Мұхаммедтің пайғамбарлығын Тәурат пен Інжіл де растайды

Бүкіл пайғамбарлар, солардың ішіндегі ұлыларына түскен Тәурат пен Інжіл сияқты иләһи кітаптар Хатәмүл-Әнбияның[1] (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «пайғамбарлығын» растайды Хүсейін Жисри сияқты ғұламалар бұрмаланғанына қарамастан Тәурат пен Інжілдің қазіргі нұсқаларынан осы мәселеге қатысты көптеген аяттар тапқан. Солардан тек төртеуіне ғана тоқталып өтейік:

1. «Олар үшін бауырлары арасынан сен сияқты бір пайғамбар шығарамын және сөздерімді соның көкейіне саламын»[2].

«Шынында, Мұса былай деді: Жаратушы сендердің бауырларыңның арасынан мен сияқты бір пайғамбар шығарады. Не айтса да, оны тыңдаңдар. Бүкіл пайғамбарлар, Самуэл (Исмайыл) мен бірінен кейін бірі келген пайғамбарлар – бәрі осы күн жайлы алдын-ала жар салған болатын»[3].

«...Сөйтіп, Жаратушың... бұдан кейін Исрайылдан Мұса сияқты бір пайғамбар шығармады»[4].
«Киелі кітаптың» Тәурат пен Інжіл атты бөлімдерінен алынған жоғарыдағы аяттарда:

а) Ибраһим пайғамбардың (а.с.) баласы Ысхақтың (а.с.) нәсілінен тараған Исрайыл ұрпағына Мұса пайғамбардың (а.с.) «бауырларыңыз» деп айтуы Ысхақ пайғамбардың бауыры Исмайылдың (а.с.) ұрпағына ишарат. Исмайылдың ұрпағынан шыққан пайғамбар – тек Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғана бола алады. Өйткені, Исмайыл ұрпағынан тек Пайғамбарымызға ғана «пайғамбарлық» берілген. Юша (а.с.) мен Иса (а.с.) – екеуі Исмайылдың (а.с.) емес, Исрайылдың ұрпағынан шыққан.

ә) Мұсаның (а.с.) «мен сияқты» дегені пайғамбарымызды меңзейді. Өйткені, жиһад, әкелген заңдары мен үкімдері, жамағатына сөзінің өтімділігі секілді жиырма шақты мәселе тұрғысында Мұса пайғамбарға Юша (а.с.) мен Исадан гөрі Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) анағұрлым ұқсайды.

б) Исрайыл ұрпағынан Мұса (а.с.) сияқты пайғамбардың екінші мәрте шықпайтындығы анық айтылған.
в) «Сөздерімді көкейіне саламын» дегені – үмми, яғни сауаты болмаса да Аллаһ тағаланың сөздерін пайғамбарымыздың тез жаттап алып, адамдарға үйрететіндігіне ишарат.

2. «Жаратушы Синадан келді және оларға Саирден туды. Паран тауында жарқырады, он мыңдаған қасиеттілердің ішінен шықты. Олар үшін оң жағында отты әмір бар».[5]

а) «Синадан келу» сөзі Мұсаға (а.с.) Сина тауында иләһи үкімдердің берілуін, «Саирден туу» сөзі Исаға (а.с.) Інжілдің берілуін, «Паран тауында жарқырау» сөзі Пайғамбарымыздың Меккеден шығатынын білдіреді. Паран (арабша оқылғанда «Фаран») – Меккенің көне атауларының бірі. Сондай-ақ «Киелі Кітаптың» «Тәкуин» бөлімінде Исмайылдың Паран шөлінде өмір сүргені айтылады[6].

ә) Ішінен келгендігі көрсетілген «қасиеттілер» сөзі Пайғамбарымыздың кіршіксіз пәк жақындарына, Әһлүл-Бәйтіне[7] және сахабаларына ишарат етеді.

б) «Отты әмір» – Ислам дініндегі жиһадқа ишарат.

3. «Тас» – іргетасқа айналды, ол – көз таңғалдыратын ғажап іс... Аллаһтың мәләкүті сендерден алынып, Оның жемісін өсіретін бір халыққа беріледі, бұл «тастың» үстіне түскеннің тас-талқаны шығады. Ол «тас» кімнің үстіне түсетін болса, оны шаң сияқты сейілтіп, ыдыратып жібереді»[8].

а) Аяттағы «іргетас» Иса (а.с.) бола алмайды. Өйткені Иса (а.с.) мен оның әкелгендері ештеңені талқандап, шаңға көмбеген. Бұл Мұхаммед пайғамбарымызда болған. Сондай-ақ, үкім жүргізген Иса (а.с.) емес, Пайғамбарымыз еді әрі Исаның (а.с.) өзі басқару билігін жүргізу үшін келмегенін айтқан[9].

ә) Бұхари мен Мүслімнің риуаяттарында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің пайғамбарлық үйінің «іргетасы» екенін айтады[10]. Сондықтан іргетасы қойылу арқылы, яғни Пайғамбарымыздың келуімен іргесі біржолата бекіп, пайғамбарлық тәмамдалды.

4. «Жаратушы сендерге басқа Фараклит жібереді. Ол әрдайым сендермен бірге болады»[11].

«...Ол сендерге барлық нәрсені үйретеді, айтқандарымды естеріңе салады»[12].

«Ол Мен үшін куәлік етеді»[13].

«...Мен кетпесем, Фараклит келмейді... Ол келгенде, күнә, жақсылықтың ара-жігін ажыратып, сот, үкімді жар салады»[14].

Жоғарыдағы аяттарда «Фараклит» сөзі грек тілінен шыққан. Грек тіліндегі «Пириклитос» сөзі – араб тіліндегі «Ахмәд» сөзінің баламасы. «Ахмәд» – Пайғамбарымыздың бір есімі әрі Інжілде Оның есімі «Ахмәд» деп аталғандығы Құран Кәрімде де анық баяндалады.[15] Осы аяттарда берілген сипаттар тек Пайғамбарымызда ғана бар.

Бұл айтылғандармен қоса Пайғамбарымыздың келетінін әрі Оның сипаттарын тәптіштеп түсіндірген Інжілдің басқа көптеген нұсқалары қазіргі уақытта табылмай отыр.


[1] Пайғамбарлардың ең соңғысы (ауд.).
[2] «Киелі кітап», Тәсния, 18-бап, 18-аят.
[3] «Киелі кітап», Расулдардың істері, 3-бап, 22-25-аят.
[4] «Киелі кітап», Тәсния, 34-бап, 12-аят.
[5] «Киелі кітап», Тәсния, 33-бап, 2-аят.
[6] «Киелі кітап», Тәкуин, 21-бап, 21-аят.
[7] Хазірет Әлиден тарайтын пайғамбар ұрпақтары (ауд.)
[8] «Киелі кітап», Матта, 21-бап, 42-44-аят.
[9] «Киелі кітап», Жохан, 12-бап, 47-аят.
[10] Қараңыз: Бұхари, Мәнәқиб 18; Мүслім, Фәдәил 20-23.
[11] «Киелі кітап», Жохан, 14-бап, 16-аят.
[12] «Киелі кітап», Жохан, 14-бап, 26-аят.
[13] «Киелі кітап», Жохан, 15-бап, 26-аят.
[14] «Киелі кітап», Жохан, 16-бап, 7-8-аят.
[15] Қараңыз: Саф сүресі, 61/6.