КІРІСПЕ

«Егер Біз бұл Құранды тауға түсірер болсақ, Аллаһтың ұлықтығынан қорқып оның тас-талқаны шыққанын көрер едің. Бұл мысалды адамдар ойлансын деп береміз»[1].
Құран – тәңірлік сөзді ұғыну қабілетіне ие әрі айрықша жаратылыс иесі – адамға түсірілген Жаратушының кәламы (сөзі). Иә, Құран – адамға түсірілген ұлы кітап. Құранның ұлылығы сондай: тауға түскенде, оның тас-талқаны шығар еді. Өкінішке қарай, адам Құраннан қаперсіз. Сол себепті олар Құранның құдіретін, қадір-қасиетін сезіне алмай келеді. 
Сүңги білгенге Құран –
Маржан толы теңіз.
Құраннан алыс жүрген жанға
Несібе жоқ деңіз. 
Құран – иләһи кітап. Хақ тағала оны өз ұлылығымен адам санасына тамшыдан теңіз құрағандай етіп шақтап түсірген. Әрі бұл кітапқа – шексіз құт-береке дарыған. Қасиеттілігі мен ұлылығының теңдесі жоқ. Ол – құт-берекенің нағыз қайнар бұлағы. Егер адамдар оның әмірлеріне мойынсұнатын болса, өмірлері нұрланып, тіршіліктерінің берекесі артып, жұрт алдында мерейлері үстем болар еді. Сөйтіп, өресі жазылып, көңілдері жайланып, пәнилік ғұмырын жұмақтық өмірге айналдырар еді.

Құран Кәрім «адам баласы осыларды терең ойлансын» деп жіберілген. Сондықтан біздер терең ойланып, көп толғанып, көңілімізді күпті етіп жүрген көкейтесті мәселелердің шешімін Құраннан іздеп табуға күш салуымыз керек. Өйтпеген жағдайда Құранды түбегейлі түсіну мүмкін емес.

Құран – тіршіліктің қайнар көзі. Адам өз өмірінің құт-берекесін арттырғысы келсе, Құранға жүрегінің төрінен орын беруі керек. Құраннан қол үзген өмірде бақ-береке болмайды. Халық Құраннан алшақтаған сайын өмірді берекетсіздік пен боссөзділік жайлайды.

Бір хадис шәріпте: «Ең жақсы адам – Құранды (бүге-шігесіне дейін) үйренген және оны басқаларға үйреткен адам»[2], – делінген. Ең жақсы адам болғымыз келсе, Құранды терең түсінуге әрі тынбай түсіндіруге тырысуын Құранның тәпсірлерін ақтарып, ондағы ақиқаттар мен мағыналарды бүге-шігесіне дейін ұғыну үшін тер төгуіміз керек. Осылай еткенде ғана Құранға лайықты өмір сүріп, әлемге үлгі-өнеге бола аламыз. Әйтпесе Құран Кәрімнің керемет нұрынан, құт-берекесінен құр алақан қаламыз.

Алдымызда асқар таудан да биік шындық тұр: ол – Құран ақиқаты. Бізге соған қатысты біршама міндеттер жүктелген. Біздің міндет Құранды сақтаумен ғана шектелмейді. Оны көздің қарашығындай сақтау керек шығар, дегенмен сыртынан гөрі ішіне құрмет көрсеткеніміз абзал. Құранды ақ қалтаға салып, үйдің төріне іліп қою Құранға сый-құрмет көрсетудің белгісі емес. Сізге патшадан хат келсе, не істейсіз? Ол хатты құрметпен сүйіп, маңдайыңызға тигізіп, мүлдем оқымастан сандыққа салып қоясыз ба, әлде «Патша не депті?» деп хатты оқып шығуға асығасыз ба?

Міне, ғаламдағы бүкіл сән-салтанаттың Патшасы – Аллаһ тағала сізге «хат» жіберді. Бұл кітаптың маңыздылығы сондай: онда сіздің мына өміріңіз бен ақыретіңізге қатысты өмірлік маңызы бар мәселелер кеңінен қамтылған. Сіз осы құнды кітаптан ғибрат алудың орнына оны ашпастан төрге іліп қойсаңыз, бұл бүкіл патшалардың Патшасына деген құрметсіздіктің белгісі болмай ма?!

Құран Кәрім – өміріңізді ретке келтіру үшін сізге жіберілген қасиетті хат. Аллаһ тағала осы хатында: «Расында біз адамды көркем бейнеде (ерекше сұлу етіп) жараттық»[3], – дейді. Рас, біз Құран Кәрім арқылы мерейіміз шалқып, абыройымызды көтердік. Өйткені Аллаһ тағала Құраннан қаперсіз жүрген бейбақтар туралы: «Олар хайуандар сияқты, тіпті одан да қатты адасуда»[4], – дейді. Демек, адамзат өз бетінше абырой-беделге ие бола алмайды. Адам Құран Кәрімге көңіл бөлгенде ғана оның абырой-беделі артады.

Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы мәселе жайлы бір хадис шәріпінде былай дейді: «Құранды барша адамзатқа естірту мақсатымен жария оқу – садақаны ашықтан-ашық беру сияқты. Құранды құпия оқу – садақаны білдіртпей беру сияқты»[5].

Зекетті ел көзінше беру – былайғы жұртты қайырымдылық жасауға қызықтырады, тіпті көп беру үшін елді бір-бірімен жарысуға құлшынтады, дәл сол секілді ашықтан-ашық оқылған Құран басқа адамдардың оны оқуға деген ынта-ықыласын арттырады. Ал түннің қою қараңғылығында оңаша Құран оқу садақаны құпия беру секілді бағаланады. Себебі, адам оңашада, тыныштықта ғана Құранның өзіне не деп тұрғанын білуге тырысады. Әрбір мүмін үшін Құранның өзіне не деп үн қатып тұрғанын білу не Құранның әмірлеріне бағыну өте маңызды. Өйткені адам осы ниетімен мүмін болып саналады. Омар ибн Абдулазиз, Мухаммед ибн Қағбил-Қурази сияқтылар Құранды сондай ниетпен таң атқанша оқыған және оның шынайы мағынасы мен түбіндегі жақұтына тек осы жолмен қол жеткізе білген.

Шын пейілмен әрі әдемі әуенмен оқылған Құран адамның жан дүниесіне өмірлік азық береді. Әсіресе,  Пайғамбарымыздың мүбәрак аузынан естігендей Құранға құлақ қою адамды шексіз рақатқа бөлейді. Бір саты жоғарылап, Құранды Жәбірейілдің өзінен тыңдағандай сезіммен тыңдаудың адамға беретін рухани ләззатын баяндауға тіл жетпес. Осылардың барлығын былай қойып Құранды тікелей оның Иесінен, яғни Аллаһ тағаладан тыңдағандай сезімде болу (жүрек бұған шыдай алар ма екен, білмеймін) адамды рухани шарықтатып, бейне бір көк аспанда қалықтап жүргендей күйге бөлейді.


[1] Хашр сүресі, 59/21.
[2] Бұхари, Фәдәилул-Құран 21; Әбу Даууд, Уитр 14, 15, 19; Тирмизи, Сауабул-Құран 15; Ибн Мажә, Мұқаддима 16.
[3] Тин сүресі, 95/4.
[4] Фұрқан сүресі, 25/44.
[5] Тирмизи, Сауабул-Құран 20; Нәсаи, Қиямул-ләйл 24; Зекет 68; Әбу Даууд, Татауу 25.