Мәңгілік сұлулық және ақырет

Көктем мезгілінде құстардың әсем ән салып, сайрауы мен судың сылдырап аққан ағысын тыңдайық. Барлық жасыл өсімдіктер мен ағаштардың лағыл тастай сұлулығын, күннің батуы мен шығуын және бұлтсыз түндегі аппақ күмістей жарық айдың сұлулығын тамашалайық. Ғаламда болып жатқан әсемдіктердің бәрін көз алдымызға елестетіп көрейікші!

Міне, осы таңғажайып сұлу суреттер Аллаһ Тағаланың суреттеуге тіл жетпес шексіз сұлулығының жер шарындағы көріністері. Бір-бірін толықтырған кішкентай көріністермен бізге өзінің сұлулығын паш етуде. Біз де Оның осы шағылдарындағы сұлулықты тамашалап, көз айыра алмаймыз, тіпті естен тануға бармыз.  Ол өзін сұлулық арқылы танытқысы келеді, біз де Оны тануға ұмтыламыз.

Егер осы сұлулықтарды тамашалап отырғанымызда кенеттен пердені жауып,  бізді қараңғы түнектің қалтарысына қалдырған болса, онда нығметтер азапқа, махаббат зұлымдыққа, ақыл болса азап шектіретін бір аспапқа айналар еді. Алайда, Жаратқанды танытатын бұл сұлулық сұмпайылық біткеннен ада әрі пәк.

Негізінде, нығметті нығмет еткен, ақылдың әр нәрседен ләззат алуына бірден-бір себеп болған – сол нығметтердің толассыз жалғасын табуы. Сондықтан, Аллаһ Тағала өзінің мәңгі әрі шексіз сұлулығын бізге әрдайым көрсету үшін басқа бір орын дайындап, бізді сол әлемде қайтадан тірілтіп, шексіз нығметтерін, сұлулығы мен жомарттығын бар сән-салтанатымен тамашалатады.

Оның сұлулығы мәңгілік. Олай болса, сұлулықтың сырлы құпиясы жалғасын табатын мәңгілік бір әлем бар. Бұл дүниеде өткінші ғұмырдай көрінген сұлулықтар ол жерде мәңгілікке жалғасын таппақ. Иә, осы өмірде Аллаһ Тағаланың көркем есімдерінен төгілген шағылдардың сұлулығынан басымыз қалай айналса о дүниеде Аллаһ Тағаланың өз сұлулығын көріп есімізден танатын кез келеді.

«Ол күні (қуанышқа кенелгендердің) жүзі жарқын болады. Раббысына қарап тұрады».[1]


[1] Қиямет сүресі, 75/22-23.