Аштық ауыртпалығы

Осыған ұқсас тағы бір мысал келтіре кетейік: Бір күні Хақ пайғамбар Әбу Бәкір (р.а.) және Омармен (р.а.) түн ортасында Мәдинаның бір қалтарысында ойламаған жерден кездесіп қалады да, бір-бірінен жөн сұрайды: «Түн жарымында сыртқа неге шықтыңыз?». Үшеуінің де жауабы бір жерден шықты: «Аштықтан»…
Иә, үшеуі де Аллаһ үшін барын беріп, енді азық боларлық бір тілім нан таба алмай дөңбекшіп, ұйықтай алмай сыртқа шыққан еді[1].

Сол заманда тәблиғтың ауыр жүгін осы қуатты қолдар көтерген. Бүгін де сол жүкті көтеруге міндетті адамдар көзді жұмып, белді буып тәуекелге баратындай күшке ие болуы тиіс.

Өз қызы Фатима жайында Аллаһ елшісі: «Фатима – менің бір бөлшегім. Оны қуантқан адамның мені де қуантқаны, оны ренжіткен адамның мені де ренжіткені»,[2] – деген.

Міне, осы Фатиманың шаруашылығына жәрдемдесер ешкімі жоқ болатын. Су тасудан, диірмен тасын айналдырудан қолдарын күс басып, иықтарына жара шыққан болатын. Осыны көріп, Әли (р.а.) істер қайраны жоқ, іштей мұңайып жүрді.  Бұл ауыртпалық ұзақ уақыт  жалғасты.

Негізінде, оның мінезі әкесінің мінезіне тартқан. Жүріс-тұрысына дейін әкесінен айнымайтын[3].

Бір соғыста қолға түскен тұтқын мен олжаны бөліскенде, барша жұрт Пайғамбарымызға қажеттілігін айтып, жағдайына қарай үлестен алып жатқан. Фатима анамыз да барды. Бірақ әкесі үйде жоқ екен. Неге келгенін Аллаһ елшісінің зайыптарының біріне айтты да, келген ізімен кері қайтты.

Пайғамбарымыз оның келгенін ести сала дереу қызының үйіне барады. Фатима ол сәтте жатып қалған-ды. Аллаһ елшісі ішке кіргенде, төсегінен тұруға ыңғайланды. Алайда ол дереу төсектің шетіне отырды. Тіпті тізесінің суығына шейін сезді. Ол: «Қызым, Суффә[4] сахабаларын қажетті нәрселермен қамтамасыз етпей тұрып саған бір сабақ жіп те бере алмаймын. Бірақ бұдан да қайырлы істі үйретейін. Жатарыңда 33 рет Субһаналлаһ, 33 рет Әлһамдулиллаһ және 33 рет (Бір риуаятта 34) Аллаһу-әкбар де. Бұл ақыретің үшін сенің сұрағандарыңнан әлдеқайда қайырлы»,[5] – деді .

Бірде Аллаһ елшісі Фатиманың қолынан білезік көрді: «Қызым, адамдар Пайғамбардың қызы білегінде жәһәннамнан бір шығырық тағып жүр деп айтқанын қалайсың ба? Дереу оны шығар», – деді.

Фатима (р.а.) сол білезікке бір құл сатып алып, оны Аллаһ үшін азат етті. Кейін осы жайды әкесіне айтқанда, Аллаһ елшісінің қуанышында шек болмады![6]

Сондай-ақ, Аллаһ елшісі ақиқатқа өзі үндеген жұртынан еш нәрсе талап етпеуімен қатар, олардан көрген зорлық-зомбылыққа да төзуге мәжбүр болды. Талай рет үсті-басы шаң-топыраққа көмілген кезде, Фатимадан басқа ешкім көмек қолын созбады. Сан рет жүрер жолына тікен шашылып, мүбәрак аяқтары қанға боялды.

Бір күні Қағбада намаз оқып жатқанда, мүшріктер айналасын қаумалап, жан-жағынан жұлқылай бастайды. Сол маңда жүрген Әбу Бәкір (р.а.) дереу көмекке ұмтылып: «Раббым – Аллаһ» дегені үшін өлтіресіңдер ме?» – деп, Аллаһ елшісіне араша түсті[7]. Осындай жайлар жиі қайталанатын. Бірақ көрген жәбірі мен шеккен азабы оған бөгет болған жоқ. Ол:  «Жылама, қызым, Аллаһ әкеңді далаға тастамайды»,[8]– дейтін. Аллаһ оған миллиондаған жанның жүрегінің төрінен мәңгілік орын әперді.

Сөзімізді қорытындыласақ, қозғаған мәселеміз –  пайғамбарлардың жаратылу мақсаты. Олар тәблиғ үшін жаратылған. Біз осы міндетті тек жауапкершілік түрінде орындасақ, Пайғамбарлар оны жаратылыс мақсаты ретінде жүзеге асыратын.

Біз осы тақырыпқа талдау жасағанда, Аллаһ елшісінің әкелген нұрлы хабарларынан «Мұхаммед – Аллаһтың елшісі» деген жазуды былайғы жұртқа көрсетуге тырыстық. Тәблиғында қолданған тәсілдер оның Аллаһтың елшісі екендігін айқындап, өзінен кейінгі ізбасарларға адаспайтын жол болатынын айтуға ұмтылдық. Біз Аллаһ елшісінің дінді айтып жеткізудегі тәсіліне жүгінбесек, жетістікке жетуіміз мүмкін емес. Мұның мүмкін еместігі тәжірибе жүзінде көрсеткен мыңдаған оқиғалар бар. Жол көрсетуші мен имам болуды қалағандар осы жолдың мәңгілік имамы хазірет Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қалтқысыз бағынуы керек. Ол – нағыз сардар. Салған жолы да нағыз һидаят жолы. Хабарды өз жанынан шығарған емес. Оның айтқандары ақиқаттың нақ өзі – иләһи уахи болатын[9].


[1] Муслим, Әшриба, 140; Тирмизи, Зуһд, 39; Кәнз’л-Уммал, 7/196.
[2] Бухари, Фәда’илу’л-Асхаб, 12,16; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 93-94.
[3] Бухари, Мәнақиб, 25; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 98-99.
[4] Пайғамбарымыздың мешітімен қатар орналасқан үйде өмір сүріп, көбінесе оның жанында болып, келген уахиларды жазып, Құран, хадис үйренетін арнайы адамдар (ауд).
[5] Бухари ,Фәда’илу’л-әсхаб, 9, Муслим, Зикр, 80-81; Әбу Дәууд, Әдәб, 100
[6] Нәсә’и, Зинә, 39; Муснәд, 5/278.
[7] Бухари, Фәда’илу’л-Асхаб, 5; Муснәд, 2/204.
[8] Мәжмау’з-Зәуә’ид, 6/21.
[9] Қараңыз: нәжм сүресі 53/3-4