Рух әмір әлемінен

Рух әмір әлемінен

Құран аятында: «Олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: «Ол – Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді» де»[1] – делініп, осы ақиқат меңзеледі.

Рух – Хақ тағаланың «Құдірет», «Ирада» (арабша – тілек, мақсат, қалау), «Қидәм» (арабша – көне, қадым, бастауы жоқ) сынды сипаттарынан емес, тікелей Аллаһтың Өзінен бастау алып, оның тәңірлік сипатына барып тіреледі.

Рух – «әмір әлемінен» келген болып саналады. Осынау ақиқатты: «Рух – өмір сүретін, саналы, нұрлы, сырттай белгілі бір пішінге, кейіпке енген, бірегей және біртұтас, ақиқатты танып-біле алатын, кемелдену қабілеті бар «әмір әлеміне» тән құбылыс, заңдылық болып табылады» – деп түсіндіреді.

Рух – материя емес, ол материалдық әлемге[2] жатпайтын, әмір әлемінен[3] келген ерекше бір құбылыс. Басқалай айтқанда, рух – атомдардан құралған жаратылыс емес. Рух – періштелер секілді Аллаһтың әмірімен пайда болған саналы, әрі нұрлы «заңдылық». Планеталар мен атомдар, атомның ядросы мен электрондары арасындағы тартылыс заңдылығы секілді рух та өзінше бір заңдылыққа ие. Алайда рухтың ерекшелігі – саналы жаратылыс санатында болуы. Ал өзге заңдылықтарда сана болмайды.

Рух – материяға жатпайтындықтан құрылымы өте қарапайым және тұрақты сипатқа ие.

Рух тәннің ішінде өмір сүрген кезеңде бірқатар шектеулерге тәуелді. Алайда оның тәнмен арадағы қатынасы үзілген сәттен бастап, дербестікке ие болып, материяның тар қапасынан құтылады. Осылайша оның көру және сезіну қабілеті өзгеше бір кеңістікте көрініс табады. Тірісінде иман етпеген адамның ажалы таяп, өлім аузында жатқанда иманға келуі қабыл болмайды, өйткені өлім халіндегі адамға материялық әлемнен тыс ғайып әлемі көрсетіледі. Мәселен, перғауынның жан алқымға келген сәттегі иманы қабыл болмаған. Хақ тағаланың рақымы азабынан басым екені белгілі[4]. Алайда перғауынның соңғы демде иман келтіруінің пайдасы болмады, себебі адамның ақиқатты ешбір пердесіз, ашық көруі, өмірдегі сынағының біткенін білдіреді. Демек, жан алқымға келген сәтте рух ақиқатты ап-анық көреді. Мұндай сәтте табиғаттан тыс ғайып әлемін тән емес, рух қана көре алады.Осы мәселеге қатысты Артур Хилл: «Атомдар мен электрондарды нақты көре алмасам да, олардың реакцияларына қарап, бар екеніне кәміл сенгенім сынды, болып жатқан құбылыстарды таразылай отырып, рухтың бар екеніне де дәл солай кәміл сенемін», – деген еді.

Виктор Гюго да имансыз өткен ақындардың бірі. Оның «Қайыршылық» атты өлеңі социалистік пікірдің өріс алуына үлкен әсер етті. Десек те Гюго ажалы таяп, жан алқымға келгенде: «Қоңырау соғып, араға қыстырылмаңдар, мен енді Құдайға сенемін», – деген болатын.

Ақыл-парасаты және дарынымен елді аузына қаратқан осынау данышпан тұлғаның өмір бойы ғаламдағы Жаратушыны паш еткен түрлі құбылысты парықтай алмай, ажал таяған сәтте шіркеудің дәнекерлігінен де бас тартып «Мен Құдайға сенемін» деуінің астарында не болуы мүмкін? Соңғы демін берерде не көрді екен? Әлбетте, оның мұндай бетбұрысының астарында рухымен көріп, тамашалаған бізге беймәлім жайттар бар екені даусыз.

«Рух және материя» журналында мынадай оқиға баяндалған:

Белгілі өнертапқыш Эдиссон тәннің өлімінен кейін де рухтың өмір сүретініне кәміл сенуші еді. Бақылаушы дәрігері Эдиссонның демі үзіле бастағанда бір нәрсе айтпақ болып оқталғанын байқайды. Дәрігер еңкейіп Эдиссонның аузына құлағын тосады. Сонда ғалымның «Арғы жақ расында тамаша екен» деген сөздерін естіген екен.

Эдиссонды таң қалдырған «арғы жақ» расында да не болуы мүмкін? Данышпан әлгі сөзді нендей жағдайды көргендіктен айтты екен? Әрине, оның көргені ақырет әлемі екендігінде дау жоқ. Бұл – рухтың тәнді тастап шыққан сәтінен басталатын жаңаша бір өмір. Міне, рух ақырет әлемін тамашалап, көргендіктен Эдиссонға «Арғы жақ расында да тамаша екен» дегенді айтқызды.

Хазірет Айша анамыздың ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дүниеден өтер алдындағы соңғы сәттеріне қатысты былай деп айтқаны мәлім: «Аллаһ елшісінің демі үзілуге таяған шақ болатын. Науқастанғанда кейде маған дұға оқытатын еді. Мұндайда оның мүбәрак қолын ұстап, шапағатшы қылып, ауырған жеріне қойып тұрып дұға жасайтын едім. Осылай дұға жасамақ болып оқталып, қолын ұстай бергенде, Аллаһ елшісі қолын бірден тартып алды да: «Раббым! Ұлы достардың жанына баруды қалаймын», – деді[5]. Осыдан Аллаһ елшісінің бұл дүниеде тұрақтағысы келмейтінін және арғы дүниені сағынғанын түсіндім. Иә, сүйікті Пайғамбарымыз арғы дүниені түгел тамашалап, сол жаққа баруды қалаған сәтінің өзінде рухтың өлмейтінін паш етіп кеткені нет- кен ғанибет!

Дәрігер Уиллиам Гонтер жарық дүниемен қош айтысар сәтте: «Әттең! Қалам ұстауға күшім жетсе, өлімнің қаншалықты жеңіл әрі рахат болатынын жазып кетер едім», – дегені айтылады. Осындай сан түрлі мысалдар арқылы адам баласының бұл дүниемен қош айтысар соңғы сәттерінде арғы әлемді тамашалай алатыны туралы жайттардың шындығына көз жеткізе бермекпіз.

[1] «Исра» сүресі, 17/85
[2] Материялық әлем – сыртқы сезім мүшелерімізбен білуге болатын, өзіміз тіршілік етіп жатқан материялық кеңістік. Кейде ол – «мүлік» және «шәһәдәт» әлемі деп те аталады.
[3] «Әмір әлемі» – материялық әлемге қатысты өлшемдермен өлшенбейтін, заңдылықтары өзгеше әлем. Бұл әлемнің негізі – материя емес, мағына.
[4] Бұхари, Тәухид, 15, 22, 28, 55; Бәдиүл-халқ 1; Мүслим, Тәуба, 14-16.
[5] Бұхари, Мағази, 83; Мүслим, Сәләм 46; Ибн Мажә, Жәнәиз, 64.