Ұлт

Өз ұлты үшін отқа да, суға да түсуге бел байлаған адам өз бас пайдасын ұмытса да, ұлтына қатысты мәселелердің ең елеусізінің өзін бір сәт естен шығармауы тиіс.

Барлық ісінде бірауызды болып, бұқараның ой-пікірімен санасқан ұлт ең мықты ұлт болып табылады.  Ол үшін ұлт өкілдері дін, тіл, тарих секілді маңызды мәселелерде бірдей тәрбие алуы керек.

Өзіміздің жақсы көрген және олардың да сеніміне ие болған адамдар айтқан сынға қуануымыз керек.  Олай болмаған жағдайда кейбір кемшілігіміздің кесірінен көптеген достарымызды жоғалтып қана қоймай, көптеген кемшіліктерімізді де түзету мүмкіндігінен айырылып қаламыз.

Айналамыздағы дос бейнесіндегі айлакерлерге сыр алдырып қоюымыз – ұлт ретінде бізді әлсіреткен факторлардың бірі. Адам кез келген уәдеге алданып, көлденең көк аттыға сенбеуі тиіс.  

Егер қандай да бір ұлт ішінде жалғандық жөн саналса, ол ұлттың жазылмайтын ауруға шалдыққаны. Мұндай организмде жақсылықтың нышандары көріне бастаса – ауруға шалдыққан адам денесінің ісінгеніне қарап, оны оңалудың, денсаулығы жақсара бастағанының белгісі деп жоритынымыз секілді өз-өзімізді алдау болып шығады.

Ұлтты құрайтын адамдар бір ананың баласындай тату-тәтті өмір сүрсе,  ол ұлттың алдында алынбайтын қамал қалмайды.  Егер бір-бірімен алауыз, араз болса, ондай ынтымағы жоқ ұлт айрандай ұйып, өз алдына ел болып қалыптаса алмайды.