КІТАП ЖӘНЕ СҮННЕТ АЯСЫНДА

1. Ізгі істерге белсенділік таныту
Аллаһ елшісі ізгі амалдарда қырағылық пен мұқияттылықты қатаң талап етіп: «Аллаһ өз ісінің шебері болған мұсылманды сүйеді», – дейді[1]. Иә, солай. Басқаша айту мүмкін емес. Өйткені Аллаһ тағала Құранда: «Қалаған амалдарыңды жасаңдар. Аллаһ, пайғамбар және мұсылмандар жасаған амалдарыңды көреді», – деп айт» (Тәубе, 9/105), – дейді. Яғни, істеген істерің белгілі бір  өлшемдер арқылы бағаланады. Жасалған барлық амалдар мақшарда көрмеге қойылғандай қойылады да, жұрт келіп, бұл қандай іс деп, тексеріп қарай бастайды. Міне, адамдар осыны есепке ала отырып, амал етуі тиіс. Бір хадис шәріпте: «Аллаһ тағала істеріңнің кемшіліксіз жасалғанын ұнатады»,[2] – дейді. Аталмыш аят, ғылымға ынталандыру тұрғысынан терең зерттеуді қажетсінген мұғжизалардың бірі. Меніңше, бұл – әр кітапқа үлгі етіп жазылар сөз. Бұның бір жағында да: «Аллаһ өнерлі еңбекқор  мұсылманды сүйеді», – деген Аллаһ елшісінің сөзі тұрғаны да абзал.

Мұнан басқа әлсіз бір хадис бар. Иә, халықтың көпшілігі үйі мен дүкенінің төріне іліп қоятын бұл әлсіз хадис: «Еңбектеніп табыс тапқан жан – Аллаһтың сүйіктісі» - деген  мағынаға саяды.

Иә, Аллаһ тағала жаратылыс заңына сәйкес адал  еңбектенетін, бейнетқор жанды жақсы көреді. Задында, бұл мәселені «Асыр сүресінің» аясында да тереңнен қозғап көруге болады. Ақын Мехмет Акиф осы сүренің мазмұнын былайша өлең жолдарына төккен:
«Есіңде ме, сахабалар қоштасар сәтте,
Сөзсіз, «Асыр» сүресін неге оқыған?
Өйткені  сол ұлы сүреде (азаптан) құтылу сыры жасырынған.
Әуелі нағыз иман келеді, сосын салиқалы амал,
Сосын ақиқат, сосын табандылық,
 Міне, айналайын, адамзат,
Осы төртеуі біріксе, сен әсте қасірет көрмейсің».

Иман, салиқалы амал, ақиқатқа беріктік, хақты насихаттау, сабыр, сабырға беріктік, сабырлықты насихаттау – бұлардың барлығы да үлкен күш-жігерді қажет ететін жеке амалға жатады. Осыларды жасаған жан Аллаһтың сүйген пендесі болмақ. Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әлемінде, оның ізгі амал ұғымы аясында еңбектену – Аллаһ тағаланың сүйіспеншілігіне бөлейтін ең абзал іс. Ол әсте «үйлеріңді тәрк етіңдер, ас ішуді қойып, дүниеден безіңдер. Сонда барып Жаратушының разылығына кенелесіңдер» – демеген. Адам бойындағы құмарлыққа дұрыс жол сілтеп: «Бір-бірлеріңді ұнатып қосылыңдар»,[3] – деген. Басқа бір хадисінде де былайша ескертіп: «Үйленіңдер, көбейіңдер. Қиямет күні басқа үмбеттердің алдында мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын»,[4] – дейді. Яғни, сендер көп болған сайын мені қуантасыңдар. Бұрылып артыма қараған сәтте, артымда рукуғ етушілерді, сәждеге бас қоюшыларды, «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар» – деп дауыстап, құлшына ғибадатқа терең бойлаушыларды көру – мен үшін үлкен мақтаныш. Аллаһ елшісі адамдардың өмірге деген құштарлығын, дүниеге қызығуын әсте тежемей, бар болғаны шариғат жолымен жүргізіп, осы арқылы үмбетіне Аллаһ тағаланың разылығына бөленетін жолдарды көрсетіп берген. Оның тәрбиесі – адамды өзінің әу бастағы жаратылыс болмысына сай жолға бағыттайтын иләһи тәрбие.





[1] Мунауи, Фәузул-Қадир, 2/290.
[2] Кәнзул-Уммал, 3/907.
[3] Әбу Дәууд, Никах, 3; Нәсәи, Никах, 11; Муснәд, 3/158, 245.
[4] Мунауи, Фәйзул-Қадир, 3/269.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.