ӨЛЕҢ АҚИҚАТЫ

Өлең – ақиқат пен махаббатты арқалаған жүрек пен сезімнің тілі; ғашықтық, құштарлық, тентек қиял, мұң-қайғы мен қуаныштардың үні; тіршілік пен тіршіліктің арғы жағын сезу, түйсіну және мұндай ақиқаттарды таразылап отырудың ашық немесе жабық, тікелей немесе жанама түрде шыққан сөйлемшесі. Өлеңге ақиқаттың көзімен қарағанымызда, оған – көңілдің құбылыстарға өзінше әсерленуі; сезімнің өзінше түсінік беруі; өзінің хақ қызметіне қарамастан, әлгі сезу, түйсіктену және таразылап отыру үрдісі кейде әрқалай әртүрлі оқиғалардың ағысына сәйкес, ал кей-кейде қиял мен елестердің жетегіне еріп, дыбыстандыруы деп те айта аламыз. Әркімнің ұжданы, көңіл терезесі, сезім бұлқынысы әртүрлі болғандықтан олардың таным тереңдігі, тіршілік пен оқиғаларға деген көзқарасы, санада қалыптасқан түсінігі, мәнердің, сөз бен әуеннің де әртүрлі болатыны табиғи құбылыс.
Егерде кейбір адамдар мына дүниенің арғы жағынан мүлде хабарсыз болса, бәзбіреулері ұжданнан айырылса, біреулер ақылдарынан адасып материядан басқа ешнәрсе көрмесе, бәзбіреулер көкірек көзі бітелген надандардан болса, онда мұндай жағдайда мәлім немесе беймәлім көптеген сөз бен сарынның болуы бек мүмкін. Осы санаттардың біреуіне кірген адам өз ішкі дүниесіндегі түйсіктерін тілге тиек етіп, ұжданында қалыптасқан елес пен қиялдарына алданып, содан соң тұлғаға айналып алған әсері (осы тұста әртүрлі сенім, пайым және мәдениеттердің ықпалы аз емес) ішкі сурет пен ой-ниетін сөз етеді. Ал, бұл бір ғана заттың, бір ғана мағынаның, бір ғана мазмұнның сан алуан үлгілерде суреттелуі деген сөз.
Егер бір ақын біле тұра сеніміне, пайымына, ойына және көзқарасына қайшы келетін құрғақ қиялдардың жетегінде жүрмесе, ол бірдемені жазып, бірдемені айту үшін толғанған сайын өз ішкі дүниесін өлеңмен өрнектеп, ой мен сезімдерін, сенім мен пайымын анық жеткізері хақ. Негізінде, өзге де өнер салаларында дәл осы үрдістің жалғасары сөзсіз. Сондықтан да, өлеңнің негізі «кәламы нәпсіге»  сүйенеді. Сондай-ақ, жүректен қайнап шыққан сәтте толығымен адамның көңілі және сезімдері болып қалмақ. Осы себептен оның құлақтан кіріп жүрекке жетуі де әрқилы. Ал, таңғалдыру үдерісі кейде ақынның өлең өрнектері арқылы, кейде ащы жан айғайы мен ой-толғаулары арқылы, кейде қойнына сыймайтын қуанышы немесе қасіреті, ғашық жүрек пен сүйіспеншілігі арқылы, кейде тарқамас кегі, жалғыздықтан құлазыған ғаріптігі арқылы, кейде қиялға толы сағынышы арқылы, кей-кейде бұлардың біразы терең толғаныстармен бұрқыраған баяндары арқылы жалғасады. Не де болса, өлеңнің басты табиғаты – мазмұны мен мағыналардың әуелі адамның ішкі иірімінде екшеліп, судай буланып, «шыққа» айналуы, содан соң мөп-мөлдір жаңбыр тамшылары іспетті нәзік сезімдер мен сөздері арқылы ақ парақтардың бетінде өрнек табуы. Ал, адамның жан-жүйесінде қалыптасып, қою бұлттар іспетті жоғарыға қарай жөңкіліп аспандамаған ұйқастар – өлең емес, жасанды сөздер және әрбіреуі бір-бір ішкі «үйлесімсіздіктің» сөйлемшесі. Шынында, ұжданның жемісі ретінде адамның рухында пісіп жетілмеген сөздер мен сарындар қаншалықты әсем болып көрінсе де, тіпті, сыртқы ұйқасымен таңдай қақтырса да, бәрібір бос және құр көпірме мылжың болмақ.
Тамаша бір өлеңнің ғажаптығы тілге немесе ақыл-ойға ғана емес, көңіл күйге, ұжданына және ақынның сенімі, пайымы, ой-өрнегі мен түсінігінің бейнелеуіне де байланысты. Жақсы ақын тіл қабілетіне қарай емес, ішкі түйсігіне, өрт сезіміне, ғашықтыққа, ынта-ықыласына және түсінігіне қарай бейнелеп жатады... ол ашық немесе жабық түрде өз ішкі тереңдіктерінің тәржімашы бола білгенінше әманда шынайы, ой мен сезімдерін сөз арқылы жеткізуде де қарама-қайшылықтан алыс және боямасыз болып қалмақ. Әрбір елес пен қиялын ұжданмен таразылап отыратын ақын ойын, сезімін және ішкі түйсіктерін өрнектеп жатқанда (кейде жарым-жартылай өзгерістер болса да), өзінің белгілеген мәнерінде тұрақтылықты сақтайды. Жоғарғы және төменгі уәзіндерде әр уақытта дерлік сол сарын мен мақамның ережелеріне қарай әрекет етеді және сол жақтан үнемі бір ғана нотаға байланып қалады.
Асылында, өлең – ұжданның айнасы, «алғашқы мәтін мен жазбасынан» пайда болған бір сөз, тіл емес. Бірақ, ол тілдің дамуына міндетті түрде ықпал етіп отырады. Кейде оның сөз арқылы өрнектелгенде, тылсым немесе көмескі кейіпке айналуы мүмкін. Алайда, ол әрқашан сөзбен сомдалмақ және мазмұн-құндылығымен өміршеңдікке жетіп, заманнан озбақ.
Өлең адам туралы, әлем туралы және Жаратушы туралы дін оқуы сияқты, сопылық ілімі іспетті, философия ғылымы тәрізді айқындап жеткізбейді. Ол түс сияқты мағына мен мазмұнды барзахты  параққа немесе сөз алдыға өрнектеп отырады. Ал, мұндай мағына мен мазмұнды қамтыған сөзді жоруды өзіне емес, өзгелерге міндеттейді. Ақынның кез келген зат туралы елесі, қиялы және түсінігі өзгелердің сол тіршілік туралы пайымына сәйкес келсе де, келмесе де, оған бұл тұста күш-жігер мен үміт артып отыратын өзінің жеке сезімдері. Және ол сезімдерін ұдайы елес ретінде қабылдап, тіліне және қаламына арқау етеді. Ақынның осы ішкі сезімі, ақыл таразысы және сөзі – поэзия сарапшысы мен зерттеушісі үшін де қажетті қасиет. Сөздердің кеңдігі мен икемділігі сарапшының ойы, пайымы мен мәдениетінің әралуандығы мен деңгейіне байланысты басқа бір дыбысқа және сөзге айналуы мүмкін, кезі келгенде өзгереді де. Мәселен, көптеген адамдар мен ойлау жүйесі ұқсамайтын ортада түрлі түсініктер беріп, рух көзіндей көріп таразылап жататыны жасырын емес. Сондықтан да, ақын жазған өлеңінде өзі туралы, жан дүниесі жайлы сөз етіп отырғандай болады, ал сарапшы мен сыншының ең маңызды күш-құдіреті – өзінің ойы, пайымы және мәдениеті. Бұл ерекшелік ылғи да, әркімнің маңдайына жазылмаса да, көп жағдайларда осыған ұқсас.
Негізінде, бұлай боларына ешкім қарсы шықпау керек. Қарсы шығу мәселенің бір жағы, егерде сөздің кіршіксіздігі, бейуаздығы, ардың тазалығы жүрек бұлқынысымен, тынысымен теңбе-тең сәйкескен болса (олай екені рас), онда бұл өте дұрыс және тиімді болар еді. Себебі, өлең – адамның өзін, оның болмыс-бітімін, өмірдің арғы жағы мен әртүрлі сезімдерін ішкі дүниесі мен сана-сезім бұлқынысымен көкейге жеткізетін биік мәртебе және бұл мәртебе шынайы өлеңнің бір қырын көрсетеді. Ал, өлеңнің екінші маңызды жағында – жүрек шері мен сыршы сезімдер қотарыла құйылған ұйқастардың адамды ғашықтық пен сұлу тәннің нәзік құпиясында жатқан нәпсі құмарлығына тартпауы; ақиқаттарды сөз еткенде, ақыл мен жүрек көзін кірлетпеуі; құрғақ қиялдарға еріп, яки оғаш нәрселердің жетегіне салынып, сондай-ақ, қолы жеткен тақырыптарды өз мәнінен ауытқытып, оқырман мен тыңдарманға мән бермеуі; ой қозғаушы ретінде көріну, ой-санасы арқылы әрбір мәселеде жасанды, мәнсіз, шұбалаңқы сөздермен тақырыпты күңгірттендірмеуі сынды мәселелер жатыр. Жақсы бір өлеңде, сөз – сұлулыққа құрылу керек, ал ғашықтық – сұлулықтың шынайылығына деген іңкәр сезімімен самалдай есуі керек және де тіршілік туралы түсінік беру үрдісінде әрбір затты өнер туындысындай бағалап, шынайы иесін көрсету мәнерімен байланыстыру керек. Сонда ғана, бұларды өлеңнің кіршіксіз тазалығының, бейуаздығының және жеке-даралығының негізгі сипаттары ретінде қабыл етуімізге әбден болады.
Тілмен арақатынасы жасанды, асыра сілтеуге ұрынған, сөзбен сурет сала алмаған өлең – өлең емес. Өлеңнің қиялмен байланысы – пасықтық, ағлақсыздық суреті және ынтық сезім мен құмарлықты оятқан өлеңдегі анайы суреттер өлеңнің шынайы табиғатына жатпайды. Сана және түйсікке кері әсер қалдыратын идеологияларға шіркеу қоңырауларын шалғандай оқылатын өлең – өлең емес. Өлеңді жазу үшін мұндай жағымсыз мәнерімен шыққан сөз тізбегі қажет болса, ақиқаттың тек сынау және бақылау жолымен ғана табылатындығына сенген философиялық ағымымен (позитивизм) әртүрлі байланыс құрылсын; қажет болса, әр нәрсенің ақылмен ғана анықталып ұғынылатындығына көз жеткізген философиялық жүйеге (рационализм) байлансын; қажет болса, әр нәрсені қиял мен сезімталдық арқылы байыптайтын өнер қабылдауына (романтизм) сүйендірсін; қажет болса, барлық ой-пікірлер қою табиғилық (натурализм) түсінігінде негізделсін; қажет болса, ақылдың сырт көзқарасында аз-кем әр нәрсені сол күйде суреттеуді негіз қылып алған оқиғалармен (реализм) шектеп отырсын; қажет болса, шынайылықтан тыс, реализм мен түс-қиялдың ортасында орын алу (сюрреализм) сынды түсініктерімен ақыр-аяғы белгісіз бір жолды ұстансын; қажет болса, пікірден басқа ақиқат ешнәрсе жоқ екенін алға тартатын өнер ағымының (идеализм) белсенді мүшесі болуға күш салынсын; қажет болса, табиғаттың бет-бейнесін өз күйінде суреттеудің орнына, әр нәрседе геометриялық көзқарасты негізге алған ой-сана (кубизм) аясында әрекет етсін және керек болса, тағы басқа ағымдардың ағысында немесе оларға жақын түрлі ой-пікірлердің жетекшілігінде қалсын, шынайы өлең – адамгершілік сезімдердің түйсігі, көңілдердің өз табиғатына сәйкес үні мен дыбысы, адам, әлем және Аллаһ арасындағы қарым-қатынастың (ашық немесе жабық) либреттосы, композициясы мен әні, жер бетінен бастап үркер жұлдызына дейін жалғасатын ақиқаттардың және олардың әрқайсысын тұспалдап отыратын бір-бір көлеңкесі, әрбір заттың сезімдеріміз бен ой-пікірлерімізге түскен кескін-келбетінің сөз пішіні мен фотосуреті, ғашықтығымыз бен құмарлығымыздың әртүрлі ішектерден шертілген жүректің әні және берік иманымыз, үмітіміз, ерік-жігеріміз, сұлулығымыз, ғашықтығымыз, сағынышымыз бен іңкәріміз.
Осы ой-пікірлер – ұсынылған нанымды өлеңнің ерекшелігі және бұл тұста асыра сілтеушілік жоқ. Құран Кәрім шынайы қайнар көзін тауып, оған байлана алмаған бір ақынды, сонымен мұндай ақынның өлеңін «ал, ақындарға келер болсақ, олардың іздерімен адасқандар мен оңбағандар жүреді. Қарамайсың ба, олардың түрлі алап-алқаптарда (бұл тұста шынайы өлеңнің іргесінде негізделмеген, жоғарыда тұспалдағанымыз әртүрлі ағымдардың (ішкі емес) сыртқы мәніне назар аударып, соның ізіне түскенді айтып отырса керек. Ол кездерде мұндай ағымдардың болмағаны ешнәрсені өзгертпейді, мағынасы сол қалыпта қалған) аң-таң болып, қыдырып жүргендерін және өздерінің жасамаған нәрселерін айтып отыратындарын...»  бетке басады, сондай-ақ, өз ұсынымы аясына кірмеген дәл осындай кембағал өлеңде нәпсілік сезімдердің, құмарлығын оятып қанаттандыратындығын және қанаттандыра алатындығына назар аудартып, ойландырады, ал соңында: «алайда, иман етіп жақсы амал жасағандар және әрбір сәтті босқа өткізбей, Алланы өте-мөте көп еске алған (ақындар) басқа»  деп, өз ұсынымы аясында сөз сөйлейтін өлең шеберлерін мақтап-мадақтайды.
Сондықтан, осы мағынаны меңзейтін өлең – сөз гауһарынан зержіппен көмкерілген баян атласы және жүректің ең сезімтал ішектерімен дыбыстандырылған сондай бір сиқырлы композиция... Мұндай баянға ие болған жан өз-өзін әркімге тыңдатқыза алады және мұндай композиция арқылы әркімді таңғалдыра алады. Міне, егер өлең осы қалыпта өз мақамына сай жаңғырып жатса, ең әдемі баяндардың өзі оның алдында еріксіз бас иіп, мойынсұнады және құрақ ұшады.
Ғашықтық лұғатында ең бірінші орынды өлең алады. Өлеңдей сезім құдіретімен баршаға жету үшін ақиқат аспанына көтерілген сөздер бүкіл бел-белестерді асып, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне самғай түсіп, әрбір ұлтпен тілдесе алады және әрбір көңілге бейбітшілік нышанына айналған зәйтүн шыбығын сыйлай алады. Бүгінгі күнге дейін қаншама шоқтығы биік ақылдардан шыққан баян өзендері ағып үлгерген... Алайда уақыт өткен сайын оңып, өшіріліп сызылған суреттей не болмаса ағысы азайып, сыздыққан бұлақтай, өз алдарында оқырмандары мен талапкерлері ада болып, көпшіліктің жалыққан жаттанды гүлді бадамына айналған. Ал, өз болмыс-бітімі мен өзегіне сүйенген өлеңге келер болсақ, ол әр уақытта балғындығы мен жандылығын сақтай келіп, сөз сұлтандығын үнемі жалғастырған болатын. Ал, рух пен қиял әлеміне ашық болған өлең сөздерден жоғары мәртебеге жетіп, руханилердің  (әруақ) күндіз-түні дұға оқитын тіліне айналған-ды.
Кейде, кемел өлеңдердің өзі өзіндік болмыстардың салдарынан сұлулықтарын толық көрсете алмай келеді. Ал, бұл – баян баһадүрлері үшін сор. Алайда, мұндай сорақы жағдайдың ұзақ уақытқа созылмайтындығының кәміл себебі, бүгін болмаса да, ертеңгі күні сөз шеберлері оларды міндетті түрде естиді, таниды және әлгі азаптан сақтап қалады. Шынында, бүгінгідей өлеңнің кейбір топтардың қызығушылық танытпаған құнсыз қазынаға айналуы жиі ұшырасатын жағдай, бірақ, мұндай қызықпаушылық еш уақытта ұзаққа созылмаған. Гауһар тастың қадірін білетін сөз шеберлерінің ойынша, мұндай азапқа душар болған өлең қапелімде өз өзегіне қауышып, баян патшалығының тағына отырып, беріктікке ант ішкізіп, қаза болып қалған тағзымды жаңадан көретін болады.
Әсілінде, өлең – әр уақытта дерлік, қоғамның бет бояуын, ұлттық рух пен мәдениетін білу, тану, сақтау мақсатында ұдайы мойын бұрып сүйенетін мұрағаты болған және тарихтың әртүрлі кезеңдерін бір-біріне байланыстыру үшін «құтты сағыныш сазындай» міндет атқарған. Өткен кезеңнің түп-тамырынан қотарыла алыстағандар өлең кеңістігінде жаңадан өз болмыстарына жетіп, өз-өздерін сезіп өмір сүрген және онымен тарихын алақанындай көре білген.
Кейде өлең таңдайынан бал тамған хұтба-сөздерден ділмар баянға айналады және алмас қылыштан да өткір қару іспетті үркітіп отырады. Расында, жан тербетер әуеннің ырғағына құмартып, көңілдің ынта-ықыластарына дәркер бола білген өлең қай сәтте көкке самғаса, сөз әлеуетіндегі шашыраңқы және орынсыз сөздер бой тасалай бастайды, және үнсіздікке шомып ғайып болады. Ал, өлеңнің қанжары қай кезде қынынан жарқылдай суырылып шықса, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған өлеңсымақтар дереу құнын жояды.
Мазмұнды, мағыналы және құдіретті өлеңді Сөз Сұлтаны мен Адамзаттың Асыл Тәжі (с.ғ.с) де қашанда бет бұрып сүйенетін бір хикмет қайнар көзіндей көрген және көрсеткен. Ол Жәннатүл Фирдаустың  кескіні іспетті бірде-бір мағынасыз сөздер айтылмаған пайғамбардың қасиетті мешітінде өлең оқылып, уағыздалуы үшін Хассан бин Сабитке мінбе жасатады және де, «Аллаһым! Оны Қасиетті Рухпен қуаттандыр!» деп, оған батасын береді. Қаласаңыз, мұны дөрекі дінсіздіктің  арам пиғылына қарсы келетін өлеңнің алмас қылышымен күресудің ықпалын көрсету деп түсінсеңіздер болады.
Егер өлең өз табиғатын сақтаса, онда одан балғын да балауса, одан да жанды және еш уақытта қартаймайтын әрі қартаюға қақысы жоқ сұлулықты көрсетуі мүмкін емес. Әйтсе де, өлеңнің жеке бір түсі жоқ, бірақ, оның әрбір реңк-түстен жұққан сызықтары бар екені де ақиқат. Әріптер мен сөздер – өлең мектебіндегі бір-бір шәкіртке, өлең әскери мекемесіндегі бір-бір әскерге айналғанда, сөздің жете алмайтын білім көкжиегі мен баян әскерінің жаулап ала алмайтын бірде-бір қамалы қалмайды.
Тіршілік бастан-аяқ жаратылыс заңдылығы бойынша өзара өлең құрылымы іспетті жүйелі түрде тәртіппен реттелген. Осы тұста, өз серпілістері арқылы құдіретті сөз бен дыбысқа айналған өлеңге зейін салар болсақ, ол – сөз дастанының ішектерінен күмбірлеп шыққан әсем әлем тәріздес. Осыған орай, ақындарға жаратылыстың арғы жағындағы мағына мен мазмұнның бұлбұлдары деп санауымызға болады. Пайғамбар (с.ғ.с) – «Өлең Оған жараспайды»  деген иләһи пәрмен бойынша, сананың, сезімнің және ішкі түйсіктердің емес, кіршіксіз таза иләһи ақиқаттың жаңғыртушысы және тілмашы. Ақиқатында, Ол (с.ғ.с) ақын болмаған, Құран да өлең емес. Алайда, Ол (с.ғ.с) – Баян Сұлтаны, бүкіл сөз шеберлерінің ұстазы. Құран Кәрім – ақындардың жүректерінде туатын түрлі-түсті қайнар бұлақ, рухын қанаттандыратын қазына. Пайғамбарлар адам, әлем және Аллаһпен құрған қарым-қатынастарымен баршаға мәлім қарапайым тілі арқылы көкейінде жүрген ақиқаттарды жеткізді және Аллаһқа қалайша құлшылық ету керектігін адамдарға үйретті. Бұл дүние мен ақыретте бақытқа кенелту үшін жасалатын іс-әрекет. Ал, ақындар санасы, ұғымы, көкжиегі, болмыс пен мінездеріне қарай көңілдің, ішкі түйсіктің және сезімдердің тілімен осы ақиқаттарды немесе осыларға қатысты екінші қатардағы мәселелерді жаңа бір мәнерімен ашады, түсіндіреді және дыбыстандырып жатады.
Шынайы өлең – шабыт ағашының бұтақтарындағы Жәннат гүлдері іспетті құлпыруы қандай ғажап десеңші!? Өнімін еншілейтін жанның ниеті мен ой-пікіріне қарай жинап алынған жемістердің орнына сол жемістер қайта өсе бастайды. Содан соң, үнемі ерекшеленіп, жалғасып келіп осы ғажайыпты сақтай бермек. Осылайша, өлең ағашына ұмсынған қолдар әр сәт сайын одан бірдемелерді үзіп алады. Алайда, үзілген жемістердің саны үнемі артады... иә, сезіп түйсінген нәрселерде де, жаңадан шыққан көшеттерде де біркелкілік болмайды. Себебі, оған сезімдер, ойлар, ниеттер, көзқарастар мен мәдениеттер шынайылықты, талғамды және әсемдікті сыйлайды. Иә, өлең – санада пісетін ой-пікір, сондай-ақ, тіл аспаптарымен дыбыстандырылатын әуен, бірақ, оны шынайы тереңдікке жеткізетін және оған шынайы түстер сыйлайтын тек ақынның сенімі, пайымы, мәдениеті, махаббаты және ой өрнегі. Жүректің қазанында әбден пісіп, толықтай бір қалыпқа келген сөз, сеніммен, пайыммен және мәдениетпен де қанаттанған болса, бұдан былай ол биік белестерден асып, руханилердің қызғылықты әңгімесіндегі түпкі мәніне жетіп, хикмет сарқырамасындай буырқана соққылаған әрбір жерде керемет әсер еткендей болады... ал, айтқысы келген мәселенің түпкі нүктесін тауып, толғанғанда, сөзді түсінетіндердің рухтарында Исрафил (ғ.с) кернейінің үніндей жаңғырады.
Мақсатсыз, рухсыз, орынсыз сөздер көкжиегімізді көлегейлеген мына заманда шынайы өлеңді шөліркей аңсағанымыз анық, алайда, мен мына аңсарымыздың өзін суреттеуге дәрменсіз екенімді мойындағым келеді. Ал, мұндай мақаланың көлемі де соншама қолжазбаны көтеруге дәрменсіз.