Өсімнің өршуі

Бір күн туады, өсім жүйесі (пайыздық өсім)  жаппай белең алып, өсім жемеген жанға да оның шаң-тозаңы жұғады. Иә, дәл бүгін бұл мәселе ең үлкен індеттің біріне айналып, күн өткен сайын жан түршіктірер қара бұлт болып, қоғам тынысын тарылта түсуде.

Бұл індетке Аллаһ елшісі хадистерінде ишарат еткен:
«Адамдарға бір заман туады. Сол кезде өсім жемеген  адам қалмайды. Жемегенге  де шаң-тозаңы жұғады[1].

Хадисте екі мәселе көзге түседі:
Біріншісі: Мемлекеттің барлық қаражаты өсім қазанында қайнағандықтан, банктер мен банк тектес ұйымдармен қатысы болғандықтан, адам қаншалықты сақ әрекет еткенімен, осы бір жұқпалы дертке шалдықпай тұрмайды. Шаң-тозаңы жұғады. Бұл жағдайда адам ниетімен ғана құтыла алады.

Екіншісі: Арабшада шаң-тозаңға батудың басқа да мағынасы бар. Кейбір адамдар өсім жейді, жемегендері шаң-тозаңына былғанады. Капиталистік қоғам өсім арқылы қазынасын көбейтсе, пролетарият қоғамы да дәл осындай жағдайдан ары аса алмай,  екі қоғам арасындағы текетірес қоғамды шаң-топыраққа, яғни, дау-жанжалға көміп, бір күні адамзатты беймаза күйге түсірмек. Шамасы, бұлардың бәрі де болып өтті деп ойлаймын. Әлі де болып жатыр. Хадистің көрсеткеніндей, аталған екі қоғам адамдарының бойынан осы жиіркенішті әдеттер мен қылықтар қылаң беруде. Қазір де өсімді (әр түрлі жолдармен немесе тікелей) жұқтырмаған сауда орны қалмады десе де болады. Әлемдегі барлық сауда осы ұғымның дөңгелектері арасында шыр айналып, бүкіл әлемде өсімқорлық сауда-саттық тәрізді «табиғи» өң алып келеді.

Екі дүние Шамшырағы қазіргі заман адамдары душар болған өсім дағдарысына ғасырлар бұрын үмбетінің назарын аударып, сақтықпен әрекет етіп, өсім батпағына түспеуін қатаң ескертіп кеткен. Бірақ, амал не, бүгін бүкіл Ислам әлемі кеңірдегіне дейін өсімқорлық батпағына батып, енді одан шыға алмай бұлқынып бағуда. Бірақ әлі күнге дейін осы кірден арылу жолында айта қаларлықтай талпыныс жоқ. Алайда Ислам – өсімге қарсы аяусыз соғыс жариялаған дін[2].

Әттең, мұсылмандар Құранның осы мәселе жайында қорқыту, ескерту сөздерінің, тым құрыса, мыңнан бірін түсінгенде ғой, бүгін әлемнің ең төмен елдері қатарында болмас еді!..



[1] Ибн Мәжә, Тижарәт 58; Муснәд, 2/494; Нәсаи, Буйу’, 2.
[2] “Ей, мұсылмандар, Аллаһтан қорқыңдар! Мұсылман болсаңдар, өсімнен қалған (аласыларыңды) алмаңдар. Істемесеңдер, мұны Аллаһ пен Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе етсеңдер, онда малдарыңның басы өздеріңдікі. Сонда сендер зұлымдық етпейсіңдер, зұлымдыққа да ұшырамайсыңдар” (Бақара, 2/278-279)