Пайғамбарымыздың мұғжиза түрде қорғалуы

Жабир ибн Абдуллаһтың (р.а.) риуаяты бойынша, Жабир  Расулуллаһпен бірге Нәжид жаққа жорыққа аттанады[1]. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы ұрыстан оралған кезде Жабир де бірге оралған еді. Қайтар жолда ағашы жиі өскен бір жерде Расулуллаһ тынығу үшін аттан жерге түсті. Қасындағылар да ағаштардың көлеңкесін саялап, бел жазып, аяқ суытады. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір тікенді ағаштың астына жайғасып, қылышын сол ағашқа ілді. Жабир айтады: «Біз аздап қалғып кеткен едік. Сол сәтте Расулуллаһтың бізді шақырғанын естідік те, дереу жанына жетіп бардық. Қарасақ, Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанында бір бәдәуи араб отыр. Сол кезде Расулуллаһ (әлгіні меңзеп) былай деді:
− Мен ұйықтап жатқанда мына бәдәуи қылышымды алып қойыпты. Оянып кеттім. Қарасам, қылышымды жалаңдатып маған төнген күйі:
− Менен қорыққан боларсың? – деді. Мен:
− Жоқ, қорықпаймын, – дедім. Бәдәуи:
− Дәл осы сәт сені кім қорғай алады? – деді. Мен:
− Аллаһ қорғайды, – дедім. Сол сәтте Жәбірейіл мұның көкірегінен жұдырықпен қойып қалды да қылышты жерге түсірді. Сол кезде қылышты өзім алып:
− Ал сені менен кім құтқара алады? – дегенімде, ол:
− Ешкім құтқара алмайды, – деп қорқып жерге қарады.[2] Әбу Һурәйра (р.а.) айтады:
Әбу Жәхил (сәждеге бас қоюды әжуалап):
− Сендердің Мұхаммедтерің әлі маңдайымен жер сүзіп жүр ме? – деді. «Иә» деп жауап бердік. Сол кезде ол:
− Лат пен Уззаға[3] ант етейін. Енді оның жерде жатқанын көрсем, жатқан жерінде қылқындырам не басын топыраққа көміп тастаймын, – деді. Біраздан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз оқып жатқанда, оған жақындады. Қылқындырмақ болды. Кенет оны тастай салып, кері шегінді де, әлденеден қолдарымен қорғана бастады.
− Саған не болды? – дегенде, 
− Арамызда от шашқан бір ор пайда болды, өте қорқынышты еді және біршама қанаттар көрдім, – деді. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
− Маған жақындағанда, періштелер оның қолын қол, бұтын бұт қып дене мүшелерін бір-бірлеп жұлып тастайтын еді, – деді.[4]
Айша анамыз (р.а.) баяндауда:
«Аллаһтың адамдардан сені қорғайтыны күмәнсіз»[5] деген аят түскенге дейін Пайғамбары-мызды сахабалары қорғап жүретін. Осы аят түскен соң ол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ей, адамдар, енді тарасаңдар болады. Бұдай былай мені Жаратқан Ием қорғайды», – деді.[6]



[1] «Затур-риқа» сапары
[2] Бұхари, Жиһад 84, 87; Мағази 31, 33; Мүслім, Фәдәил 13.
[3] Мүшріктер табынған пұттардың атауы
[4] Мүслім, Мұнафиқин 38.
[5] Маида сүресі, 5/67.
[6] Хаким, Мүстәдрак, 2/313.