Даналық

Ақылдың жолына жарық шашып, оны жаңа көкжиектерге бастайтын, оның нұрымен бір жылда жететін жолды аз уақытта басып өтуге болатын иләһи шырақ бар, ол – ой. 

Ойдың «міндеті» – ақиқатты табу. Оның Құдайылық ілтипат арқылы жұмыс істейтін зертханасында нағыз ақиқат басқа өң алып кетпес үшін, яғни дұрыстық үшін қайта сарапталатын болады. Ойдың асылдығы да осында.

Пікір ойдан туады. Ойлау қандай да бір нәрсені ой таразысына салмай тұрып оған сену және басқалардың кемшіліктерін тауып, оларды сынаумен асыл өмірді қор қылу дегенді білдірмейді. Ой ақиқатқа бастап апаратын жолын қисын, хикмет пен иләһи шабыттан табатын ізгі құлшыныс болып табылады...  

Ойдың тағы бір қырына ақылдың көрегендігі мен нұрлануы жатады. Ойсыздық – ақылсыздық емес. Ақыл барлық нәрсені жарықта талқыласа, ой көбінесе қараңғы түннің қарашығынан туады. Рух пен ой көбіне оңаша қараңғылықта жақсы жұмыс істейді...

Хикмет немесе ислами философия жарқын әрі ізгілікті ойдың көкорай шалғынында бой көтеріп, дамыған. Ізгі ой үстем болған жерде хикмет дәурен құрса, шалыс әрі бұзық ойға ерік берілген жерде – адамды адастыратын философия кең тараған. 

Олқы соғатын тұстарына қарамастан философияны хикмет дейтін болсақ, философты да хикметке құштарлығы үшін дана деп атауға болады.

Адам санасын адасушылықтан, жанын тағылықтан құтқарып, рухын тазартып, ар-ожданын жарыққа бөлеген және оның нұрымен жаратылыстың сырларын оқытатын маңызды қайнардың бірі – хикмет немесе ислами пәлсафа.  

Ғылым ақыл бағында, ал хикмет гүлі рух бақшасында жайқалып өседі. Ал руханияттың күні ақыл мен рух шеңберінен де тыс рухани әлемде туып, көкке көтеріледі.

Хикметтің түпкі мақсаты – Аллаһқа және рухқа алып баратын жолдарды жарық қылу. Бұл кейде туынды мен туындының иесіне, кейде туындының иесінен туындыға жеткізу жолымен жүзеге асады. Бұл жолдың екеуі де хикмет алауын қолына ұстаған адамның ниеті мен көзқарасының дұрыстығына және тазалығына қарай адамды жақсылық пен шынайы ізгілікке жеткізеді.   

Нағыз ғалым – тек білуші ғана емес, білгендерін ар-ожданымен терең сезіне білген адам. Наданмен салыстырғанда ғалымның дәрежесі қандай болса, ғалыммен салыстыр-ғанда дана мен философтың жағдайы да сондай.

Ғалым жаратылысты көріп-сезу арқылы, яғни физикалық тұрғыдан танып біледі, ал дана адамның көңілі мен ақылы үнемі ғайып әлеміне бағытталған...

Ғалым көзімен көрген, бірақ көкірегімен рухани ләззатын сезіне алмаған сұлулықты жағымсыз деп қабылдауы мүмкін. Ал дана адам кез келген құбылысқа перденің ар жағында бұғып жатқан сырды есепке ала отырып қарайтындықтан, өз ойынан, жалпы ойлау процесінен ғибадат ету кезінде алатын ләззатпен бірдей ерекше шабыт алады.

Бізге ұнамаған нәрсенің барлығы міндетті түрде жаман әрі жағымсыз емес. Бүлдіршіндер оқуды, терең ойлауды, ине салу мен дәрі ішуді жақтырмайды... бірақ отпен ойнауды ерекше жақсы көреді... Ғалым мен дананың ақылы да бір-бірінен осылайша ерекшеленеді.  

Біздің бүгінгі «жаңа философтарымыз» – философияға қатысы шамалы жандар.  Көбінің айналысып жүргені жарым-жартылай аударма ғана. Соның өзін дұрыстап жасай алса ғой..!

Ақыл емес, рух – хикмет өлшемі. Данышпанды данышпан ғана түсіне алмақ. Ал ақыл – хикметтің жауы немесе оның жалған досы.

Ақылдың хикметті «ұнатпауы» көбінесе оны түсіне алмаудан туады. Хикметтің табиғаты соншалықты нәзік болғандықтан, «шабыты» шабан ақылдың оның деңгейіне жетуі тым қиын, тіпті бұл мүмкін емес. 

Ақыл – көздің ағы болса, даналық – ақылдың нұрынан кейін қараңғылықтан туатын оның қарашығы...

Ақыл қарманып, ал хикмет бір көргеннен танып-біледі. Ақыл болмысқа көзілдіріктің ар жағынан үңілсе, даналық оны айшылық алыстан қол созым жерге әкелетін ерекше сезімтал дүрбімен немесе телескоппен бақылайды. 

Ақыл материядан шығандап кете алмайды, ал одан тысқарыны хикмет пен шынайы философия көріп сезе алады. Өкінішке қарай, адамдар даналықтың қуатты әрі айсыз түнде де адастырмайтын дауысына құлақ түрудің орнына, ұйқыға шақыратын немесе өзге дүниені ұмыттырып мас қылатын әндерді тыңдағанды қолай көреді.

Өмірдің қараңғы әрі адастыратын жолдарын нұрландыратын екі қайнар бар: ол – таза ақыл мен хикмет...

Ғылым – ақылдың шырағы, ал даналық – рух көгін жарқыратып нұрға бөлейтін найзағай.

Материалистік философия мен даналықты бір-бірінен ажырата алмаушылық екеуін де дұрыс білмеуден туады. Өкінішке қарай, қазіргі кезде осы екі гәпті шатастыратын надандардың үні үстем боп тұр...!

Болмысы хикметпен біте қайнасып кеткен дана адам өзінің тар бөлмесінен шықпай-ақ бүкіл әлемді шарлай алады. Жер бетін тегіс аралаған саяхатшылар оның көргендерінің мыңнан бірін де көре алмайды.

Философты дүние танушы деп атайды. Ал ақиқат пен Жаратушыны тани алмаған адам нағыз философ бола алмайды.

Кез келген сөз адамның білімі мен рухани мәдениетін көрсетеді. Мұны тек сол деңгейге жеткендер ғана түсінеді. Асыл сөздер мен терең ақиқаттарды түсінбеу немесе олардың қадірін білмеу рухтың надандығынан немесе оның өрескелдігінен емес, оның рухани мәдениетінің таяздығынан...

Тарихта халықтардың хикметсіз дөрекі күштердің қол астында жаншылып езілуі көп кездескен. Тоңмойын күш әлсіз хикметті езіп жаншығанда ақиқат аяққа тапталады...

Асыл тастың қадірін зергерлер, білгірлерді ғалымдар, адамды  кемеңгерлер түсінеді. Асыл тас темір базарында, ғалым надандар арасында, данышпан ар-ождан мен парасаттылық жоқ жерде жетімдіктің кермек дәмін татады.