Реніш емес, шыдам қажет

Әлемді түнек қаптағанда шартарапқа Хақ Тағаланың сөздерін жеткізген сен едің. Көрсоқырлар оны білмесе де, жер мен көк – куә. Жөн-жосық білмейтіндердің жүгенсіз қылығына налыма! Істеген ісіңнің шын салмағын адамдар білмесе де, Хақ Тағала біледі ғой!  

Сен өз бойыңдағы асыл қасиетіңе сай өз ісіңді орындадың, енді айналаң жайнаған гүл бағы сияқты... Айналаңда мұншама гүл тұрғанда, төрт-бес тікенге бола неге ұнжырғаң түседі? Әсіресе, бұл тікендер тәрбиенің жетіспеушілігінен пайда болса...!?

Хақ Тағалаға деген сүйіспеншілікке толы жүрек үшін мәңгілік өмір жолындағы істердің қарымын осы дүниеде сұрау – өте ұят іс. Әрі бұл әлем мен ондағылар тегіс пәни, ал ақыреттік өмір – ақылға сыймас сұлулығымен, ғажайып болуымен мәңгілік емес пе..? Олай болса, Хақ Тағаланың жолындағы қайратыңның қарымын осы дүниеде сұраудан бас тарт! Мәңгілік өмір бұл дүниедегі тіршіліктен сан мың есе артық.

Халықтың ыстық ықыласы мен құшақ жайған құрметіне, ол тіпті орынды болған күннің өзінде басың айналып, дүние қызығы мен қызылына, шен-шекпенге алданып, оларға көз сатып, тәуелді болып қалма! Адам Жаратушының алдында рухы мен жүрегінің тазалығына қарай қадірлі.  Руханияттан гөрі осы дүниенің қызығы мен қызылын артық көріп, тәндік болмысының ауыр жүгі астында жаншылып, езілгендердің жағдайы неткен өкінішті..!

Үлкендерді құрметтей білу – әдептіліктің әліпбиі, бірақ оны талап етпеу керек.  Сен талап етпесең де, өзгелер сені сыйлап, құрметтейтін болса, ол қауіпсіз, егер соңына түскен жағдайда қол жеткізе алмайтын арман-аңсарыңа айналады. Ол өз кезегінде адамды масқара етіп, азап шектіреді.

Халық сені биік көріп мақтаса, оған басың айналып, алданып қалма! Мұндай ықылас көктен «мақұлданатын» әдет болса да, іштей тілеп, ұмтылатын нәрсе емес. Адамға бір сәт ләззат сыйлағанымен, ұзақ уақыт уайымға салып, көз жасын төккізеді. Мұндай өткінші ілтипаттарға алданып, жүрегіңді кірлетпе!

Қызметің өсіп, өрісің кеңейген кезде, тек қасыңның тарапынан ғана емес, сонымен бірге достарың жағынан да сыналатыныңды ойлап көрдің бе? Ойлан! Жаратушының саған сынақ ретінде жіберген достарыңа әрдайым кеңпейілді бол!

Халқың үшін жасаған қызметіңді, қол астыңдағыларға көрсеткен жақсылықтарыңды олардың бетіне басып, міндетсініп, өзіңнен бездіріп алма! Жақсылық жасау – борышың. Мойныңда үлкен жауапкершілік бар екенін есіңнен шығарма!

Оқып-тоқығаның бойынша және Хақ жолында тер төгіп, қарапайымдылығыңнан жазбай ізетті болсаң да, Жаратушының қаһары мен шапағатын хош көрмесең, онда есіңде болсын: әр басқан қадамыңда өз бойыңдағы менмендік өзіңе жота күдірейтіп, жоныңнан таспа тіледі.

Жасаған қызметіңнің парқы мен нарқын және жанқиярлығыңды айтып, әңгіме қылма! Еңбегіңнің жемісі баршаға ортақ, достарыңның ықыласы мен еңбектеріне қарай Жаратушының берген сыйы деп біл. Қызмет жасау керек болған жағдайда әрдайым алғы шепте, ал сый-сия-пат аларда мүлдем жоқ болып кетуді білсең, бізге соны айт! Айт, тартынба, шекер-шербет тілің жүрегімізге қуаныш сыйласын!

«Білімім, намысым, мақтанышым» деп, нәпсіңнің алдамшы әуендерімен дұшпаныңды қуантып, достарыңды ренжітпе. Егер бойыңда жақсы қасиеттерің болса, болашақ мәңгі өмірде саған жемісін берсін. Егер өміріңде аңызға айналған ерлігің бар болса, ол періштелердің мәңгілік әні боп қала берсін.