аласың, қалағаныңның мәртебесін көтересің, қалағаныңның беделін түсіресің,» – деп айт»
[21] 
«(Аллаһ) Қалағанына азап береді, қалағанына мейірімділік көрсетеді...»
[22]
«Ол қалағанын тура жолдан адастырады, қалағанын тура жолға салады...»
[23]
«Аллаһ қаламайынша, сендер қалай алмайсыңдар»
[24].
Бұдан ұғатынымыз, адам өмірінің әрбір сәті толықтай Аллаһ тағаланың «қалауымен біте қайнасып кеткен». Адамның өміріне әбден сіңісіп кеткені соншалық, өмірдің әр сатысында өзін сездіруде. Сондай-ақ, Құран Кәрім мен барлық пайғамбарлардың сөздері осы ақиқаттарды баяндайды. Адамның ішкі және сыртқы әлемінде көрген ақиқаттары мен бүкіл жаратылыстағы дәлелдер де осы ақиқаттарды растайды. Біз қалайша күннің шығуы мен батуына араласа алмасақ, дәл сол секілді жүрегіміздің соғысы мен көзіміздің ашып-жұмылуына да ешқандай ықпал ете алмаймыз. Бірінші тарауда айтылған дәлелдер: «ықтималдық, тазалық, тепе-теңдік, хикмет, мақсат пен өнер» – бәрі бірауыздан бізге Аллаһ тағаланың «қалауын» көрсетуде. Аллаһ тағаланың «қалауы» бар нәрседе де бар, жоқ нәрседе де бар, яғни Аллаһ тағала бір нәрсенің бар болуын қаласа, ол бар болады, ал жоқ болуын қаласа, ол жоқ болады.[25] «Ықтималдық» дәлелінде айтылғандай, әлем мен қарапайым бір заттың бар болуы және жоқ болу мүмкіндігі бірдей дәрежеде. Бар нәрселердің болуын, жоқ нәрселердің болмауын қалаған – Аллаһ тағаланың «қалауы» мен құдіреті.

в) «Жарату» тұрғысынан алып қарағандағы тағдыр мен қаза
Әдетте біз бір істі жасауға ниеттенгенде оны алдын-ала біліп, соған қарай жоспар жасаймыз. Екінші сатыда ойымызда істің жобасы жасалған соң біз оны нақтылауға көшіп, инженер секілді нақты іс-әрекеттің нобайын сызамыз. Егер қаласақ, осы түпнұсқаны керегінше көбейтеміз. Келесі кезекте осы жоба-жоспар жүзеге асырылады. Мұнсыз біз оны мәлімет әлемінен шынайы физикалық әлемге көшіре алмаймыз. Ал соңғы төртінші сатыда құрал-саймандарымызды сақадай сайлап, осыған дейін тек қағаз бетінде болып келген құрылысты бастаймыз. 

Аллаһ тағаланың жаратуы жоғарыда айтқандары-мызға ұқсамайды, әрі ойлағандарымыздың ешқайсысы да оның дәл анықтамасы бола алмайды. Дегенмен де Оның ілімінде барлық нәрсенің бір жобасы, жоспары бар және Ол бұларды Ләухы Махфұзда жазып қойған. Сосын бұлардың уақыты келгенде, Аллаһтың құдіреті мен «қалауының» арқасында ілім күйіндегі нәрселерді жарыққа шығарады, жоқтан бар жасайды. Сөйтіп, «түпнұсқа Кітаптағы» жағдайлары бойынша ілім күйінде жазылғандар іс жүзінде жаратылады.

Сондықтан да бұған дейін жаратылған бүкіл заттар мен құбылыстар жайлы: «Демек, Ләухы Махфұзда осылай жазылған екен және сол жазылған бойынша жаратылған екен ғой», – дейміз. Ал бұған керісінше, ой-санамыз көріп-білмеген болашаққа қатысты: «Ләухы Махфұзда қалайша жазылса, солайша жаратылады» немесе «Қалай жаратылатын болса, Ләухы Махфұзда да солай жазылады екен ғой», – дейміз.

Осы мәселе туралы әрбір мұсылман, тіпті әрбір адам былай деуі керек: «Осы күнге дейін не сөйлесем де, не істесем де, қалай жүріп тұрсам да – бәрі де Аллаһтың ілімінде және «түпнұсқа Кітапта» дәл солай жазылған. Менің болашақта айтатындарым мен істейтіндерім, мен білмесем де, «түпнұсқа Кітапта» жазулы тұр. Мен өз еркіммен не істейтін болсам, Аллаһ тағала өзінің шексіз ілімімен өткенім мен келешегімді түгелдей білгендіктен, «ол өз тыңдауымен мынаны-мынаны былай істейді» деп әлмисақтан бері жазып қойған. Мен бұл жазудың шеңберінен шыға алмаймын. Алайда,  істегендерімді мәжбүрліктен емес, өз еркіммен істеймін, әрі Аллаһ тағала да оларды менің өз ерік-қалауыммен істейтінімді өзінің шексіз ілімімен әуел бастан біліп жазған».

Осыған байланысты біз «жарату» мен «бұйрық» атты тағдырдың екі түрін бөліп қарастырамыз.

1) Жаратылыстың жалпы тағдыры мен жаратылуы Аллаһ тағалаға қатысты. Бұған адамның еркінің ешқандай ықпалы мен қатысы жоқ. Аллаһ – мүлік иесі, әрі мүлкін қалағанынша қолданады. Ол нені қаласа, соны істейді және ешкім Одан есеп сұрай алмайды. Алайда, Аллаһ – өте Әділ және Хаким (асқан дана): адамдар өздеріне зұлымдық істесе де, Аллаһ оларға ешқандай зұлымдық істемейді[26].

Біздің еркімізден тысқары болған жаратылыстағы Аллаһ тағаланың жарату ісінде көптеген хикмет, мақсат, мән-мағына және пайдалар бар. Жер шарының айналуына біздің қатысымыз жоқ, бірақ ол толығымен біздің пайдамыз үшін айналады. Күнге: «Сәулеңді түсірме», – десек те, ол бәрібір түсіреді. Бірақ біз оның жылуы мен жарығына жанармай да жібермейміз, ақы да төлемейміз, салық та бермейміз. Яғни күн ештеңе талап етпей, түгелдей біздің пайдамыз үшін жұмыс істеуде. Ішкен-жегеніміздің қалдықтарын сыртқа шығарамыз. Бұл бізге зиян ба? Бізге тегін берілген 24 алтыннан, яғни 24 сағаттың бірнешеуін ғана қарымта етіп қайтарамыз әрі сол сағаттардың орнына бұ дүниеде періштелерді де сүйсіндіретін ерекше адами қасиеттерге толы мінез-құлыққа және о дүниеде жұмаққа ие боламыз. Қандай үлкен сый десеңші! Сахабалар жүрген сара жолмен жүріп, қазіргідей аласапыран заманда дінге қызмет етудеміз. Бұдан асқан бақыт бар ма?

2) Адамның өз қалауы ескеріліп, есепке алынған бұйрықтар мен жаратулар (шариғаттық және діни бұйрықтар): намаз, ораза, Аллаһ жолында жиһад ету және зинадан аулақ болу, т. б.

Аллаһ тағаланың «қалауы» мен «жаратуы» әрбір екі тағдыр мен бұйрыққа да қатысты, яғни Аллаһ тағала адамның ықтиярынан тысқары болып жатқан жаратылыстағы заттар мен құбылыстарды жаратуды да, адамның өз қалауын ескеріп бұйырған нәрселерді тікелей адамдардың істеуі нәтижесінде жаратуды да Өзінің «қалауымен» қалайды және жаратады. Тек ерекшелігі сол – осы екінші бөлімде жаратқан кейбір нәрселерге разы болса да, кейбіреуіне разы емес. Мысалы, намаз оқуды бұйырады да, жаратуды қалайды және адам өз еркімен намаз оқығанда, оны разылығымен жаратады. Бірақ, күпір мен күнәні жақсы көрмейді, дегенмен адам өз қалауымен соларды істеуге ниеттенсе, оны да жаратады, бірақ оған разылығы жоқ. Сол сияқты Аллаһ тағала бүлік шығару мен зұлымдық жасауды жақсы көрмейді.[27] Алайда, адам өз еркімен оны істемекші болғанда, Аллаһ тағала разы болмаса да, оларды да жаратады. Сондықтан жақсылықпен бірге (сырт көзге немесе расымен) жаман болып көрінген нәрселерді де жарататын – Өзі.

Иә, күнделікті тіршілігімізден және Құран аяттарынан түйгеніміздей, Аллаһ тағала – барлық нәрсенің жаратушысы[28]. Маңайымыздағы біздің еркімізден тыс болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға қарап адамда ерік жоқ деп ойламауымыз керек. Өз қалауымен жүрсін деп Аллаһ тағала адамдарға мүмкіндік берген, аяқ-қолымызды байлап, мына әлемге үмітсіз бейшара етіп жібермеген. Таңдау еркі – бізді қараңғылықтың тар қапасынан нұрға, жерден жұлдыздарға қауыштыратын өте маңызды себеп.


[1] Бұхари, Бәдъул-халқ 1.
[2] Қараңыз: Хижр сүресі, 15/21.
[3] Буруж сүресі, 85/22.
[4] Иәсин сүресі, 36/12
[5] Әнғам сүресі, 6/59; Юнус сүресі, 10/61; Һуд сүресі, 11/6; Хажж сүресі, 22/8; Нәмл сүресі, 27/75; Лұқман сүресі, 31/20; Сәбә сүресі 34/3.
[6] Тәубә сүресі, 9/51.
[7] Әнғам сүресі, 6/38.
[8] Рағд сүресі, 13/39.
[9] Рағд сүресі, 13/39.
[10] Жасия сүресі, 45/29.
[11] Жасия сүресі, 45/29.
[12] Қараңыз: Исра сүресі, 17/13.
[13] Құранды бастан-аяқ жаттап алған кісілер (ауд.).
[14] Исра сүресі, 17/14.
[15] (Ағраф сүресі, 7/172.)
[16] Бұхари, Хайыз 17; Әнбия 1; Қадар 1; Мүслім, Қадар 5.
[17] Араб тілінен аударғанда «қалау» деген мағынаны білдіретін етістік (ауд.).
[18] Қараңыз: Кәһф сүресі, 18/24.
[19] Буруж сүресі, 85/16.
[20] Маида сүресі, 5/17.
[21] Әли Имран сүресі, 3/26.
[22] Әнкәбут сүресі, 29/21.
[23] Нахл сүресі, 16/93.
[24] Инсан сүресі, 76/30; Тәкуир сүресі, 81/29.
[25] Иәсин сүресі, 36/82; Әбу Даууд, Әдәб 110.
[26] Ниса сүресі, 4/40; Юнус сүресі, 10/44; Кәһф сүресі, 18/49.
[27] Қараңыз: Бақара сүресі, 2/205; Әли Имран сүресі, 3/22-57.
[28] Әнғам сүресі, 6/102; Рағд сүресі, 13/16; Зүмәр сүресі, 39/62; Мүмін сүресі, 40/62.