Ананың асыл қасиеттері

Ана – ұлтты қалыптастыратын отбасының ең маңызды тірегі. Ана ұғымы Ислам танымында өте қастерлі, Аллаһ елшісі бір хадисінде «Жұмақ – аналардың табаны астында»[1] деген. Расында да, ана қасиетті қолымен ұлт бесігін тербете отырып, қоғамның алғашқы ядросын құрайтын жанұяның негізін қалайды. Ана нәрестелердің шат күлкісін кернейтін және бақыт шырағы маздайтын отбасының мәйегі...

Ана – Ислам дінінде ардақты атқа ие. Оны басқаша бағалау жылтыраған тасқа оның басындағы тәжді алмастырғанмен бірдей сөкеттік. Еркек пен әйелді жаратқан Ұлы Жаратушы олардың өмірдегі орны мен жынысына қарай күш-қайрат, қарым-қабілет берген. Әйел әлсіз әрі нәзік, көңілі жұмсақ. Әйелдерді ауыр әрі қара жұмыстарға жегу оларға ашықтан-ашық жасалған қиянат болып табылады.

Әйел заты бойындағы асыл қасиеттерімен еркек кіндіктіні он орап алады деуге болады. Өйткені ол мейірімділік бұлағы, бауыр еті баласы үшін өз жанын суырып беруден тайынбайды. Ер адам бұл жағынан онымен теңесе алмайды. Алайда, бұл қасиет тек адамдарға ғана тән емес. Балапандарын иттен қорғауы үшін тауықтың жүнін тікірейтіп айбат шегуі де осының айғағы. Ұрпағын қатерден қорғау үшін барлық тіршілік иелеріне тән мұндай қасиет, әсіресе, аналардың бойында айрықша кемеліне келген, оны өзге қасиеттермен салыстыру мүмкін емес.

Біз жанұяның қалай құрылуы керектігі жайлы кеңес беруге талпындық. Сенімнің (ақида) маңыздылығына, еңбек бөлінісіне, өзара көмек пен ерлі-зайыптылардың шаңырағының берік болуы үшін діндарлық факторының маңыздылығына, балаларды ізгілікке тәрбиелеу тақырыптарына тоқталдық. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мақтаныш ететін ұрпақ мәселесіне назар аудартуға тырыстық. Алдағы бөлімде жанұя мәселесіне тоқталмақпыз.

[1] Әжлуни, Кәшфул-хафа, 1/335; Нәсаи, Жиһад, 6; Ибн Мажә