Ұрпақ сүю

Алдыңғы бөлімде біз қоғамның ең маңызды тірек-терінің бірі болып табылатын жанұяға, сондай-ақ оның діни ұстанымдарға деген беріктігіне тоқталдық. Қандай да бір істің мейлінше мінсіз орындалуы, сол істің қалай атқарылғанына байланысты. Сол себепті мұндай маңызды қадам әуел баста жан-жақты ойластырылуы керек. Иә, қандай да бір іс жоба кезінде мұқият қолға алынбаса, нақты ойға негізделмесе, болашақта ойламаған жерден кері нәтижелерге ұрындыруы мүмкін. Мысалы, ғимарат құрылысы алдын-ала есептелмесе, кейін оны бұзып қайта салу әуресіне тап боламыз.

Отбасы – қоғамның ең маңызды тірегі. Бұл тіректің беріктігі ұлттың, мемлекеттің қуаты. Олай болса, ұлт пен мемлекет іргетасының беріктігі жобаның (тұжырымдаманың) қаншалықты дұрыс жасалғанына байланысты. Сәл бір ағаттық ертең ұлтқа кесірін тигізері сөзсіз. Сол себепті отбасы мәселесіне аса байыпты қарау керек. Ол – аса маңызды мәселе. Заңсыз неке қоғамды іштей ірітетін індет екенін айтқымыз келеді.

Бұл мәселеге де ислами таным тұрғысынан қарай-тын болсақ, Құран кәрім Аллаһ тағала разы болатын адамдардың көп болғанын қалайды. Әсілі, бүкіл пайғамбарлар, салих мұсылмандар мен өзге де кемел адамдар арлы ұрпақтың, таза ұрпақтың көп болғанын қалаған және асыл қасиеттермен адами құндылықтарға негізделген қоғам орнатуға күш салған.

Құран кәрім Зәкәрияның (а.с.) шын жүрегімен Аллаһқа жалынып-жалбарынғанын «Әли Имран» сүресінде былай деп жеткізеді:

«Ол жерде Зәкәрия дұға жасады: Раббым, маған пәк ұрпақ нәсіп ете гөр! Күмәнсіз, сен дұғаны шын мәнісінде естушісің! – деді»[1].

Байқасаңыздар, Зәкәрия (а.с.) «ұрпақ» қана демеді, «пәк ұрпақ» деді. Бұл «Аллаһты сүйіндіретін, пай-ғамбарды қуантып, әкенің көңілін марқайтатын, ұлттың тірегіне айналатын «таза ұрпақ нәсіп ете гөр!» деген сөз. Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмайыл екеуі Қағбаны салып жатып, Жаратушыға былай деп жалбарынды:

«Уа, Раббымыз! Бізді Саған бас иетіндерден қыла гөр! Ұрпағымыздан саған бағынатын үмбет шығара гөр! Бізге ғибадат жөнін көрсет, тәубаларымызды қабыл ете гөр! Өйткені Сен тәубаларды қабыл етуші, өте мейірімдісің»[2].

Олардың ұрпақтарынан жүздеген пайғамбармен қатар адамзат мақтанышы хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шығуы – Хақ тағаланың осы маңызды дұғаны қабыл алғандығының белгісі. Бұған қоса, үмбеттің ең игілері де ылғи осылай деп жалбарынып, Аллаһтан ізгі ұрпақ тілеген.

«Және ол кісілер: Раббымыз, бізге көзіміздің нұры боларлық ұрпақ нәсіп ете гөр! Әрі бізді тақуа жандардың алды ет!» деді»[3].

Осы секілді көптеген аят-хадистерде салиқалы отбасыдан өрбитін ізгі ұрпақтың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Иә, бұл дұғалардың барлығында дерлік күнәсіз, пәк, мүслим әрі мүмин ұрпақтарға назар аударылған. Олай болса, мәселе отбасындағы адам санының көптігінде емес, олардың ішкі тереңдігінде, өз болмысынан алшақ кетпеуінде әрі Аллаһқа ұнамды бола білуінде жатыр. Мұндай деңгейге жетудің жөн-жоралғысы бар.

Ендігі кезекте осы жайттарға біршама тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.

[1] 38-аят
[2] «Бақара» сүресі, 128-аят
[3] «Фурқан» сүресі, 74-аят