Радиастазия

Бүгінгі таңда метафизикалық болмыстардың бар екенін айғақтайтын «радиастазия» ғылымы да «телестазияның» бір саласын құрайды. «Радиастазия» – радиацияға қатысты, радиация туралы деген мағынаны беретін ұғым. Жер беті мен күллі ғаламдағы жанды-жансыз барлық нәрсе айналасына белгілі бір дәрежеде радиация таратып, көзге көрінбейтін бірқатар әсер ету күшіне ие. Бұлар физикалық құралдармен анықтай алатын вибрациялық (тітіркену) әсер ету күшінен өзгеше сипатта. Қазіргі таңда ең нәзік вибрациялық әсер ету түріне – ғарыштан келетін сәулелер жатады. Бұлардың толқындық өрісінің майда болатыны соншама – қалың қорғасын тақтайшалардан да оп-оңай өтіп кетеді.

Бүгінгі таңда ғалымдар барлық тірі жанды организмдер мен жансыз заттардың өзінің дәл сол сәттегі ерекшелігі мен ахуалын көрсететін түрлі радиациялық толқындар тарата алатынын дәлелдеді. «Радиастазист» мамандар жер астындағы судың немесе кен орнының қоршаған ортаға берер қандай да бір әсерін ешбір белгі байқалмаған күннің өзінде дәл және анық күйде анықтау мүмкіндігіне ие болып отыр. Аталған саланың мамандары мұны өте қарапайым тәсілмен анықтайды. Олар қолына шыбық ұстап зерттеу аймағында арлы-берлі жүреді. Жер асты су көзіне келгенде шыбықтар өздігінен бағыт өзгертіп, су бар жаққа қарай майысады.

Жалпы, радиастазияның тарихы өте ерте дәуірлерден басталады. Адамзат ерте дәуірлерден бері радиастазиялық қабілетін шыңдап, бірқатар тәжірибелер жинаған. Алайда мұндай істерге белгілі бір ғылыми атау берілмеген. Мәселен, осыған қатыста тарихта болған мына бір оқиға өте қызықты.

Бірінші дүниежүзілік соғыста Галиболу түбегіне басып кірген ағылшын әскері алғашқы күннен бастап ауыз су таппай үлкен қиындыққа ұшырайды. Қарулы күштердің суға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Мальтадан кемелермен су тасуға тура келеді. Бұлай ету әскери күштердің өте көп уақытын алады, әрі тым қымбатқа түседі. Мальтадан жеткізілген су әскерлердің қажеттілігін түгелдей қамтамасыз ете де алмайды. Осы кезде ағылшын генералдарының бірі әскери күштер қатарында Саффер Кэлли атты радиастазиялық қабілеті бар адамның бар екенін естиді. Генерал Кэллиді дереу өзіне шақыртады. Кэлли генералға ертеңнен бастап іздеу-зерттеу жұмыстарына бастайтынын айтып сөз береді. Оның қолында мыстан жасалған жалғыз таяқша ғана бар болатын. Кэлли осы мыс таяқшаның көмегімен отыздан астам жер асты су көздерін тауып береді. Тіпті осы мыс таяқшамен судың тереңдігі мен мөлшерін де дөп басып айтады. Бір қызығы, бұл аймақта осыған дейін қаншама гидро-инженерлер зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, су көзін таба алмаған екен».

Радиастазия саласындағы кешенді зерттеулер Ресейде жүргізілген. Бір айтары, мұндай зерттеулер метафизиканы тұтастай жоққа шығаратын коммунистік идеологияның өркендеп тұрған кезеңінде жасалған. Бір жағынан метафизикалық болмыстарды жоққа шығара отырып, енді бір жақтан олардың күшін қолдануға деген талпыныс парадокстық жағдай болса керек, сондықтан орыс ғалымдары үшін «мистикалық сиқырға» баланған мұндай ғылыми зерттеулерге атау қоюдың өзі қиынға соққан.

Метафизиканы тұтастай жоққа шығарған идеологиялық сыңаржақтыққа қарамастан орыс геологтары бұл мәселенің мән-жайын анықтау үшін батылдыққа бара білді. Богомолов атты гидрогеология саласының маманы мыстан жасалған таяқшаның тітіркенісін негізге алып, жер астындағы су көздерін дәл тауып беретін тәсілді ашқанда көпшілік қатты үрейленген деседі, өйткені ғалым бойындағы радиастазия сәулелері мен қолындағы мыс таяқшаның көмегімен жер асты су көздерінің тереңдігі мен көлемі жөнінде дәл мәлімет берген болатын. Доктор Богомолов мыс таяқша мен радиастазияның күшіне және осы бір мистикалық тәсілдің дұрыстығына толықтай сенім артқан еді.

Ресейде бірінен кейін бірі қатарынан жүргізілген зерттеулер нәтижесінде адамның жер қойнауында жатқан түрлі элементтерді сезіну қабілетіне ие екендігі анықталды. Ғалымдар адам бойындағы осынау қарым-қабілетті ашып, жетілдіру қажет екеніне сенді. Тіпті Ғылым академиясына мүше бірнеше ғалым Сталинге қарасты жер телімінде зерттеулер жүргізе отырып, қол жеткізген ғылыми нәтижелерін «The Journal of Electricity» атты ғылыми басылымда (9 қаңтар, 1949) жариялаудан қаймықпады.

Бұл оқиға сол кездері орыс ғалымдары арасында ең көп талқыға түскен мәселелердің бірі еді. Осыдан кейін 100-ден астам ғалымға (бұлардың ішінде Қызыл армияның әскери мамандары да бар) радиастазия саласында ғылыми зерттеулер жүргізу жүктелді. Осы зерттеулер үшін арнайы жер телімдері берілді. Әрбір ғалымның қолында жай қарапайым ағаштан жонып алған «У» пішінінде жас шыбық қана болды. Мұндай шыбықтар жер асты су көздерінің үстіне келгенде бір ғажап күйге еніп, пішіндерінде бірқатар өзгерістер байқалатын. Ақыр соңында осы істің ақ-қарасын анықтау үшін құрылған ғылыми комиссия радиастазия зерттеулерінің нәтижелерін бекітіп, әлгі шыбықтарға «сиқырлы шыбық» деген атау берді.

Осы зерттеудің қызық жері сол – әлгі радиастазия шыбықтарының өзгеріске ұшырауына ешбір құрал кедергі бола алмаған көрінеді. Зерттеушілер қолына каучуктан істелген қолғап, түрлі материалдардан тігілген сауыт киіп шыбықта пайда болатын өзгерістерді болдырмауға тырысқанымен, радиастазиялық шыбықтар өз міндетін мүлтіксіз атқарып, адам бойындағы тылсым қабілетпен байланысын көрсетіп берген.

Бүгінде Кеңестік ғылымда радиастазия зерттеулері дамып, өркендеп, іргелі зерттеу саласына айналып «The Biophisical Effects Method» қысқартып айтқанда «BPE» деп аталатын болды. Осы зерттеулер ғалымдар арасында «Неліктен және қалай?» деген сұрақтың тууына жол ашты. Су, адам және қарапайым шыбық арасындағы осынау тылсым қатынастың астарында не болуы мүмкін? Электромагнитизм немесе біз білмейтін энергия толқындары не болмаса адамға әлі беймәлім қандай да бір сезімдік таным мүшесі болуы мүмкін бе? Бұның жауабын алдағы бөлімдерде бірге іздейтін боламыз...[1]

[1] Sheile Ostrander, Lynn Schroeder, Sovyet Rusya’da Olağanüstü Ruhsal Araştırmalar, 151-161.