Пайғамбарымыздың теңдесі жоқ керемет мінез-құлқы да оның пайғамбарылығы мен адалдығының дәлелі

1. Көркем мінез-құлық адамның табиғатына егілген дән секілді. Ол  – саф жан дүниенің сыртқа көрініс беруі, кіршіксіз таза жаратылыстың бүр жарып, шешек атуы. Осындай жақсы мінез-құлықты қалыптастырудың алғышарттарының бірі, бәлкім, ең алғашқысы – тәрбие мен насихат. Негізінде, жақсы мінез-құлық жақсы тәрбие мен насихаттан нәр алып, әбден жетіліп, бір бүтінге айналады.

Енді Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлықтан бұрынғы және кейінгі кезеңдеріне зер салайық:

Ең әдемі ұлық мінез-құлықты оған кім берген және оны сондай аса көргенді етіп тәрбиелеген кім? Әке-шешесі дей алмаймыз, өйткені олардан ерте айырылған. Атасы мен көкесі болса, өздері өмір сүрген қоғамда оған мұндай өнегені бере алмас еді. Онда оның тәрбиешісі кім? Жауабын өзі сөзімен берейік: «Әддәбәни Рабби, фә ахсана тәъдиби! – Мені Жаратушы Ием тәрбиеледі және де қандай әдемі тәрбиеледі!»[1].

2. Жақсы - жаман боп өсуіне өскен ортасы мен қоғамы көп әсер етеді. Ол өмір сүрген ғасырда Меккедегі адамдар жануарлардан бетер азғындап кеткен еді. Әділетсіздік, зұлымдық, пайыз-өсім, зорлық-зомбылық кең етек алды. Дүниеге келген қыз балалар тірідей топыраққа көмілді. Әйелдер базарда малша сатылып жатты. Қағбаның айналасы жалаңаш әйелдерге толы еді, көптеген балалар некесіз дүниеге келді. Қазіргі уақытта әр ықшамауданда бір мешіт бар бола тұра, жас ұрпақты тәрбиелеу өте қиын екенін назарға алсақ, онда сол ғасырдағы әлгіндей шарттарда мінсіз адамдық қасиеттерге ие болудың мүмкін еместігін пайымдап көріңіз!

3. Бұрынғы өткен пайғамбарлар секілді Пайғамбарымызда да сыдқ (туралық, шынайылық), аманат (сенімділік), тәблиғ (қызметін жеткізу), фәтәнат (ерекше парасаттылық) және исмәт (күнәсыздық) сипаттары өте кәміл дәрежеде болған еді.

4. Өзімізге, айналамызға және тарихтағы ұлы тұлғалар мен жақсы атпен танылғандарға қарасақ, олардың белгілі бір жақсы қасиетін, өзгеше қырын байқаймыз. Алайда, адами қасиеттің барлық түрі бір басында кездесетін ешкімді көре алмаймыз. Біреулері жомарт, бірақ дәл сол дәрежеде кешірімшіл емес. Енді біреуі батыр, әйтсе де сараңдығы бар. Сондай-ақ ешкім бір жақсы мінездің нағыз шыңына жеткен емес. Алайда ол ұлы тұлғада адамгершілік қасиеттің барлық түрі ең жоғарғы деңгейде еді әрі өмірінің соңына дейін сол қалпын сақтады.

5. Адам бойында бір-біріне қайшы көрінген екі жақсы қасиет болса, оларды ұштастыра  білу өте қиын. Мәселен, адам жомарт болуы мүмкін, бірақ кейде көлгірсимін деп, ысырапқа ұрынып жатады. Кейде үнемдеймін деп сараңдық жасайтын кездері болады. Алайда ол ұлы тұлға бүкіл көркем мінезді өте үлкен шеберлікпен өз орнында қолданған.

Мысалы, ол өте ержүрек, батыр болумен қатар, тым кішіпейіл әрі жұмсақ мінезді еді. Тіпті батылдығымен күш көрсетіп ешкімге тіс батырмаған, кішіпейіл, кешірімшіл бола тұра ешқашан жасықтық пен ынжықтық танытпаған. Бір жағынан байсалды, салиқалы болса, екінші жағынан жылы жүзді, ақ көңіл еді. Аса сұсты болуымен қатар барынша мейірімді де еді. Ол бір жағынан күллі әлемді адамның ерлігі мен мәрттігі сынға түсетін ұлы күреске шақырған асқақ рухты тұлға бола білді әрі балғындармен құм үстінде бірге ойнап, олар күлсе қосыла күліп, жыласа қосыла жылайтындай кішіпейіл де қарапайым еді.

Міне, сол ұлы тұлға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барлық тамаша мінезді бойына сіңіріп, оларды өз орнымен қолданды үмбетіне үлгі-өнеге көрсетті.

6. Адамдардың көбісі өз саласынан басқа салаларды бірдей меңгеріп, асқан біліктілік таныта алмайды. Қазір жүздеген ғылым саласы дүниеге келді, бірақ қандай да бір саланың білікті маманы болу үшін көптеген жылдар кетеді, тіпті бүкіл өмір бойы сол салада тер төгуге тура келеді. Адам өз ісіне шебер болғанындай барлық саланы жетік білуі екіталай. Алайда Пайғамбарымыз барлық салада жетік, жан-жақты болған. Оның ғибратты ғұмырына көз жүгіртсеңіз осы сөзімізге көз жеткізесіз. Сондай-ақ, барлық саланы игермек түгілі, бір саланың өзін бастан-аяқ меңгеріп шығу үшін көп уақыт, қажыр-қайрат, құрал-жабдық және қолайлы жағдай қажет екенін ескерсек, бұл істің қиынның қиыны екені белгілі болады.

7. Пайғамбарымыз өмір сүрген ғасырға көз салыңыз! Ешқандай педагогикалық тәлім алмаған, әскери мектепке бармаған, әлеуметтік білімі жоқ, телес-коп пен микроскопты көрмеген, тіпті хат танымайтын ұлы тұлға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірдің барлық саласында мәңгілік алау секілді өшпейтін, ескірмейтін, маңызын жоймайтын ұлағатты өсиет айтып кетті. Түрлі реформаларды жүзеге асырып, иләхи сеніммен сөз сөйлеп, батыл қадаам жасады.

Одан да маңыздысы, осындай терең ізденуді талап ететін ұлы істерді жүзеге асыру үшін небәрі 23-ақ жыл кетті әрі бүкіл өмірін азап, зорлық-зомбылық ішінде, соғыс майдандарында өткізді. Әлеуметтік проблемаларды шебер шешті, жанұясын мінсіз басқарды, ең соңғы діннің ақырзаманға дейінгі қағидаларын орнатып, адамгершілік құндылықтарды бүкіл әлемге таратты. Міне, осындай жан берісіп, жан алысатын қиын-қыстау шақтарда өмірдің бірде-бір саласын қалыс қалдырмай, иләхи заңды орнатып кетті.

8. Жеткілікті уақытты, қолайлы жағдайды, оңаша ойланып-толғануды, жұмыс орнын талап ететін мұндай мәселеде бір адамның
- ең мінсіз тәрбиені бойға сіңіруі;
- адамгершіліктің асқан үлгісін көрсетуі;
- бойындағы барлық қасиетін бір-бірінен тым асырмай, кем қылмай, өз өлшемінде ұстауы;
- қандай да бір қасиетімен көрінгенде қалғандарын да ұмытпауы және астамдық пен нұқсандыққа бармауы
– оның адалдығы мен пайғамбарлығына дәлел бола алмай ма?

9. Дәрігер сырқат адамның ауруына қарай дәрі жазады әрі оның мөлшерін белгілейді. Сол секілді кез келген адам басқа адамдармен араласқан кезінде өзін ұстауын, мінезін, әдет-дағдысын реттеп отырады. Адамның мінез-құлқы уақыт, орын және тыңдаушыға қарай өзгереді. Көбіне байқаусызда ағаттық жасаймыз. Мысалы, бір әкім қол астындағы қызметкерлерге ла-уазымына қарай көрсетуге міндетті байсалдылығы мен байыптылығын өз үйінде көрсетсе, бұнысы тәкаппарлық, менмендік болады. Адамдарға көрсетілетін мейірім мен қамқорлықты соғыста дұшпаныңа танытсаң, онда өз қандастарыңа сатқындық жасаған боласың. «Обал ғой, ұйықтасын», – деп, баласын таң намазына тұрғызбаса, мұнысы көрсеткен оған жанашырлығы емес, керісінше, оған жасаған ең үлкен жамандығы. Насихат айтқанда, тыңдаушының жасын, ой-пікірін және басқа шарттарды ескермей бүкіл шындықты айтып салсақ, онда бұл – насихат айтуға жатпайды әрі айтылған шындыққа обал болады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бүкіл ісі мен сөзіне үңіле отырып, оның әрбіріне жеке назар салсақ, оның әркімнің мінез-құлқы мен әлеуметтік жағдайына, сол сәттегі көңіл күйіне, сондай-ақ, уақыт пен мекенге және басқа да  шарттарға қарай өте байыптылық танытқанын, қате қадам басып ағаттық жасамағанын көреміз. Бұл да оның пайғамбарлығына ашық дәлел.

10. Айталық, барлық жағдайда орынды сөз сөйлеуді, дұрыс әрекет етуді, жақсы қарым-қатынас жасауды үйрендіңіз. Жүйелі ұзақ ойлануды, асықпай шешім қабылдауды қажет ететін жағдайда шұғыл шешім қабылдауыңызға тура келді делік. Мысалы, соғыста шұғыл шешім қабылдайтын жерде отыра қалып ұзын-сонар ойға шомсаңыз, жеңіліске ұшырайсыз. Сосын көбіне асығыс қабылданған шешімдер, ойланбастан айтылған сөздер, жоспарсыз жасалған іс-әрекеттер адамды қиын жағдайға душар етеді. Олай болса, сөйлеген кезде, қандайда бір істі жоспарлаған кезде алдағы оқиғаларды, шиеленісті тұстарды әрі туындайтын проблемаларды есепке алуға тиіссіз.

Енді ойланып көріңіз: қабылдайтын шешіміңіз, істейтін қимылыңыз, айтатын сөзіңіз бірнеше күн, ай, жыл немесе ғасырға дейін емес, ақырзаманға дейін қолданылатын болса, онда не істер едіңіз?

Пайғамбарымыздың әр сөзін, әр қимылын, әр шешімін ғасырлар бойы әр дәуірдің, әр түсініктің және әр деңгейдің адамы жылы қабылдап, барлық жағынан қолайлы болғандықтан кең қолданып келеді. Уақыт озған сайын ескірмек түгілі, қайта жасарып жаңарып, жалғасын табуда. Сонда барлық ғасырдың, барша адамзаттың әжетіне жарап, қолына шамшырақ болған бұл адам пайғамбар болмағанда кім болмақ?

11. Жоғарыда қысқаша айтылған барша әдемі мінез-құлықтың Иесі жайлы бізден сұраса, біз ойлан-бастан: «Иә, Ол – пайғамбар әрі пайғамбарлар Сардары», – дейміз. Біз оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) куәгеріміз. Иә, Хақ тағала жіберген Ақиқат Нұрының куәгеріміз. Өйткені осыншама биік адамдық қасиет тек адал да турашыл кісіде ғана болады. Тамаша адами қасиет «адалдық топырағында өсіп-жетіліп, жеміс береді».

Өтірік айтатын адамның сөздері мен жүріс-тұрысында міндетті түрде бір кемістік болады. Өтірік – жамандық атаулының бастамасы. Ол жамандықтың есігін ашады да, соңынан түрлі нашар қылықты да өзімен бірге сүйреп келеді. Сол секілді адалдық та адамгершілікті ілестіре жүреді.

Бүкіл асыл қасиетке ие болған осы ұлы Тұлға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әу баста-ақ туралықтың тұғырына ту тігіп, ақиқат пен адалдық жолындағы ұлы міндетін, яғни пайғамбарлық міндетін зор ықыласпен бастаған әрі міндетін жетістікпен толық тәмамдаған.

12. Осы мәселеге басқа жағынан да қарауға болады:
Бір-бірімен үйлесім тапқан нәрселердің арасында сабақтастық пен әсемдік болады, керісінше, қайшылық орын алған жерде ыза мен кек жүреді. Достарымыздың мінезі мен ой-пікірі өзіміздің мінезімізге және ой-пікірімізге ұқсайды емес пе? Іші көк түтін әрі иісі жағымсыз орындарға ниеті жаман, ойы арам бұзықтар жиналады, сол секілді Аллаһтың үйлері (мешіт, медресе, т.б.) де өздеріне лайықты абзал жандарды тартады. Иә, адалдық та әрдайым адал жандарды өзіне баурап, құшағына алады. Олай болса, осы күнге дейін миллиондаған адал, шыншыл адамды өзіне тартқан адам адалдықтың өзегі мен өзі емей немене? Өз қатарына тартқан кісі көркем мінезді, оны үйірсектеген адам да әсем қылықты адам болмақ. Оның тартылыс күшінің ұлылығы мен теңдессіз екені сонша – ғасырлар бойы миллиондаған адамды өзіне қаратқан.

13. Осындай адамгершілігі мінсіз адамда, әлбетте, құрмет, абырой, бедел болады, сондықтан ол ешқашан өтірікке, қулыққа жоламайды.

14. Адамзат тарихында ешбір адамның өмірі, сөзі мен ісі Пайғамбарымыздікі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сияқты жан-жақты мұқият зерттелмеген, зерттеліп жарыққа шығарылмаған, неге десеңіз олардың жүріс-тұрысы кәміл болмаған. Сондай-ақ қазір бүкіл шартарапта күніне бес мәрте есімі «Аллаһ» есімімен үздіксіз бірге айтылатын тек сол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғана.


[1] Әли әл-Мұттақи, Кәнзүл-уммал, 11/406.